Қазақстан • 12 Сәуір, 2018

Байқоңыр, ғарыш және отандық ғылым

15930 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Ғарышты игеру бүгінде өркениетті әлемнің басты мәселесіне айналғаны анық. Бұл сала Жер шарындағы экономикалық дамудың, адамзатқа қажетті түрлі игіліктерді жүзеге асырудың маңызды тетігі десек те болады. Қазіргі таңда ғарышты игеруде Қазақстан белсенді іс-қимылымен ерекшеленуде. 

Байқоңыр, ғарыш және отандық ғылым

Бұл сөзімізді еліміздің әлемдік ғарыш державаларының қатарына енгендігі растай түседі. Осынау сала қазірдің өзінде елімізге табысын бере бастады. Тәуелсіздік жылдарында өзіміздің жер серіктеріміз дөңгеленген дүниені шарлап, Қазақстанның телекоммуникация саласының қарқынды дамуына ықпалын тигізуде.

Қазақ ғарышкерлерінің шоқтығы биік

Аталған жетістіктерді саралай келе, Ха­лық­­­аралық ғарыш­кер­лер күнінің Қазақстан үшін маңызды мереке екенін аңғаруға болады. Осы орайда, халқының саны жағынан елімізді он орап алатын талай мемлекеттің өз ғарышкерлерін ұшыра алмай отырғандығы еске түседі. Бүгінде қазақтың үш ғарышкері – Тоқтар Әубәкіров, Талғат Мұсабаев пен Айдын Айымбетовтің кеу­де­лерінде Тәуелсіз Қазақстан­ның ең жоғарғы наградасы – «Ха­лық Қаһарманының» Алтын жұлдыз­дары жарқырап тұр.

Олардың өлшеусіз еңбектері мен жанкешті әрекеттері қазақ ғылымының дамуына да сү­белі үлес қосты. Бұл бір ғана мысал. Мәселен үшінші ғарышкеріміз – Айдын Айымбетовтің өзі ға­рыш кеңістігінде қазақ ғалым­да­рының тапсырысы бойынша физика-техникалық, медико-биологиялық бағыттағы 20-ға жуық ғылыми тәжірибе жүргіз­ді.­ Олар­дың барлығы отандық ғылымды дамыту үшін аса қажет жобалар болатын. Тәжірибе ба­рысында кейбір заттардың тар­тылыс күшінен тыс ғарыш кеңіс­тігінде қандай күйге түсе­тінін, Арал теңізінің түбі мен Каспий аймағындағы мұнай кен орын­дарының орналасуын, ауа райын бақылауға септігі тиетін мұздықты тауларды, шикізат тасымалында пайдаланылып отырған құбырлардың желісіне дейін ғарыштан байқап көрген.

Қазір бұл жобалар бойынша ғылыми- зерттеу жұмыстары жүр­гізіліп жатыр. Сонымен қатар А.Айым­бетов арнайы камерамен ғарыш кеңістігіндегі гамма сәу­­лелерін түсірген. Бұл зерт­теу­дің медико-биологиялық ма­­ңызы зор. Ғалымдарымыз ал­дағы уақытта осы материалдар­ды пайдаланып, радиация сәулесін кең көлемде зерттей алады. Бұл – ғарышқа сапар шеккен бір ғарышкердің ғана ғылымға қос­қан үлесі. Тоқтар Әубәкіров пен Талғат Мұсабаев та мұндай ауқым­ды тәжірибелерді жүзеге асырған болатын.

Тәуелсіз елдің тәуекелі

Биыл Қазақстанның ғарыш саласына дербес мемлекет есебінде маңыз беріп, осы тұрғыда бағыт-бағдарын айқын­дай бастағандығына ширек ғасыр толды.  Осыдан 25 жыл бұрын, яғни 1993 жылдың ақпан айында Пре­зидент Жар­лығымен отандық ғарыш саласын дамы­туға өкілетті мем­лекеттік орган құрылды. Бү­гін­де ол «Қазғарыш» атты іргелі ұйым­ға айналды.  Бұл тарихи сәт жоқтан бар жа­сап, ғылымға негізделген жаңа саланы да­мытудың бастауы болатын.

Алдымен 1994 жылы Қазақ­стан мен Ресей Байқоңыр ғарыш айлағын сақтап қалу мен қалпына кел­тіру мақсатында «Байқоңыр ғарыш айлағын пайдаланудың негізгі принциптері мен талаптары» көр­сетілген мемлекетаралық келі­сімге қол қойды. Елдегі ға­­­рыш­тық құры­лымдардың инфра­құрылымы жүйеленді. Ға­рыш саласын дамытуға бағытталған стра­тегия­лық бағыттар бойынша арнаулы кәсіп­орындар құрылды. Ғарыш саласынан хабары бар, жетік білетін ғылыми және ин­же­нерлік мамандар құрамы бе­кітілді.

Ресей, Украина, Франция, Гер­ма­ния, Қытай, Үндістан, Ұлы­британия, Израиль, Нидерланд, Швеция, Жапония, Оңтүстік Корея, Тайланд, Біріккен Араб Әмір­­лік­тері, Сауд Арабиясы және­ Иран тәрізді мемлекет­тер­мен ғарыш кеңістігін бейбіт мақсат­тарда зерттеу мен пайдалануға байланысты келісім­дерге қол жетті. Бүгін­де Қазақстанның ғарыш­тық дер­жа­ваға айналғандығын әлемдік қоғам­­­дастықтың мойындауынан, қол жет­кізіл­ген толағай табыстардан көруге болады.

Қыруар қаржы үнемделуде

Елбасы Н.Назарбаев Қазақ­стан хал­қына «Төртінші өнеркә­сіптік револю­ция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкін­діктері» атты Жолдауында «Бүгінде әлем Төр­тінші өнеркәсіптік революция дәуіріне, тех­но­логиялық, экономикалық және әлеумет­тік сала­лардағы терең және қарқын­ды өзге­ріс­тер кезеңіне қадам ба­сып келеді» деген болатын. Яғни алдың­ғы қатарлы технологияларды экономиканың барлық саласында қолдану ұсынылып отыр. Де­мек, бұл мәселе ғарыш саласын да айналып өтпейді.

Қазіргі уақытта отандық «KazSat» ғарыш­тық байланыс жүйесі екі жер серігімен бір­ге табысты жұмыс жасап тұр.­ Олар­дың не­гізгі және жер үс­тін­дегі қосалқы бас­қару ке­шен­­дері бар. Бұл жүйе еліміздің аума­ғын­­да спут­никтік байланыс пен те­ле­ра­дио хабарлар таратуды­ ­қам­­­­тамасыз етіп, соны­­мен қатар мем­лекеттік органдардың, ұлт­­­тық компаниялардың және же­ке­ ұйым­дар­дың сұраныстары бойын­ша деректерді беріп, шалғайдағы ауылдардың ұялы байланыс қызметін пайдалануына септігін тигізіп келеді.

Сондай-ақ «KazSat-3» қыз­ме­ті­нің қызы­ғын «Отау ТВ» жүйе­сінің 1 миллиондай пайдаланушысы көріп отыр. Бұған қоса тек 2017 жылы ғана «KazSat» байланыс жүйесі қа­зынаға 5 млрд теңгеден аса кіріс түсі­ріп, шетелдік спут­никтердің қыз­метін пайдалануды азайту арқылы 12 млрд теңге үнемдеп қалған.

Биыл пайдаланыла бастаға­ны­на төр­тінші жылға аяқ басқан жер бетін зондтау жүйесі ауыл­ ша­руашылығы, төтенше жағдай­лар, экология және табиғатты пай­далану, жерді пайдалану, геодезия, картография, қорғаныс пен ұлт­тық қауіпсіздік салалары үшін тәуелсіз, шынайы ақпаратты жедел алуға қол жеткізді.

Жер бетін қашықтықтан зондтау қазір екі бірдей ғарыштық ап­парат арқылы жүзеге асы­ры­луда. Осы жүйе арқылы өткен жылы жер­дің үстіңгі қабатының 11,5 млн шаршы шақырымын суретке түсіруге 1,2 млрд тең­­ге жұм­салған. Осы ретте шетелдік­тер­дің көмегіне жүгінсек 12 млрд теңгеге шығын­далар едік.

Қашықтықтан зондтау жүйе­сі пай­далануға бе­рілген 2015 жыл­дан бері 570 млн шаршы шақы­рым таспаға түсіріліп, 30 млрд теңге үнемделген. Жал­пыл­ай алғанда, тек өткен жыл­дың өзінде ғана ғарыштық түсі­рілімдер мен байланыс қызметі үшін 24 млрд теңгенің өз қал­тамызда қалуына ықпал етті. Бұл қаражат, сайып келгенде шет­елдік ком­паниялардың табысын арттыру үшін емес, жер­гілікті жер­де көптеген бастамалардың жү­зеге асуына, жаңа жұмыс орын­дарының ашылуына жұмсалуда.

«Бәйтерек» биікке самғайды

Ғарышты игерудегі Қазақ­стан­ның басым­дықтарының бірі – «Бәйтерек» жобасының стра­тегиялық маңызы жоғары. Атал­ған жоба Байқоңыр ғарыш айлағын сақтап қалу мен дамы­туға мүмкіндік береді және ком­мер­циялық ұшудың әлемдік на­ры­ғына жол ашады.

«Бәйтерек» экологиялық қа­уіп­с­іздігімен де ерекше. Ол Қа­зақ­стан мен Ресейдің «Зенит М» ғарыштық зымырандық кешені инфрақұрылымы аясында жүзеге асырылып, гептил отынын пайдаланатын атышулы «Протонның» орнын басқалы тұр. Демек, зымы­рандардың уақыт өте қоршаған ор­таға тигізер кері әсері азаятын күн алыс емес.

«Бәйтерек» ғарыштық зымыран кешенінен алғашқы ұшу 2022 жыл­ға жоспарланған. Сондай-ақ отандық зымыранды жер серікт­ерімен қатар, басқарушысы бар жаңа буын кемелерін ұшыруға пайдалануға болады. Бүгінгі күні «Бәйтерек» жобасын жүзеге асы­руға байланысты 2017-2022 жылдарға арналған Жол картасы жасал­ған, сондай-ақ техникалық-эконо­микалық негіз­демесі жасақталуда.

Биылғы жылдың басты жоспары ре­тінде Қазақстанға Бай­қоңыр айлағының 42,43,45 ұшыру алаңдарында орналасқан «Зенит М» кешендерін тапсыру рәсімін айтуға бо­ла­ды, оны әрі қарай пайдалану Ресей Фе­дерациясымен бірлескен жоба­л­ар арқылы жүзе­ге асырылмақ. Жалпылай алғанда, «Бәй­терек» ана­ғұрлым модер­ни­за­ция­ланған елдердің, дамыған отыздықтың қатарына қосылуы­мыз үшін серпіліс беретін бірегей жоба екені анық.

Бүгінде еліміздің ғарыш саласын игерген қызметкерлердің 22 пайызы ғылымға жұмыл­дырылған, 39 пайызы әртүрлі са­нат­тағы инженерлер. Негізгі кә­сіби ма­ман­дардың 60 пайызы қазақстандық жоғары оқу орын­дарының түлектері.

Сайып келгенде, ғарыш ар­қылы қол жеткен жетістіктер біз­дің өмірімізге игі­лік ретінде дендеп енгендігін өзіміз аң­ғармай қалуымыз мүмкін. Күнделікті қолданыстағы ұялы телефон мен теледидардан бастап, ғарышпен тікелей байланыс және ғылым мен техникалық даму бір орында тұрған жоқ. Осы өркениеттің бастауында тұрған Қазақстанның бола­шағы жарқын боларын уақыттың өзі дәлелдейді.

Серік ӘБДІБЕК,

«Егемен Қазақстан»