«Серпіндік» студенттер серпіле алмай тұр...

Төрт жыл бұрын елімізде «Серпін-2050» «Мәңгілік Ел жастары – индустрияға» атты мемлекеттік бағдарлама қолға алынған болатын. Сол кезде аталған жобаны студенттерге арналған еліміздегі экономикалық және әлеуметтік мәселелерді шешуге таптырмас тетік деген болатынбыз. Бұл бағдарлама негізінен халқы тығыз орналасқан оңтүстік түлектерінің солтүстік аймақтарда тегін білім алуларына және одан әрі еңбек етіп, біржола тұрақтап қалуына жағдай туғызуды көздеген тың үрдіс еді. Сол арқылы түстікте жұмыссыздық деңгейі азайса, теріскейде еңбек нарығындағы маман тапшылығын шешуге мүмкіндік туар еді.

Егемен Қазақстан
16.04.2018 1871

Бұл туралы Елбасы Нұр­сұл­тан Назарбаев Дүниежүзі қазақ­тарының V құрылтайында «Бағ­дарламаны көбейтіп, оны көшіп келген ағайындарға да бейім­деуіміз қажет. Сол жақтарда бейімдеу орталықтары түсіндіру жұмыстарын жүргізсе, мамандығы жоқтарын мамандыққа баулитын болса, жұмыссыздарды жұмысқа орналастыратын болса, сол кезде келушілер тұрақталып қалатын болады. Келген ағайындарды қоныстандыратын үйлер салып, әлеуметтік инфрақұрылым жасау керек. Оны бағдарлама түрінде қолға алғанымыз жөн. Қажетті мамандық алуына жәр­дем беру, жұмыспен қамту үшін жол картасын жасау қажет. Осы­­ның барлығы ұлтымыздың, елі­міздің жарқын болашағы үшін атқарылатын маңызды шаралар болмақ», деген болатын.

Алайда сол арманшыл ойы­мызды «Серпінге» қатысты сезікті цифрлар су сепкендей басып тастауда. Олай дейтініміз, биыл Павлодар облысының келтірген деректеріне сүйенсек, «Серпін» бағдарламасы бойынша білім алған жастардың 47-сі немесе 70 пайызы өз өңірлеріне кетіп қалған. Бұл туралы әлеуметтік-мәдени мәселелер жөніндегі облыстық мәслихаттың тұрақты комиссиясының отырысында облыстық білім беру басқар­масы басшысының орынбасары Сәуле Алекпарова айтқан. Бүгінгі таң­да облыстағы жеті колледжде бес оңтүстік аймақтан 474 студент білім алады. Студенттер тегін баспана, шәкіртақы, қысқы киім және жазғы, қысқы демалыс кезінде үйге бару үшін жолақысымен қамтамасыз етіледі. Түлектердің алғашқы легімен 2017 жылы 67 адам оқу орнын аяқтаған. Бүгінгі таңда 40 адам немесе 59,7 пайызы жұмыс істеуде, үшеуі жоғары оқу орнында білім алуда, біреуі Отан алдындағы борышын өтеуде, тоғызы декреттік де­малыста және 14-і еңбекпен қам­тылмаған. Нәтижесінде түлек­тердің ішінен 14-і ғана немесе 21 пайызы Павлодар облысында қалған. Олардың ішінде 11 адам жұмысқа орналасса, үшеуі жоға­ры оқу орнында білім алуды жал­ғастыруда. Бесеуі Астана, Алма­ты, Ақтөбе қалаларында жұмыс істейді және біреуі әскер қа­тарына жіберілген, дейді ол. Сәу­ле Алекпарованың айтуынша, жас­тардың өз өңірлеріне кетуінің бас­ты себебі – баспананың жоқтығы.

Енді «Серпін» ұлттық жобалар басқармасының былтырғы мәліметіне қарасақ, қазір бағдарлама аясында 10 289 студент 22 жоғары оқу орны мен 53 техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында 28 мамандық бойынша білім алуда. «Серпін» әлеуметтік жобасы бойынша 2017 жылғы түлектер саны – 1070 адам. Олардың жұмысқа орналасқаны, жоғары оқу орнына түсетіні, әскерге баратыны жайлы нақты ақпарат келесі оқу жылының басында белгілі болмақ.

Басқа да дерек көздері 2016-2017 оқу жылында «Серпін» әлеуметтік жобасы бойынша оқу бітірген түлектердің ең көбі Батыс және Шығыс Қазақстан облыстарында білім алып шыққандығын айтады. БҚО-да түлектер саны 205 адам болса, ШҚО-да оқу бітіргендер саны – 198. Ал Астана қаласы бойынша жалпы түлек саны небәрі 93 адам. Солтүстік аймаққа жататын елордамыз үшін бұл көрсеткіштің бәсеңдігін кімнен көреміз?

«Жалпы, барлығымыз білетіндей былтыр 1070 студент «Серпін» түлегі болса, оның 666-сы жұмысқа орналасты. 89-ы жоғары оқу орнына түсті, 86-сы әскер қатарына алынып, әртүрлі себептерге байланысты 202 бала кері қайтты. Оған басты себеп әу бастағы қағаз жұмысында тиянақтылықтың болмауы, нәтижесінде серпіндіктердің баспана жайы шешілмеген болып шықты. Бірақ сол 202 баланың арғы жағдайын Үкімет басшысы Б.Сағынтаевтың бастамасымен көші-қон бағдарламасына енгізу үстіндеміз. Ал, олардың келесі тобын, яғни жоғары оқу орындарында білімін жалғастырғысы келетіндерін «Дипломмен – ауылға» бағдарламасына қосуға кірістік. Онымен қоса, биылдан бастап «Серпін» бағдарламасын Боллон процесіне ауыстырып жатырмыз», дейді «Серпін» ұлттық жобалар басқармасының басшысы Күлзия Қадырқызы.

Бұл мәселеге үн қатқан қоғам белсендісі Мұрат Әбенов әлеуметтік желідегі парақшасында «Қазіргі таңда жобаға 17 мыңға жуық жастар қатысуда. Биыл 2 мыңға жуық серпіндіктер оқуды тәмамдайды. Мамандық алып шыққан қыз-жігіттердің мәселесін бүгіннен бастап шешу жолдарын қарастыру қажет. Қазіргі кезде жоба аясында жастарды білім алуға барған аймақтарда жұмыс орнымен қамтып, тұрғын үй мәселесін шешу секілді тақырыптар ашық қалуда. Мұны тез арада шешпесе болмайды», дейді.

Мәселе шынымен де шиеленісіп кеткен. Бұл жайтқа қай тараптың болсын көңілі көншімейтіні белгілі болып отыр. Айталық, «Серпін» бағдарламасымен колледжге оқуға түсіп, былтыр тәмамдап шыққан Жасұлан Болатбекұлы есімді түлектің айтуынша, «Серпін» жобасымен ауылдарына қайтқан жастардың саны сол өңірде қалып қойған жастардың санынан көп. Оған бір ғана Жасұлан Түсіповтің тобындағы 25 баланың 18-і қазіргі уақытта Шымкентке қайтып кетіп, ауылдарында жүргендіктерінің өзі дәлел.

Осы күндері «Серпін» бағдарламасына не болғанын жүргенін түсіне алмай қалдық. Басшылықтары ауысып кеткенге ұқсайды. Əлде қызығы басылды ма? Дипломын алып, жұмысқа кіріскелі отырған дайын жастарға ие бола алмай жүргендері қалай? Біз, тіпті серпіндік жастардың шығармашылық қабілеттерін арттыру мақсатында «Серпін іскерлері» қоғамдық бірлестігін құрдық. Алайда Күлзия Тобатаева өз құрылтайшыларын жинап, бірлестіктің әрі қарайғы жұмысына кедергі келтіргендей болды. Оның бер жағында қаншама қаражат шығындаған www.bolashak-serpin.kz сайты қазір жұмыс істемей тұр. Ақпарат ашықтығы мүлдем жоқ», дейді ол.

Әрине, барлығымыз аталған бағдарламаның болашағының баянды болғанын қалаймыз. Себебі 2009 жылғы санақ бойынша Петропавлда этностық қазақтардың үлесі 28 пайызға толмаған, Лисаков қаласында – 25, Өскеменде 40 пайыз. Бұл көрсеткіштерге тоқсаныншы жылдары көз жұмып қарауға болар еді, алайда тәуелсіздік алғанымызға ширек ғасырдан астам уақыт өтсе де қаракөздер саны қиыр аймақтарда әлі де азшылық танытуда. «Серпін» осы сиректіктің орнын толтыруы керек.

Мәселеге тереңдей беруге болады. Шын мәнінде бүгінгі студент ертеңгі тұлға екенін естен шығармағанымыз жөн. Олардың талаптарына таяныш, қолдау керек. Ертеңгі екпінді қадамдарын есеп үшін цифрмен бүркемелей берсек, бағдарламамыз «бақсақ, бақа екеннің» кері болып шықпасына кім кепіл? Айталық, сонау Аралдың құмынан Қостанайдың қоңыр белдеуіне көшіп келген студентті бір мезгіл ғана тамақтандырып, баспанасын жатақхананың жертөлесінен беріп, қиырдағы ауылдың 30-40 мыңдық жалақысына жұмыс істету қаншалықты әділетті? Одан бөлек «Серпіндегі» білім беру сапасын сынға алып жатқан ешкім жоқ. Мәселен, техника саласынан сабақ беретін мұғалімдердің біліктілігін таразылап жатырмыз ба? Сол сияқты қордалы жайттарды қозғай берсек бір шетіне шығу қиын. Жоғарыда пікірін білдірген Ж.Жақыповтың алдағы жоспарының бірі де осы мәселелерді төңіректейді. Ол алдағы уақытта «Болашақ серпін» атты қоғамдық қор құруды мақсат тұтатынын айтады. Аталған қор арқылы Жасұлан республиканың барлық жоғары оқу орынындағы «Серпінге» қатысты мәліметтерге қол жеткізіп, қай студентке қанша қаражат бөлініп, мемлекет қаржысының қаншасы игерілгендігіне серпіндік ретінде көз жеткізуді ойластыруда. Оған себеп қазіргі «Серпін» бағдарламасымен оқып жатқан студенттердің тұрмыс-тіршілігінің сын көтермейтіндігі. Байыпты бағдарламаның бастапқыдағы уәделерінің бұзыла бастауының өзі көрер көзге ұят әрі заңсыздық болып есептеледі. Және бөтен аймақтан білім алуға келген бөгде студентті ұстаздардың тарапынан жергілікті студенттерден бөліп қарау, тіпті кемсітушілік те байқалатыны жасырын емес. «Ал, серпіндіктерді өзінің ішінде көшбасшы топқа, белсенділігі төмен топқа жіктеп, алалау арқылы алдыңғы топтың бірінші жұмысқа орналасуы да теңсіздікті тудырып жатқаны айтпаса да белгілі», дейді Ж.Болатбекұлы. Сол себепті олар болашақ қор арқылы «Серпін» бағдарламасымен оқу бітіріп бос жүрген, «Серпін» бағдарламасымен оқуға түскелі жүрген талапкерге бағыт-бағдар сілтеуді көздесе керек. Сонымен қатар «Болашақ серпін» қоры қабылдаушы аймақпен заңды қарым-қатынас жасап, «Серпіннің» негізгі штабына көмекші тетік болуды мақсат тұтатыны байқалады. Бірақ өздері басында құрған «Серпін іскерлерін», қазіргі «Болашақ серпінді» қолдаушылар әзірге жоқ. Бұл жағдайға «Бала соққан кездіктің басы жарық» деп қарауға бола ма? «Жас келсе – іске» деген сөз бар емес пе еді? Олардың бастапқы жұмыстарына қарасақ та қадау-қадау ойларының ұшқыны байқалады.

«Мәселе өте көп. Біз жасаған сараптамаға сүйенсек, «Серпінге» келген студенттердің 70 пайызы мамандықтарын ата-анасының нұсқауымен еріксіз таңдаған. Мысалы дизайнға, шаш қиюға икемі бар жігіттер құрылыс саласында жүруі қаншалықты өміршең? Оларға біздің бірлестік өз жұмысын атқарып тұрған уақытта бағыт беріп тұрды», дейді Ж.Жақыпов.

Қысқасын айтқанда, төрт жылдан бергі «Серпін» жобасы жүргізіп жатқан жұмыстардың жай-жапсары осындай. Алдағы уақытта жоба жүйесіне қан жүгіртпесе, грант бөліп отырған оқу орындарымен, жұмыс пен үй мәселесіне түбегейлі жауапты жергілікті атқарушы органдармен, жергілікті жастар саясаты және білім басқармаларымен ашық байланыс орнамаса, ағымдағы жылы осы бағдарламамен түлеп ұшқалы отырған екі мыңға жуық студенттің ертеңгі күні бұлыңғырланған үстіне бұлыңғырлана бермек.

Мирас АСАН,

«Егемен Қазақстан»

СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР

22.04.2018

Бақытжан Сағынтаев Қырғызстанның жаңа тағайындалған премьер-министрімен телефонда сөйлесті

22.04.2018

Астанада тұрғын үйлерді басқарудың онлайн–жүйесі әзірленуде

22.04.2018

Оралда төртінші мәрте «Ашық әкімдік» шарасы өтті

22.04.2018

Алматыда дәстүрлі қайырымдылық марафон өтуде

22.04.2018

Әзербайжан парламенті елдің жаңа үкімет басшысын бекітті

22.04.2018

Астанадағы сенбілікке 140 мыңнан астам қалалық қатысты

22.04.2018

Қостанайда мемлекеттік қызмет аллеясы болады

22.04.2018

Мақтарал аудандарында абаттандыру жұмыстары жүріп жатыр

22.04.2018

Қостанайда болашақ жаңа қаланы дамыту ісі қаралды

22.04.2018

Оралда өрт қауіпсіздігін сақтамаған ойын-сауық және сауда орталығы бір айға жабылды

22.04.2018

Қостанай облысында 21-ші цифрлы  технологиялық IT кабинет ашылды

22.04.2018

Қырғызстанда жаңа премьер-министр сайланды 

20.04.2018

«Smart Zholy» бағдарламасының үздік стартап жобалары анықталды

20.04.2018

23-26 мамыр күндері Астанада «KADEX - 2018» көрмесі өтеді

20.04.2018

Денсаулық сақтау министрі Орал қаласында

20.04.2018

Заңнамаға архив ісі мәселелері бойынша өзгерістер қаралды

20.04.2018

Дубайдағы инвестициялық кездесуде ОҚО-ның инвестициялық өсу драйвері зерттелді

20.04.2018

Ақтөбеде зиянды қалдықтар тасқыны толастар емес

20.04.2018

ТҮРКСОЙ Шыңғыс Айтматов жылын ашты

20.04.2018

Арсен Венгер «Арсеналдан» кететін болды

ТАҒЫ ЖҮКТЕУ
КОЛУМНИСТЕР

Қорғанбек АМАНЖОЛ, «Егемен Қазақстан»

Кісілік әліппесі

Жер бетінде сонау да сонау көз жеткісіз, көңіл сенгісіз небір ықылымдардан бері жасап келе жатқан заты адам баласының ең зарлы мақсаты не десе, ол – адам болу дер едік. Түр-сипатыңмен, тәніңмен ғана емес, жаныңмен, алпыс екі тамырыңдағы қаныңмен, бүкіл болмыс-бітіміңмен. 

Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ, «Егемен Қазақстан»

Ауылдарды сақтаудың амалы қайсы?

Ауыл халқы азайып барады. Неге? Ешкім­ге ештеңенің керегі жоқ болып кеткен бүгінгідей заманда ол жағын ойлап бас қатырып жатқан да бірде-бір жан жоқ. Бар айтатын уәждері – урбанизация. Бір есептен ол да дұрыс шығар. Қалаларға қарай жа­қындаса ауыл қазақтары да өркениетті өмір­ге араласады, өзгелермен бірге қазіргі за­ман­­ның игіліктеріне ортақтасады. Бірақ... 

Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан»

Қайырымдылық көмектің қайыры болады

Табиғат апатына немесе соғыс, қарулы қақтығыс салдарынан күйзеліске ұшырап, аштыққа, босқыншылыққа тап болған елдерге қайырымдылық көмек көрсету – халықаралық қоғамдастықтың игі шарала­ры­ның бірі. БҰҰ-ның Халықаралық соты ондай көмектердің азық-түлік, киім, дәрі-дәрмек түрінде болуын, қару-жарақ түрінде берілмеуін қатаң бекіткен.

Бақытгүл САЛЫХОВА, педагогика ғылымдарының кандидаты

Тағам сыры: аурудың алдын алу мүмкін бе?

«Ас – адамның арқауы» деп кішкен­тай­ымнан естіп өскен адам ретінде, та­мақ жемесе адамның күші болмайды, жұ­мыс істеуге, өмір сүруге энергиясы жетпейді деп ойлайтынмын.  Бірақ ас­тың да асы бар, оның пайдасы мен зияны туралы шы­найы да, өтірік те, ойдан құрас­ты­рыл­ған да әңгімелерді көп естіп, кейде білмегендіктен сеніп те қалып жүреміз.

Талғат СҮЙІНБАЙ, «Егемен Қазақстан»

Алматы: Шағын ауданның астарлы ақиқаты

Алматыда аты жоқ, бірақ, нөмір­­­лен­­ген 12 шағын аудан бар. Шын­туай­­тында, олар 12 емес, барлығын қос­­қанда – 13. Қала сәулетіне билік жүр­гізуші партия қызметкерлері, сірә, жобалау үстінде «шайтанның 12-сін» сес­ көрген-ау, ақырғы шағын ауданды – 10 «А» деп белгілепті. 

Тағы да оқу

Пікірлер(0)

Пікір қосу