Әлем • 13 Сәуір, 2018

Жаңа замандағы тұңғыш жазғы Олим­пия ойындарының тарихы қандай?

871 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Осыдан 122 жыл бұрын, яғни 1896 жылы сан ғасырға созылған үзілістен соң Олимпиада қозғалысы қайта жанданып, Грекияның бас шаһары – Афиныда жазғы жаһандық доданың алауы тұтанған еді. Жаңа дәуірде тұңғыш рет ұйымдастырылған байрақ­ты бәсекеде 14 мемлекеттің өкілдері өнер көрсетті. 

 

Жаңа замандағы тұңғыш жазғы Олим­пия ойындарының тарихы қандай?

Францияда туып-өскен даңқты барон Пьер де Кубер­теннің бастамасымен тұңғыш рет ұйымдастырылған Олимпия ойын­дарында 241 спортшы бақ сына­ды. Бәсекелер ауыр атлети­ка, велоспорт, жеңіл атлети­ка, жүзу, күрес, нысана көздеу, сем­сер­лесу, спорттық гимнасти­ка және теннис секілді спорттың 9 түрінен өтіп, 43 жүлде жиын­тығын сарапқа салды. 

10 тәулікке созылған жарыс қорытындысы бойынша АҚШ құрамасы алдына жан салмады. Америкалықтар 11 алтын, 7 кү­міс және 2 қоланы олжалады. 

Грекия спортшылары екін­ші орынға жайғасты. Жарыс қожайындары 10 алтын, 17 күміс және 19 қоланы қоржынға салды. Үшінші орында – Германия. Немістер 6 алтын, 5 күміс және 2 қоланы иеленді. Сондай-ақ жүлде алғандар қатарында Франция (5+4+2), Ұлыбритания (2+3+2), Венгрия (2+1+3), Аустрия (2+1+2), Аустралия (2+0+0), Дания (1+2+3) және Швейцария (1+2+0) құрамалары бар. 

Ежелгі Эллада елінде АҚШ-тың 28 жастағы өрені Джеймс Брендан Коннолли өз есімін тұңғыш Олимпиада чемпионы ретінде спорттық шежіреге алтын әріптермен жазды. Ол жеңіл атлеттердің үш қарғып секі­ру сайысында 13 метр 71 сантиметрлік көрсет­кіш­пен өзге қарсыластарынан қара үзіп кетті. Одан бөлек, Коннолли сол жарыста биіктікке секіруде – күміс және ұзындыққа секіруде қола медальді мойнына ілді. 

Германиялық Герман Вайн­герт­нер Афиныда ең көп жүлдеге иелік еткен спортшы ретінде та­рихта қалды. Спорттық гимнас­тикадан өткен жарыста 32 жас­тағы неміс жігіті 3 алтын, 2 күміс және 1 қола медальді еншілеп, көрермендердің зор қошеметіне бөленді. Ал Германияның тағы бір гимнасшысы 29 жастағы Карл Шуман 4 алтын медальді кеудесінде жарқыратты. 

Міне, жаңа заманда тұңғыш рет алауы тұтанған жазғы Олим­пия ойындарының қысқаша тарихы осындай.

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,
«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар