Қазақстан • 13 Сәуір, 2018

Қоғамдық ұйымдардың үндеуі

516 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Біз, Қазақстан жастары Мемлекет басшысының әлемдік деңгейдегі жаңа гуманитарлық білімді қалыптастыру жөніндегі бастамасын қолдай отырып, жаңа оқулықтар жастарымыздың, қоғамымыздың дүниетанымдық өзгерістеріне алғышарт болатынына сенімдіміз. 

Қоғамдық ұйымдардың үндеуі

«100 жаңа оқулық» жобасы отандық білім беру саласының дамуына тың серпін береді. Қазақ тілінің қолданыс аясын одан сайын кеңейте түсуге ықпалын тигізетін, қазақ тілінің ғылым тілі ретінде, сараптама тілі ретінде, бизнестің тілі ретінде дамуына себеп болатынын ескере отырып, еліміздің жоғары білім беру саласын жедел жаңғырту қажет деп санаймыз. 

Жаһандық деңгейдегі ғылыми еңбектердің қазақ тілінде қолжетімді болуы ғылыми-ағартушылық ортаның барлық бағыттар бойынша жан-жақты дамуына септігін тигізіп, ерекше мүмкіндіктерге жол ашады. 

Біз еліміздегі білім мен ғылым жалпы жаңғыру үрдісінің негізгі тірегі болуы керек деп санаймыз.

Ол үшін жоғары және жоғары білімнен кейінгі білім беру саласының мақсат-міндеттеріне кешенді ревизия жасап, оларды дамудың жаңа талаптарына сәйкестендіру қажет.

Орта білім беру жүйесіндегі өзгерістер динамикасы жоғары және жоғары білімнен кейінгі білім беру саласын да сапалы реформалау қажеттігін көрсетіп отыр. 

Табысты сынақтан өтіп, ең үздік әлемдік стандарттар бойынша жұмыс істеп жатқан Назар­баев зияткерлік мектептері мен Назарбаев Универ­си­те­тінің тәжірибелерін белсенді түрде енгізу қажет.

Білім берудің бәсекеге қабілетті үлгісін қалып­тастыру білім берудің әдістемесі мен оқулық­тардың мазмұны жетілдіріп, сұранысқа ие маман­дықтардың тізімін жаңартуды талап етеді. 

Тиісінше, жаңа міндеттерге сәйкес ұстаздардың білік­тілігін көтеру және студенттер мен оқыту­шы­лар­дың өзгерістерге дайын болуы мейлінше өзекті мәселе. 

Жоғары оқу орындарына академиялық дер­бестік қағидаларын енгізіп, басқару ісі мен цифр­лы тәсілмен білім беруді қамтамасыз ету керек. 
Түптеп келгенде, білім беру саласы адам капиталын қалыптастыруға, экономикалық білімді дамытуға және технологиялар мен инновациялардың трансфертіне бағытталғаны жөн. 

Рухани жаңғыру – адам өмірінің барлық тұстарын қамтитын үрдіс. 

Дамудың әрбір кезеңі бізге заман талаптарынан туындайтын жаңа міндеттер жүктейді. 

Жастар ұйымдары өз тарапынан осы міндеттерді жүзеге асыруға барынша қолдау білдіріп, жастардың оған жұмыла атсалысуы үшін еңбек ететін болады. 

«Қазақстан-2050» ЖҚ, «Жас Отан» ЖҚ, 
«Болашақ» ассоциациясы, 
«Қазақстан жастары конгресі» ЗТБ,
«Қазақстан студенттері альянсы» ҚҚ