Бокс • 16 Сәуір, 2018

Жаһандық жарыстар: Тайсон рингке қайта оралады

305 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Жаһандық жарыстар: Тайсон рингке қайта оралады

US Open турнирінің тәртібі өзгерді

Теннистен АҚШ Ашық чемпионатының (US Open) тәртібіне өзгерістер енгізілді. Биылдан бастап негізгі сеттегі матчтың аяқталуы мен допты ойынға қайта қосуға 25 секунд уақыт береді. Ол уақыттан асып кетсе теннисшіге шара қолданылады. 

Жалпы, теннисте бұл ереже бұрыннан бар дүние. Ал US Open турнирі мұны биылдан бастап алғаш рет қолданбақ. Тәртібі мынадай: ережені бірінші рет бұзған ойыншыға ескерту беріледі, екіншісінде ұпай саны, ары қарай гейм қысқартылады. Бұған дейін атақты теннисшілер ұзақ уақыт демалып, үзіліс кезінде уақыт созып кортқа шықпай қоятын. Ал төрешілер уақытты созғанына мән бермей, сирек жазалайтын. Енді тәртіп бәріне бірдей болмақ. 

Сонымен қатар ойыншының кортқа шыққан кезі мен матчтың бас­талу уақыты қатаң қадағаланады. The New York Times басылымының жазуынша, теннисшілердің уақытты созғаны үшін 20 000 долларға дейін айыппұл салынуы да мүмкін.

Жартылай финалдағы қарсыластар анықталды

Жұма күні Швейцарияның Ньон қаласында орналасқан УЕФА-ның штаб-пәтерінде футболдан Чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасының жартылай финалдық кездесулерінің жеребе тарту рәсімі өтті.

Ережеге сай бірінші Еуропа лигасының жеребесі тартылды. Бұл сында «Арсенал» командасы «Атлетико Мадрид» клубымен күш сынасса, екінші жартылай финалда «Марсель» ұжымы «Ред Булл Зальцбург» командасымен финалға шығу үшін ойнайтын болады. Командалар арасында алғашқы ойын 26 сәуірде, қарымта кездесу 3 мамырда өтеді.

Ал Чемпиондар лигасында «Ливерпуль» – «Рома» бір-біріне қарсылас атанса, екінші жартылай финалдық матчта «Бавария» мен «Реал Мадрид» командалары өзара мықтыны анықтайтын болады. Алғашқы матчтар 24 және 25 сәуір, екінші ойын 1, 2 мамыр күндері өтеді.

Тайсон рингке қайта оралады

Аса ауыр салмақтағы әлемнің экс-чемпионы Тайсон Фьюри үш жылға жуық үзілістен соң 9 маусым күні Британияның Манчестер қаласында жекпе-жек өткізетінін мәлімдеді.

Фьюридің қарсыласы әзірге белгісіз. Промоутер Фрэнк Уорреннің айтуынша, оны чемпиондық белдікке жол ашатын кездесу күтіп тұр. «Біз бұл бокс кешін ұзақ күттік. Тайсонның алдағы қарсыласы өте қарымды боксшылардың бірі болмақ. Өйткені бізге чемпиондық белдікке жол ашатын айқас керек», дейді ол. Айта кетейік, Тайсон Фьюри соңғы рет 2015 жылдың қараша айында Владимир Кличкоға қарсы жекпе-жек өткізген болатын.

Дайындаған Әли БИТӨРЕ,
«Егемен Қазақстан»