Әлем • 16 Сәуір, 2018

«Kazakh Invest» ірі инвесторлармен кездесу өткізді

259 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Kazakh Invest» ұлттық компаниясы дәстүрлі «Annual Investment Meeting» (AIM) инвестициялық форумы аясында Дубайда Біріккен Араб Әмірліктерінің ірі компанияларының және басқа халықаралық компаниялардың өкілдерімен кездесулер өткізді.

«Kazakh Invest» ірі инвесторлармен кездесу өткізді

Атап айтқанда, «Kazakh Invest» «General Electric», «Al Ahli Holding Group», «Al Nowais Investments», «KAAF Investments», «Loukil Group», «Phoenix Global DMCC», «Royal International Group» компаниялар тобымен, «Kanoo Group», «Petromal» және басқа да аса ірі холдингтермен келіссөздер жүргізіліп, маңызды келі­сім­дерге қол жеткізілді. Сонымен қатар форум аясында Біріккен Араб Әмірліктерінің Экономика минис­трлігімен, MUBADALA, DP World, Emaar, Etisalat, Borouge сияқты ірі ком­паниялар және басқалары мүше бо­лып табылатын Халықаралық ин­вес­торлар кеңесімен, Шаржа әмір­лігінің Инвестициялар және даму агент­тігімен келіссөздер сәтті өтті.

AIM пленарлық сессиясын­да «Kazakh Invest» ұлттық компаниясы­ның басқарма төрағасы Сапарбек Тұяқбаев еліміздің инвестициялық мүмкіндіктерін, Қазақстан экономикасына инвестиция тарту саласындағы ин­дустриялық-инновациялық қыз­метке мемлекет тарапынан жасалып отырған қолдауларды таныстырды.

Келіссөздердің нәтижесінде инвес­тиция тарту саласындағы екіжақты өз­ара қарым-қатынасты дамыту үшін AIM алаңында «Kazakh Invest» пен «Annual Investment Meeting» арасында Ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Алқалы жиын барысында трансұлттық компаниялар Қазақстан экономикасының басым салаларындағы бірқатар инвестиция­лық жобаларға қызығушылық таныт­ты.

Алдағы уақытта «Kazakh Invest» БАӘ мен Қазақстанның бизнес қауым­дастықтарының инвестиция тарту, инвес­тициялық жобаларды қостау және іске асыру мәселелері бойынша екіжақты қарым-қатынастарды үйлес­тіруді жоспарлап отыр.

Annual Investment Meeting әлем­дегі халықаралық инвестициялық қауым­дастықтың диалог алаңы ретіндегі ең танымал инвестициялық конференция екенін атап өткен жөн.

Арнұр АСҚАР,

«Егемен Қазақстан»