Үкімет • 13 Сәуір, 2018

Премьер-Министр Атырау облысының активімен және кәсіпкерлерімен кездесті

239 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Премьер-Министр Атырау облысының активімен және кәсіпкерлерімен өңірді дамытудың өзекті мәселелерін талқылады, деп хабарлайды primeminister.kz

Премьер-Министр Атырау облысының активімен және кәсіпкерлерімен кездесті

Кездесуде Қазақстанның үшінші жаңғыруын іске асыру барысы мен облыстың экономикалық өсімнің жаңа моделін қалыптастырудағы рөлі талқыланды. Жиын барысында облыс әкімі Н. Ноғаевтың жобалық басқару аясында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының мақсатты көрсеткіштеріне қол жеткізу туралы есебі тыңдалды. Сондай-ақ, отын-энергетика және агроөнеркәсіп кешендерін дамытудың, білім беру мен денсаулық сақтауды жаңғыртудың, технологиялық жаңғырту мен «Индустрия 4.0» шараларын жүргізудің, инвестициялар тарту мен өндірістік жұмыспен қамтудың негізгі бағыттары қаралды.

Сонымен қатар, инвестициялар және даму министрі Ж. Қасымбек, энергетика министрі Қ. Бозымбаев, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі М. Әбілқасымова, білім және ғылым министрі Е. Сағадиев түсініктеме беріп өтті. «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы А. Мырзахметов бизнесті дамытудың өзекті мәселелері туралы баяндады.

Бейне-конференц байланыс жүйесі арқылы талқыланған мәселелерге Премьер-Министрдің орынбасары Е. Досаев, денсаулық сақтау министрі Е. Біртанов, қаржы министрі Б. Сұлтанов, ұлттық экономика министрі Т. Сүлейменов, ауыл шаруашылығы вице-министрі Г. Исаева, ақпарат және коммуникациялар вице-министрі Д. Тұяқов, мәдениет және спорт вице-министрі Е. Қожағапанов пікір білдірді. Спикерлер өз сөздерінде өңірдің экономикалық өсімінің қорын, әкімдік пен Үкіметтің бірлесіп атқаратын жұмысының басымдықты бағыттары мен міндеттерін белгіледі.

Мәселені талқылау қорытындысы бойынша Бақытжан Сағынтаев инвестицияларды тарту, сервистік экономиканы, экономиканың жаңа салаларын дамыту жұмыстарын жүргізудің маңыздылығын атап өтті, сондай-ақ Үкімет пен әкімдіктердің жаңа технологиялық революцияға дайын болуының маңыздылығын атап өтті.

Еске сала кетейік, бүгін ҚР Премьер-Министрі Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жұмыс сапарымен Атырау облысына келді. Бұған дейін Бақытжан Сағынтаев жұмыс сапарларымен Оңтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстарында болып қайтты.