13 Сәуір, 2018

Жаңа әліпбиді әлеумет жаппай қолдады

328 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында қолданыстағы кирил жазуын латын графикасына көшіру жайында көшелі ой айтылды. 

Жаңа әліпбиді әлеумет жаппай қолдады

Жүктелген міндетті жүзеге асыру мақсатында ғалымдар латын графикасының қазақ тіліне лайықталған нұсқасын жасауға кіріскен еді. Нәтижесінде, Пре­зи­денттің арнайы Жарлығы шығып, 2025 жылға дейін кезең-кезеңі­мен көшетін латын графикасы таңдалып, жетілдірілген нұсқа қабылданды. Елбасының латын таңбасына көшу туралы бастамасын алдымен қолдағандар қатарында Алматы облыстық тілдерді дамыту басқармасы тұр. Басқарма «Рухани жаңғыру» бағ­дарламасының аясында «Жаңа әліпби – жаңа дәуір бастауы» атты жұмыс тобын құрып, аймақ тұрғындары арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізген еді. 

– Шара барысында Жетісудың жетпістен астам елді мекенінде жұртшылықпен жүздесу ұйым­дастырылды. Есептесек, жалпы 12 000 адамның жаңа әліпби туралы толғандырған сауал­дарына жауап беріліпті. Яғни жаңа әліп­биді жетісулық әлеумет жап­пай қолдайды деп сеніммен айта аламын. Осылайша Елбасы жүктеген міндеттің болашақ үшін жасалған маңызды қадам екенін елге жеткізіп, адамдардың риза­шылығына ие болдық, – дейді Тілдерді дамыту басқармасының басшысы Айдар Башбаев.

Басқарманың «Рухани жаң­ғыру» бағдарламасы аясында қолға алған істері жалғыз бұл емес. Әсіресе тіл саясатын жүзе­ге асыруды әдебиет пен өнер­ді қолдау арқылы жүзеге асыру бағыты кең қолдауға ие болды. Мысалы, әдебиеттің үш буын өкілінің басын қосатын «Әдебиет – руханияттың діңгегі» атты әдеби шара өте қызықты өтеді. Сол сияқты басқарманың ұйытқы болуымен жарияланған «Мәңгілік елдің мұраты» атты ақындар мүшәйрасы да мәреге жетпекші. Қазақстан Жазушылар одағымен бірлескен тағы бір рухани шара – жас әдебиетшілердің «Жетісу көктемі» атты форумы да қыр астында. Осы шара­лардың барлығы да Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы жүкте­ген міндеттердің жемісі.

Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»

Алматы облысы