Бағдарламалар • 15 Сәуір, 2018

Жаңа қазақ әліпбиіне арналған республикалық семинар өтті

368 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мәдениет және спорт министрлі­гі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитеті Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен «Рухани жаңғыру: жаңа қазақ әліпбиі және мемлекеттік бағдарламаның орындалу барысы» атты республикалық семинар өтті. 

Жаңа қазақ әліпбиіне арналған республикалық семинар өтті

Жиынға ұлт руханиятында орны бар зиялы қауым өкілдері мен белгілі тілтанушы ғалымдар және аталмыш сала бойынша өңірде қызмет атқарып жүрген жетекші мамандар қатысты.

Басқосуға жиналған көпшілікті шараның мақсатымен таныстырған  Мәдениет және спорт министрлі­гі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің төрағасы Қуат Бораш Елбасы тарапынан өткен жылы қоғамға жолданған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақалаға бір жыл толуына байланысты аймақтағы әріптестерді жинап, бұған дейін атқарылған істер мен алда орындалатын жоспарлы шаруалар жайлы ақылдасып, келелі кеңес өткізуді құп көріп отырғанын жеткізді.

 – Бүгінгі семинар қазіргі таңда аса бір өзекті мәселеге айналып отырған жаңа қазақ әліпбиіне байланысты ұйымдастырылғаны құптарлық дүние, - деп шараның мәніне қатысты беташар лебізін білдірген  Мәдениет және спорт министрлігінің жауапты хатшысы Қуатжан Уәлиев бұл реткі талқылауға ұсынылған мәселе уақыттық тұрғыдан жасампаздық маңызға ие болуымен қатар жаңа дәуірге тән еліміздің болашақ рухани бағдарын айқындауға арналған жиын дегенді атап айтты.

Маңызды шараны ұйымдастырушы Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының директоры Ербол Тілешов, Елбасы Н.Ә. Назарбаев үстіміз­дегі жылдың 20 ақпанда «Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан ла­тын графикасына көшіру туралы» 2017 жылғы 26 қазандағы №569 Жарлығына өзгеріс енгізген сәттен бастап, қазақ тілі әліпбиін латын гра­фикасына көшіру жөнінде Ұлттық комиссия құрылып, орфографиялық, терминологиялық, әдістемелік-техникалық және ақпараттық сүйемелдеу жөнінде жұмыс топтары жасақталып, олардың жұмыс ережесі бекітіліп, іске кірісіп кеткенін жеткізді.

Семинар-кеңес барысында Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаның үшінші кезеңіндегі нысаналы инди­каторлары бойынша: мемлекеттік тілді меңгерген ересек тұрғын­дардың; мемлекеттік тілді В1 деңгейінде меңгерген мектеп түлек­терінің; мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдарындағы қазақ тіліндегі контенттің; қазақ тілінің реттелген терминологиялық қо­рының; республикадағы орыс тілін меңгерген ересек тұрғындар­дың; ұлттық мәдени бірлестіктер жанындағы ана тілдерін оқытатын курстармен қамтылған этностардың; республикада ағылшын тілін меңгерген тұрғындардың; үштілділік саясатын игерген тұрғындардың үлесі мен ономастика мәселелері жайлы кеңінен сарапталды.

Кезекті тыңдалған баяндамалар барысында жаңа ұлттық әліпбиге көшу  кезеңдерінің даярлығы туралы, осы оқиғаға байланысты қоғамдық көзқарас пен ғылыми тұжырымдар жайлы, мемлекеттік тілді оқытудың әдістемелік базасын жетілдіру және стандарттау ісі, сондай-ақ тіл үйренушілерге қатысты лексикалық қорды ғылымиландыру шарасы, шет тілдерін үйретудің маңызына қатысты  мәселелер талқыланды.

Сонымен қатар басқосу барысында  аймақтардан келген мамандардың да пікірлері тыңдалып, өңірлерде латын графикасына көшу барысында туындайтын сұрақтар да ортаға тасталып, оларды шешу жолдары ұсынылды. Жиын соңында алда атқарылар жұмыстың жоспары таныстырылып, одан күтілетін нәтижелер белгіленді.  

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»