Футбол • 11 Сәуір, 2018

Ежелгі Рим ертегісі

590 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Сонау 1984 жылы «Рома» Чемпиондар лигасының жартылай финалына шыққан еді. Міне, содан кейін араға 34 жыл салып Рим қаласының футбол командасы клубтық деңгейдегі басты турнирде сол жетістігін қайталап отыр.

Ежелгі Рим ертегісі

«Рома» ширек финалда «Барселонаға» қарсылас атанған кезде, римдік жанкүйерлердің көңілі түсіп кетті. Әрине, құрамында Месси мен Суарес секілді сайыпқырандары бар командаға қарсы ойнау молаға жүгіргенмен тең. «Барселонаның» да әлемдегі көптеген фанаттары жеребе жолдас болды деп, бөркін аспанға атты. «Ноу Камптағы» алғашқы ойын 4:1 болған соң, бұл күмәннің беті одан әрі сейіле түсті. Тек ойынның соңына қарай Эдин Джеконың соғып кеткен голы көңілге кірбің түсірген.

Жауапты ойын алдында осы голдың маңызды екені анық сезілді. Егер «Рома» өз алаңында 3:0 есебімен жеңіске жететін болса, келесі кезеңге өтуі мүмкін. Үзілгелі тұрған үміт жібін шабуылшы Эдин Джеко ойынның 6 минутында қайта жалғады. Дегенмен, әлі де 2 гол керек. Ол екі голды соғамын деп жүргенде қақпаға Месси бастаған мықтылар бір гол соқса – онда бәрі күл талқан болады. Қорғанысты мығым ұстап, шауылда ширақ қимылдау қажет еді. Сол баяғы Джеко Пикемен алысып жүріп, айып алаңында құлап қалды. Жерар Пике алып шабуылшыны қолынан тартып құлатқанын төреші анық байқады. Пенальтиді Де Росси дәл орындады. Одан кейін кездесудің қаһарманы босниялық шабуылшы Эдин Джеко бұрыштама добын көтеретін мүмкіндік жасады. Сол бұрыштамаға келген қорғаушы Костас Манолас Тер Штегеннің терлеп қорғаған қақпасына үшінші голды соқты. Ғасырлық тарихы бар «Олимпико» стадионы мұндай ғажапты көрмегеніне біршама болған. Бұл нағыз Ежелгі Рим ертегісіндей еді. «Рома» Чемпиондар лигасының жартылай финалына өтті.

Соңғы рет «Рома» 1984 жылы тәуір өнер көрсетті дедік. Сол жылы олар плэй-оффтың 1/8 финалында Софияның ЦСКА клубымен кездеседі. Атағынан ат үркіп тұрған болгариялықтарды жеңудің өзі оңайға соқпаған. Бір қызығы сол кезде «Ромаға» қарсы өткен 2 ойында ЦСКА сапында қызылордалық «Қайсардың» қазіргі бас бапкері Стойчо Младенов алаңға шыққан. ЦСКАны айналып өткен соң италиялықтар ширек финалда Берлиннің «Динамо» командасымен күш сынасады. Осы ойындарда команданың жартылай қорғанысында кейіннен атақты бапкер болған Карло Анчелотти өнер көрсеткен. Швед бапкері Нильс Лидхольмнің бастауымен «Рома» финалға шығып, онда «Ливерпульге» пенальти сериясында жеңіліп қалады. Айтпақшы, «Манчестер Сити» командасын екі ойында да жеңген «Ливерпуль» биыл «Ромамен» тағы да кездесіп қалуы ықтимал. Оны 13 сәуір, жұма күні болатын жеребе шешпек. Жеребені атақты украин шабуылшысы Андрей Шевченко жүргізеді.

«Рома» - «Барселона» 3:0

Голдар: Эдин Джеко 6, Даниэле Де Росси 58 (пенальти), Костас Манолас 82.

Ермұхамед МӘУЛЕН,

«Егемен Қазақстан».