Әлем • 11 Сәуір, 2018

Әзербайжанда президент сайлауы басталды

332 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Әзербайжанда президенттік сайлау өтіп жатыр. Дауыс беру жергілікті уақыт бойынша таңғы 08:00-де басталды.

Әзербайжанда президент сайлауы басталды

Сурет: sputnik.az

Қазіргі кезде Баку қаласындағы сайлау учаскелерінде дауыс беруге келген тұрғындардың қарасы көп.

Ел басшысын анықтайтын шараға шенеуніктер де белсенді түрде қатысып жатыр. Мәселен, Экология және табиғи ресурстар министрі Гусейн Багиров №7 сайлау учаскесіне келіп дауыс берген. Сондай-ақ, Мемлекеттік қауіпсіздік қызметінің басшысы, генерал-лейтенант Мадат Гулиев те өз таңдауын жасады. Президент көмекшісі Али Гасанов та дауыс беру рәсіміне келді.

Ел тұрғындары күні бойы 5426 тұрақты, 215 уақытша сайлау учаскесі мен 125 сайлау округтерінде өзі таңдаған кандидатты қолдап дауыс бере алады.

Орталық сайлау комиссиясы ресми сайтында сайлау барысын тікелей эфир арқылы таратып жатыр. Елдегі 119 сайлау учаскесінде веб-камера орнатылған, сонымен бірге бес миллионнан астам электораттар бар.

Айта кетерлігі, президент сайлауын 894 халықаралық және 58 175 жергілікті бақылаушы қадағалап отыр.Орталық сайлау комиссясы бес рет, 10:00, 12:00, 15:00, 17:00 және 19:00-де шараның қалай өтіп жатқаны туралы мәлімет таратады. Сайлау кешкі сағат 19:00-де аяқталады.

Абай Отар,

«Егемен Қазақстан»

Баку