Қазақстан • 13 Сәуір, 2018

Ерлан Сыдықов: «Елбасы оқулықтары» деп аталып жүр

832 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Айқын мақсатсыз, саналы мұратсыз адам да, билік құрылымы да, қоғам да өмір сүре алмайды». Осылай деп Нұрсұлтан Әбішұлы 1992 жылы 16 мамырда «Егеменді Қазақстан Республикасының қалыптасу және даму стратегиясы» атты бағдарламалық еңбегінде жазған еді.

Ерлан Сыдықов: «Елбасы оқулықтары» деп аталып жүр

Ел алдына қойған осы көреген жоспар тарих өлшеміндегі қас-қағым уақытта шындыққа айналды. Әлем мойындаған еңселі ел, тұғырлы мемлекет болдық. Елбасы ұсынған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы халқымыздың тұтастай көңілінен шықты. Бір жыл ішінде елеулі жұмыстар атқарылды. Жоспардағы жұмыстар да аз емес. Осылайша қоғам айқындалған тұрақты даму төңірегіне топтаса білді. Елбасы қалыптастырған «жаңашыл білім» дәуірі елге серпін берді.

Халық арасында қазірдің өзінде «Елбасы оқу­лықтары» деп аталып кеткен «100 жаңа оқулықтың» ал­ғашқы он сегізінің жарыққа шығуы – сөз жоқ, тарихи оқиға. Әлемдік классикалық оқулықтардың қазақ тіліне аударылуының мультипликативті әсері бар. Біріншіден, ағылшын тілінен ана тілі­мізге төте аудару тілді байытады. Екіншіден, ұлт терминологиясының дамуына кең жол ашады. Үшін­шіден, қазақ тілі грамматикасының құлашын кеңейте түседі. Төртіншіден, өрелі тәжірибені шыңдап, заманауи аударма мектебін қалыптастырады. Айдан анық ақи­қат: тілде шекара болғанмен, мида, санада шекара жоқ. Әлемдік үлгідегі оқулықтар Президенттің бастама­сымен барлық жоғары оқу орны үшін міндетті норма­ға айналуда. Білім және ғылым министрлігінің қол­дауымен жаңа гуманитарлық ғылымдар кафедра­лары ашылып, күшейтілуде. Осылайша бәсекеге қабі­летті, жаңашыл маман даярлаудың іргетасы қалануда.

Осы кітаптардың әлеуетімен оқулық деген ұғымның мазмұны да өзгерді. Бұрын «оқулық – пән туралы қысқаша стандартты білім» дегенді білдірсе, енді «оқулық – ғылымға кіріспе» деген формулаға айналды. Таяу кезеңде «жүз оқулық – мың оқулыққа» жалғасатынына кәміл сенеміз. Қазақстан азаматтары үшін «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» еңбегі – «өмірлік оқулықпен» пара-пар.

Тарихта ұлт болашағын айқындаған бағдарламалар, жарқын істер болған. Бірақ олар санаулы. Джавахарлал Неру, Уинстон Черчилль, Томас Джефферсон, Мұс­та­фа Кемал Ататүрік, Ли Куан Юдің қажыр-қайраты мен еңбектерін атауға болады. Бізге тәуелсіздік дәуірінде Елбасының терең идеяларына негізделген «дамудың қазақстандық жолын» көру бақыты бұйырды.

Ал енді «Рухани жаңғыру» бағдарламасымен бірге шынайы өмірімізге «ұлттық код», «киелі орындар», «қасиетті Қазақстан», «латын әліпбиі», «сананың ашықтығы», «білім салтанаты», «өнегелі тұлғалар» деген жаңа ұғымдар енді. Еліміздің бүгініне және ертеңіне жауапты қалың көпшілік «осы ұлттық құндылықтар заңдастырылса екен» дейді. Тіпті мұны Ата Заңымызға енгізсек те артық болмас еді. 

Бірлік пен жасампаздық, ізденіс пен серпіліс аясындағы классикалық оқулықтар жаңа әлемдегі жаңа Қазақстанға олжа да салады, абырой да әпереді деп сенеміз.

Ерлан Сыдықов, 

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ ректоры