Аймақтар • 13 Сәуір, 2018

Маңғыстауда сыбайлас жемқорлыққа қарсы «Адал жол» атты акция басталды

466 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Марафондық эстафета түрінде бастау алған акцияға Лондон мен Рио-де-Жанейро олимпиадаларының күміс жүлдегері Әділбек Ниязымбетов, үкіметтік емес ұйым өкілдері мен мемлекеттік қызметшілер, студенттер мен оқушылар, этномәдени орталықтарының өкілдері қатысты. 

Маңғыстауда сыбайлас жемқорлыққа қарсы «Адал жол» атты акция басталды

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы профилактика жұмыстарын күшейту, жас ұрпақ пен барша қоғамды осы дерттен аулақ жүруге шақыру, сондай-ақ сыбайлас жемқорлықтың салдарымен емес, себебімен күреске баса мән беру мақсатындағы марафонға қатысушылар өз эстафеталарын Ақтау теңіз айлағынан бастады.  Катамаранға мінген оларды оқушылар мен студенттер, жергілікті атқарушы билік өкілдері мен мәслихат депутаттары күтіп алды.

«Мен Ақтауды сүйемін» жазуының қасында Департамент басшысы Н.Жанназарова, әйгілі спортшы Ә.Ниязымбетов, корей халқының «Чосон» этномәдени орталығының жетекшісі Р.Маденова көпшілік алдында сөз сөйледі.

Салтанатты шараның жалғасы Түпқараған ауданының Ақшұқыр ауылында өтті.

Марафоншыларды ауыл тұрғындары құшақ жая қарсы алды. Жас өнерпаздар күйден шашу шашып, темір тұлпармен жеткен акция жалауын ақбозатпен қабылдап алды.

Жыл бойына жалғасатын «Адал жол» акциясы аясында барлық сала қызметкерлерімен сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған әртүрлі деңгейдегі шаралар ұйымдастыру жоспарланған. Ал, Түпқараған ауданы алдағы уақытта эстафетаны әрі қарай облыстың өзге аудандары мен қалаларына жолдайды.

Республика бойынша жүріп жатқан «Адал жол» акциясы «9 желтоқсан – сыбайлас жемқорлықпен күрес күні» елордада, ал облыстық деңгейдегі шаралар Ақтау қаласында қорытындыланады.

Маңғыстау облысы бойынша сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігі баспасөз қызметінің хабарлауынша,  биыл жыл басынан бері өңірімізде «Өнер мен мәдениетте жемқорлыққа жол жоқ» акциясы да кең көлемде өткен Қалың бұқараның қатысуымен ұйымдастырылатын мұндай жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таппақ.

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан».

Маңғыстау облысы.