Қазақстан • 13 Сәуір, 2018

Мәулен Әшімбаев: Стратегиялық маңызы бар ауқымды жоба

293 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Осыдан тура бір жыл бұрын жарияланған Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақа­ласында ұлттық құндылықтарды дәріптеумен қатар, әлемнің озық тәжірибесін меңгерудің тиімді тетіктері де қатар көрсетілген болатын. Осы бағытта қолға алын­ған көптеген жобалар бүгінде өз нәтижесін бере бастады. «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жоба­сы аясында жарық көрген жа­ңа кітаптар соның айқын дә­лелі. 

Мәулен Әшімбаев: Стратегиялық маңызы бар ауқымды жоба

Жалпы, жастарымыздың жоғары ғылыми стандарттарға сай білім алуы қашанда Елбасымыздың басты назарында. Сондықтан да тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы қиын-қыстау кезеңге қарамастан талантты да талапты жас буынды әлемнің алдыңғы қатарлы оқу орындарына жіберіп, олардың сапалы білім алуына барлық жағдай жасалды. Іргеміз нығайып, еңсеміз тіктелген шақта елімізде де сондай оқу орындарын ашып, отандық білім беру жүйесінің жан-жақты дамуына жол ашылды. Енді міне, сол игі істердің заңды жалғасы ретінде Мемлекет басшысының тікелей бастамасымен «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы жүзеге асырылып отыр. Сондықтан бұл бастаманы ең алдымен Елбасымыздың жастарға деген ұдайы қамқорлығы мен қолдауының жемісі деп баға­ла­ғанымыз жөн.

Әлеуметтік және гумани­тарлық салада әлемдік шедевр саналатын әрі дүние жүзінің ең үздік жоғары оқу орындарында оқытылатын оқулықтардың қазақ тіліне аударылуы, сөз жоқ, мультипликативті әсер беретін ауқымды бастама. Өз басым ғылымға қатысы бар азамат ретінде бұл игі істі ерекше қуанышпен қабылдадым. Сондай-ақ тарихымызда алғаш рет жүзеге асырылып отырған бұл бастаманы тәуелсіздігіміздің жемісі және жеңісі деп те қабылдауға әбден болады.

Қолымызға тиген 18 оқу­лық­тың қайсысын алып қарасақ та отандық ғылымның дамуына және білім беру ісінің одан әрі жетілуіне өлшеусіз үлес қосатын еңбектер екенін аңға­ра­мыз. Мәселен Гарвард универ­ситетінің профессоры, эконо­мист Николас Грегори Мэн­кью мен Вашингтон универ­си­теті бизнес мектебінің деканы Марк Тейлор жазған «Эконо­микс» оқулығында қаржы дағ­дарысы мен оның себептері, дағдарыстан кейінгі әлем және жаңа теориялардың пайда болуына қатысты тың деректер келтірілген. Экономика қай кезде де бүкіл әлемнің ең бас­ты мәселесі екенін ескерсек, бұл оқулықтың қаншалықты маңызды екені айтпаса да түсінікті. «Экономикстің» атақты Оксфорд, Кембридж универ­ситет­терінде оқытылуының өзі-ақ көп жайттан хабар береді.

Сонымен қатар жоспарлау, жүргізу, ұйымдастыру және бақылау ісінің қыр-сырын түсіндіретін «Менеджмент» атты оқулықты да ерекше атап өтер едім. Гарвард бастаған әлемнің маңдайалды алты бірдей жоғары оқу орнында оқытылатын бұл еңбекте жасыл технологиялардың әлемдік менеджментке әсері, басқару саласындағы жедел өзгерістерге бейімделу және тағы басқа өзекті мәселелер қамтылған. Давос Бүкіләлемдік экономикалық форумының негізін қалаушы және президенті, әлемге әйгілі экономист, профессор Клаус Швабтың қаламынан туған «Төртінші индустриялық революция» кітабының да қазақ тіліне аударылуы отандық ғылымның дамуына елеулі үлес қосатыны сөзсіз.

Жалпы алғанда философия, әлеуметтану, психология, экономика, менеджмент, кәсіп­керлік, дінтану, лингвистика, мә­дениеттану, антропология, жур­налистика ғылымдарын қамти­тын бұл оқулықтар жастары­мыздың әлемдік озық үлгіде білім алуына даңғыл жол ашып отыр. Сондай-ақ атал­ған кітаптар өзіміз өмір сүріп отырған қоғамды тануға, әлем­дегі жаңа тенденциялардың мәні мен маңызын түсінуге мол мүм­кіндік береді.

Жобаның тағы бір игілігі ретін­де тіліміздің дамуына қажет­ті ғылыми мазмұн мен лекси­каның одан әрі жетіле түсуін айтуға болады. Отандық оқу орындарының әлемдік биікке көтерілуіне, олардың халықаралық деңгейде жұмыс істеуіне де мол мүмкіндік туып отыр. Бұл бастама елімізде аударма мектебінің жандануына және ғылыми терминологияның дамуына да оң әсерін тигізіп жатқаны анық.

Әзірге тек жобаның бірінші кезеңі ғана аяқталды десек, осы аралықта ауқымды жұмыстар атқарылғанын аңғару қиын емес. Қазақ тіліне аударылатын оқулықтарды іріктеуден бас­тап, олардың авторларымен және патент иелерімен келіс­сөздер жүргізу, отандық ғалым­дардан келіп түскен ұсыныс­тарды сараптау, әр салаға қа­тысты терминдерді саралау, мәтін­дерді әдеби және ғылыми редак­ция­лаудан өткізу және оқулық­тың мұқабасы мен дизай­нына дейін жүйелі әрі тыңғы­лықты жұмыс жүргізілгені анық байқалады. Аударма ісіне де кәсіби білікті мамандар жұмылдырылған. Ең басты атап өтетін жайт, бұл оқулықтардың 40 пайызға жуығы бұған дейін де орыс тілінде басылғанына қарамастан, барлығы қазақ тіліне түпнұсқадан аударылған.

Осы ретте мына бір жайтқа ерекше назар аударған жөн. Бүгінде әлемдегі ғылыми жаңалықтардың басым бөлігі ағылшын тілінде жарияланады. Оны қазір ешкім жоққа шығара алмайды. Сондықтан біз елімізде ғылым мен білімді дамытамыз, әлемнің ең дамыған 30 мемлекетінің қатарына қосыламыз десек, әлемдік ғылым және білім кеңістігіне батыл қосылуымыз керек. Елбасымыз да осы мәселеге ұдайы назар аударып, ағылшын тілінің жан-жақты әсері бар екенін айтып келеді. Осы тұрғыдан келгенде қазақ тіліне аударылған жаңа оқулықтардың маңызы зор.

Елбасының тікелей бастамасымен жүзеге асырылып келе жатқан бұл игі істердің барлығы сапалы білім мен озық ғылым арқылы халықтың жағдайын одан әрі жақсартуға бағытталған. Сондықтан жастарымыздың бәсекеге қабілетті болып қалыптасуына, ана тіліміздің кең қанат жаюына және ең бас­тысы, отандық ғылымның өсіп-өркендеуіне мол мүмкіндік беретін жобаның алдағы уақытта да лайықты жалғасын табуына шын ниетіммен тілектестігімді білдіремін.

Мәулен ӘШІМБАЕВ,

«Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары