Тарих • 13 Сәуір, 2018

Орбұлақ шайқасындағы ерлік үлгісі

1518 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

Биыл Орбұлақ шайқасын­дағы ұлы жеңістің 375 жыл­дығы республика көле­мін­де кеңінен тойланады. Оның жеңісті былай қойғанда, сол ұлт тағдыры шешілген оқи­­ға­ны атап өту өзінен-өзі бола салатын шаруа емес.

Орбұлақ шайқасындағы ерлік үлгісі

Тә­уел­сіз еліміз Орбұлақтағы та­ри­хи бетбұрыстың 350 жыл­дығын алғаш рет 1993 жылы атап өткені белгілі. Со­ған орай, сол тұстағы Қазақ Ми­­нис­трлер Кабинетінің 6 тар­мақтан тұратын арнайы қаулы қабылдағаны да есте. Сол құжатқа орай, елімізде бірқатар іс-шаралар жүзеге асырылды. Орбұлақ шайқасы өткен жерге ескерткіш-белгі­тас орнатылды. Ғылыми-тео­рия­лық конференция өтіп, кітаптар жарық көрді. Бірақ әртүрлі себептерге байланыс­ты құжатта белгіленген іс-шаралардың бәрі бірдей орын­­дал­ған жоқ. Сол алапат қырғында ерекше көзге түс­кен казақ-қырғыз батырлары мен қолбасшылар Салқам Жәң­гір ханның және сонау Са­мар­қаннан мол әскермен кө­мекке келген Жалаңтөс баһадүрдің аттарын ұмытпау, оларды мәңгі есте қалдыру туралы ұсыныстар толық жү­зеге аспады. 

Уақыт өте келе Орбұлақ шай­қасына қатысты ұшқары пікірлер де бой көрсетті. Оны әркім өз деңгейінде ба­ға­лап, халық ерлігінің қа­дірін түсіруге дейін барды. Солардың дені көрші им­­пе­риялардың кезіндегі бас­қыншылық саясатын жү­зе­ге асыру үшін қазақ даласына жүргізген барлау әрекет­терінің негізінде қа­­ғаз­­ға түскен екіұшты дерек­­­терге сүйенді. Бұл көзі­қа­рақты азаматтарды бейжай қалдырған жоқ, әрине. Әсі­ресе Белжайлау өңірінің тү­­легі, жазушы Бексұлтан Нұр­жекеұлы Орбұлаққа қа­тыс­ты көкейге қонымды тың­ тарихи деректерді түр­лі басылымдарда жариялап,­ үлкен жанашырлық, азаматтық белсенділік танытты. Жәң­гір ­ханның қабірі сол шай­қас өткен жерге жақын маң­да қараусыз, қоршаусыз жатқа­ны да белгілі болды. 

Бұған дейін тарихи, мәде­ни мұраларды түгендеуге ат­салысып, біраз тәжірибе жи­нақтаған маған да ой салды. Шайқас оңтүстіктен алыс­та­ғы Орбұлақта өтті дегенмен де, оған сол кезде қазақ хан­ды­­ғының астанасы болған Түр­­кі­станнан Салқам Жәңгір хан бастаған әскер аттанды емес пе?! Жолай оған осы өл­ке­ден мың-сан сарбаздар қо­сыл­ғаны анық. Басқасын айтпағанның өзінде, қасиетті Қа­зығұрттан Жақсығұл мер­ген бастап барған сарбаз­дардың жол тартқаны тарихи дәлелденген шындық. Ал енді сонау Самарқаннан қара жерді дүбірлеткен қалың қол­мен көмекке асыққан Жа­лаң­­төс баһадүрдің де Қазы­ғұрт арқылы өткені белгілі. Ба­һадүр бастаған әскерге де жолай қазақ ауылдарынан талай-талай елім, жерім деп еңіреген ерлер қосылмады дей­сіз бе. Солайы солай-ау,­ бі­рақ осынау ел мен ұлт бір­лі­гін, ұлттар бірлігін көрсететін ұлы оқиғаны келер ұрпаққа жеткізіп, айтып тұратын айбынды ескерткіштің жоғы қа­лай? Бұл қолға алатын идея еді.

Жер бетінде қанша адам, қанша халық болса, солардың баршасы тәуелсіздікке ұмты­лады, осы жолда бастарын бәй­геге тігеді. Ешбір пенде бі­реуге, басқа басқыншыға тә­уелді болғысы келмейді. Екі алып империяның ортасында болуға тағдыр жаз­ған жас Қазақ мемлекеті ұзақ­қа созылған соғыстар мен сұр­қия саясаттың салда­ры­нан одақтас іздеп жү­ріп,­ бо­дандыққа түсіп қал­ды. Қыс­қасы, біздің ата-­баба­ларымыздың өмірі тәуел­сіз­дікті сақтау, тәуел­діліктен құ­­тылу жолындағы қанды қыр­ғынға да, мылтықсыз май­­данға да толы болды. Еге­мендік арманға айналды. Сол мыңжылдық арманның жү­зеге асуын көру бақыты біздің маңдайымызға жазылыпты. 

«Тәуелсіздік жемістері» деген ұлы ұғым бар. Оны санап тауысу қиын. Солардың маңыздыларының бірі, біре­гейі десек те жарасар, өт­кен тарихымызда орын ал­ған ақтаңдақтарды жою, бұр­маланған қателіктерді қалпына келтіру, бір сөзбен қайыр­ғанда, өз тарихымызды өзіміз жазу. Егеменді ел атанған соң біз осындай­ құқыққа, мүмкіндікке ие бол­­дық. Бірақ бұл аса ма­ңыз­ды іске жұрт бірден жап­пай бұрыла салған жоқ, тіп­ті ел үміт артқан та­рих­шы­ларымыздың өзі ен­жар­лық,­ самарқаулық таныт­ты.­ «Францияны Франция еткен француздар емес, фран­цуздарды француз еткен ­Фран­ция» деген белгілі сөз­дің шы­ндығы бізге де анық көріне бастады. Алла абы­рой бергенде үлкен іс көп кешікпей үлкен үйден – Ақордадан бастау алды. Қай мәселені де тереңнен тол­ғап, алыстан қапысыз бол­жайтын Елбасымыз Нұр­сұлтан Назарбаев дер ке­зін­де, мемлекеттік дең­гейде «Мә­дени мұра» бағдар­лама­сын қабылдап, мәдени-та­ри­хи көштің ат-көлігін қам­дап, бағыт-бағдарын бел­гілеп, сара жолға салып бер­ді. Осы бағдарлама ая­сын­да өзіміздегілерге қо­са шет­ел архивтерінде еш­кім ке­рексінбей, іздеусіз, қоз­­ғау­сыз сарғайып жатқан мың-сан деректер жинастырылып, айналымға қосылып, жүйе­леніп, он-сан кітаптарға ар­қау болды. Көптеген ма­қалалар жарияланды. Қыруар жұмыс атқарылды. Бірақ жылдар, ғасырлар бойы уақыт шаң-то­заңына көмілген, тарихи нақты деректен аңызға айналған ата тарихымызды әлі де болса түгел аршып,­ ар­тық-ауыс пайымдардан тазартып, түгендеп ала қойған жоқпыз. Мұндай ауқымды іске уақыт керек екен, сонымен бірге, сананың жаңғыруы, пі­сіп-жетілуі де қажет болып шық­ты.

Келе-келе ұлттық құнды­лық­тарымызды түгендеуге, жоғалт­қанымызды іздеп-тауып, барымызды базарлау­ға­ тарихшы, жазушы аға­йын­­дармен бірге басқа сала­лар­дың өкілдері де араласа бас­тады. Себебі бұл тарихи мис­сияны абыроймен ат­қа­ру үшін ынта, ықылас, шы­найы патриотизм, білім ғана аздық ететіні байқалды. Көп рет­те қаржы тапшылығы да­ қолбайлау болып жатты. Сон­дай-ақ қарапайым ғана мы­сал, жер-су атауларына қа­тысты тарихи шындықты қалпына келтіру ісінде, кей жағдайда кәдімгідей дау-дамай туындап, Қазақстанның қол­даныстағы заңдарына, жал­пы юриспруденцияға, шетел­дердің іс-тәжірибесіне, мем­лекетаралық қаты­нас­тарға, ішкі және сыртқы сая­сатқа, аса шетін жай – ұлт­аралық мәселелерге жетік мамандардың қажеттігі білін­ді. Әсіресе жергілікті ұлт өкіл­­­­­дерінің үлес салмағы тым­ төмен өңірлерде жас еге­­­мен елдің кешегі тарихы­на қатысты кез келген қара­пайым мәселе, оп-оңай күр­ме­уі қиын түйінге айналып кетіп те жатты. Мен мұ­ны Сол­түстік Қазақстан облыс­тық сотына төраға болып бар­­ған тұста – 1999 жылы бай­­қадым және сол кезеңде «Мә­­дени мұра» мемлекеттік бағдарламасы қабылданып, сот төрағасының міндеттері ауқы­мынан шығып, қоғамдық жұ­мыс­тармен айналысуыма да жол ашылды. 

Ол кезде Солтүстік жұр­ты ұлт, тарих, ұлттық дәстүр­лер ту­ралы сөз қозғауға әлі үй­рен­­­беген кез еді, жергілікті би­­­ліктің де бұл орайда, қа­лып­­тасқан іс-тәжірибесі де жоқтың қасы болатын. Бей­нелеп айтқанда сірескен ақ қар, көк мұздың көбесі сө­гіл­­меген... Осындай кү­дік­ пен үміт қатарласқан жағ­­дай­­да заңгер әрі азамат ре­тінде жо­­ғарыда аталған бағ­дар­ла­ма­дағы міндеттерді орын­дау­ға бел шеше араласуыма ту­ра кел­ді.

Ә дегенде, бір қарағанда ұсақ көрінетін, алайда өңір үшін маңызды болып табылатын мәселелерді шешу ісіне қолұшын беруді бастап кеттім. Солтүстіктегі сот жұ­мысына қазақ тілін батыл ен­гізуді қолға алдық. Шетін мәселелерде бұқпантайламай, еңсе көтеріп, көптеген жиындарда төбе көрсетіп, өз ойы­мызды ашық айттық. Ұлт рухын түгендесек деп жүрген азаматтар бізді іздей бастады. Әр қилы ой-пікір, ұсыныс, идея­лар сот ғимаратына қа­рай ойысты. Біз ешкімнің кеу­десінен итерген жоқпыз, жетегінде де кетпедік. «Бұл біздің міндетімізге жатпайды», дегендей қашыртпа сөз айтпадық. Сөйтіп жүргенде, тарихтан аты өшуге айналған Қожа­берген жырау түйіні алды­мыздан шықты. Мәсе­ле­нің салмақты, күрделі еке­­нін біліп, оны тиянақты да­йын­­дықпен түйінін шешуге кіріс­тік. Сол уақытта «Жеті жар­ғы және Қожаберген жы­рау» атты халықаралық қайы­рымдылық қоры дүниеге кел­ді. Қарсылар шықты. Есесіне қолдаушылар көп болды. Та­рих­шылар, жазушы-жур­­налистер, құймақұлақ шежі­решілер Қожабергеннің атақ­ты жырау ғана емес, қол бас­таған батыр екенін де дәлел­деп шықты. Жыраудың бүкіл шығармаларын жинақтап, өмір­баянын түзіп, бірнеше кітап етіп шығардық. Қо­жа­­бер­ген Толыбайұлы орта­мызға қайта оралды. Бұл ар­қылы қанаттанған біз: «Өлке тарихы – тұлғалар тағдыры» тақырыбында халықаралық ғылыми-конференция өткі­зіп, Солтүстік Қазақстан ай­мағы­ның ұлы тұлғаларын бір түген­деп, ұлықтап шықтық. Сең ­қозғалды. Істі әрі қа­рай жал­­ғас­тырушылар, дамы­ту­шы­лар көбейді. Бұл біздің бас­­­ты жеңісіміз еді.

Қызмет бабымен біраз уа­қыт Маңғыстау облысында болғанда да руханиятқа жан­ашырлық мәселесі бір сәт естен шыққан жоқ. Енді Оң­түс­тік Қазақстанда да бұл жұмыстарды жандан­ды­­­ра түсуге тура келді. Қа­зағы қалың, ұлттық салт-дәс­­­түрлері жақсы сақталған ай­мақт­ың да бұл орайда, өзін­дік проб­лемалары бар екен...

2017 жылы бізді Орбұлақ шайқ­асындағы халық ерлігін мәң­­гі есте қалдыру идеясы қат­­ты толғандырды. «Із­де­­­ген­­­ге – сұраған» дегендей,­ осы сәтте Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Болашақ­қа бағдар: руха­ни­ жаңғыру» атты бағдарла­ма­лық мақа­ласы жарық көріп, біз­ге ғана емес, бүкіл елге қозғау сал­ды. Енді ойдағы идея­ны жүзеге асыруға шын­дап кірістік. Ойға алған ес­керт­кіш орната салу оңай шаруа емес. Ескерткішті орнататын лайықты орын – жер керек, республикалық арнайы комиссияның рұқсаты қажет, көпшіліктің қолдауы деген тағы бар. Мұның үстіне біз ке­шен­ді ескерткіш орнатумен бірге, Орбұлақ шайқасы тақы­рыбында ғылыми-теориялық кон­ференция өткізіп, сол шай­қастағы ұлы жеңістің 375 жыл­дығын республикалық дең­гейде тойлау үшін оны атау­­лы күндер тізбесіне ен­гізу мәсе­лесін де қоса кө­тер­­­­­дік. 

Кешенді әрі айбынды ес­керт­­кіш жасау ісі ауқымды ұйым­дастыру шараларын ке­рек етеді. Оны атқардық та. О баста бір ғана мені маза­ла­ған идеяның уақыты келген­де Оңтүстік Қазақстан об­лыс­тық әкімдігі, Мәдениет және спорт министрлігі, сон­дай-ақ Білім және ғылым минис­трлігі, Ш.Уәлиханов атын­­дағы Тарих және этнология институты, М.Әуезов атын­дағы Оңтүстік Қазақстан мем­лекеттік университеті, тағы басқа ұжымдар мен көп­­теген азаматтар қызу қол­дады. Ескерткіштің ашылуы Шымкент қаласында «Ұлт тарихындағы Орбұлақ шай­­қасы: Ұлы жеңістің ақи­қаты және маңызы» атты ха­лық­­аралық ғылыми-конференция өткізетін болып бәтуаластық. Осы екі ортада, Шымкент-Ташкент ха­лық­аралық күре­ жолының Ша­рап­хана елді­мекені тұсын­дағы биік жотада басқа да ескерткіштер қата­рын то­лық­тырып, Орбұлақ шай­қасындағы жеңістің 375 жыл­­дығына арналған ерек­ше­ мемориалдық кешен бой көтерді. Оның хас бе­тін­де Жәңгір хан мен Жа­лаң­­төс баһадүрдің ат үс­тін­­­дегі бейнелері алыс­тан мен мұндалайды. Ал осы­­нау «Ба­тыр бабалар» мемориал­дық кешені орналасқан алаң­ның сыртқы жағын тұтас­тай тұйықтайтын гранит қа­быр­ғада бірнеше паннолар орналасқан. Оның бірі «Ақтабан шұбырынды, Алқа­көл сұлама» атанған зар заманды бейнелейді. Екіншісінде Орбұлақ шайқасының кө­рі­ністері айшықталған. Пано­рамалық қабырғада ұлы же­ңіс­ке қол жеткізуде ерекше көз­ге түскен екі қолбасшымен бір­ге Шапырашты Қарасай, Ар­ғын Ағынтай, Алшын Жием­бет, Қаңлы Сарбұқа, Най­ман Көксерек, Дулат Жақсығұл, Суан Елтінді және қырғыз өкіл­дері Көтен мен Табай батыр­лардың аты-жөн­дері енді өш­пестей еті­ліп, гранит тасқа қашалған. Атал­ған қабырғаның ортасына ескерткіш кешеннің Ор­бұлақ шайқасындағы ұлы жеңіс­тің 375 жылдығына ар­нал­ғаны туралы қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде түсі­ніктеме жазылған (Батыр бабалар) делінген белгітас орна­тылған.
Айтпақшы, біз – қазақ­тар ата-баба аруағын сый­лаған халық­пыз ғой. Ес­керткішті қолға алудан бұ­рын алыс­тағы Орбұлаққа ба­рып,­ шайқас өткен жерді кө­ріп, сол қан майданда шейіт кеткен сарбаздарға құ­ран бағыштап қайтуды жөн көргенбіз. Белжайлау деге­німіз, заманымыздың ұлы қа­лам­гері Әбіш Кекілбайұлы ке­зін­де атап өткендей, жан ба­ласына қимайтындай жер жәннаты екен. Бүкіл Пан­филов ауданының малшылары жазда сонда бас қосып, рахат өмір кешетініне де куә болдық. Тек сол екі тау­дың ара­сындағы бірнеше ша­­қы­рымға созылатын «жасыл­ жай­­лау, түкті кілемді» қақ жа­­рып өтетін жолдың бойын­да Салқам Жәңгір хан мен оның сарбаздары жерленген­ орын­ның қоршау-белгісіз жат­­­қаны көңілге кірбің тү­сір­ді. Шымкентке келе бо­ла­шақ ес­керткіштен бұрын те­­мір қор­шау мен граниттен бел­гітас жасатып, қайта жолға шық­­тық. Сәл кешіксек тау асу­ларын қар басып қала­ды екен. Малшылардың ал­ды қыс­тау­ларына көше баста­ғанда ал­ға қойған мақсатты орындап қайт­­т­ық. 

Шымкент пен Алматыдан арнайы барған үлкен топ­тың іс-әрекеті Жаркент жұртшы­лы­ғын ғана емес, жалпы Қа­зақ­стан халқы арасында сер­піліс туғызғаны анық. Екі сапардан кейін баспасөз бе­тінде Орбұлақ шайқасына қа­тысты ондаған мақала жарық көрді. Бұл игілікті іс басқаны айт­пағанда, сол тарихи жайлауда қаннан-қаперсіз мал бағып жүрген шопандар мен бақ­ташылардың өздері күнде көретін, жүрген жермен-жексен көне қабірлерге басқаша, ерекше ілтипат, құрметпен қарай бастағанын байқап, қуандық.

Сондай-ақ ізгілікті істі бас­тамас бұрын 2017 жылы қаңтар айында алыстағы Са­марқанға жол тартып, Дағ­бид қыстағында Махуми ағзам қожа қорымында жат­қан, даңқ­ты Жалаңтөс Ба­һа­дүрдің басына барып, құ­­ран бағыштап, тағзым ет­тік. Самарқанда ұлы ба­ба салдырған әлемдік құн­ды­­лықтар қатарына енген Регистан алаңындағы Шер­дор (Арыстан медресесі) мен Тіллә Хари (алтынмен апталған) медреселерін көріп, ризашылық сезімге бөленіп, ұлықтауға тұрарлық ұлы баба екеніне көз жеткіз­дік. 

Ескерткіштің ашылатын уақытына санаулы күн­дер қалды. Дайындықты қай­та-қайта ширатамыз. Бұл жиын­ның жай бір көңіл көте­ріп, ас-су ішіп, аяқ босататын кезекті көп шараның бі­рі болып қалмауына баса назар аударып отырмыз. Ха­­­лық­аралық жиынға рес­пуб­ликаға танымал қоғам қайраткерлері, Парламент депутаттары, ғалымдар, жа­зу­­шылар, студент жастар,­ орта мектептердің тарих­ пә­ні мұғалімдері көп­теп ша­қы­рылды. Мақсат – ел мен жер тарихы туралы әңгі­ме­лерді жастардың санасына ­жеткізу, құлағына құю. Та­ратыңқырап айтқан­да: «Бо­лашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Мен халқымның тағылымы мол тарихы мен ықылым заманнан арқауы үзілмеген ұлттық салт-дәстүрлерін ал­дағы өркендеудің берік діңі ете отырып, әрбір қадамын нық­ басуын, болашаққа се­нім­мен бет алуын қалаймын» деп, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы атап өткендей, бүкіл халықтық рухани жаңғыру үрдісінен шет қалмай, азамат­тық ұстанымды таныту, бас­ты бағыт болып отыр. Осы ара­да жыр жампозы Ілияс Жан­сүгіровтің: «Өз ұлын, өз ер­лерін ескермесе, Ел тегі қай­дан алсын кемеңгерді», деген екі жол өлеңіндегі қа­нат­ты қағиданың түп-та­мы­рында елдің келешегі, ұлт­­­тың болашағы деп небір ала­пат қиындықтарды бастан ке­шіп, киелі топырағына жатты жолатпау жолында ерлік жасаған бабалардың, батыр-бағландардың қаһармандығы, бүкіл болмысы жатқаны анық. Сол қаһармандықты ұмыт­­­­­­паңдар дегенді де мең­зеп тұрғандай. Біз соны ел бол­­ған тұста мүлтіксіз атқа­рып, кейінгі ұрпаққа аманат етіп, сабақтастықтың алтын арқауын үзбеуді аза­маттық парыз санадық. Па­рыз­бен қатар, кеткен есені түген­деудегі қарыз деп ұқтық. Ен­ді сол парыз жолындағы баба­ларға арналған іргелі іс-шара жұрт игілігіне айналса деген ізгі ниеттен туған еді.

Бекет ТҰРҒАРАЕВ,
«Жеті жарғы және Қожаберген жырау» 
халықаралық қайырымдылық қорының төрағасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, заңгер