Тарих • 16 Сәуір, 2018

Ақан сері Ақтоқтыға сыйлаған жүзік

654 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бұл жүзікті Ақтоқтының жиен немересі Орынбасар Төкенова апай сақтап отыр. 

Ақан сері Ақтоқтыға сыйлаған жүзік

Орынбасар апайдың айтуына қарағанда, 1972 жылы облыстық «Көк­шетау правдасы» газетінде қызмет істеп жүрген тұста елден «анаң ауырып жатыр» деген суыт хабар келген. Алып ұшып жетті. Шынында да сырқат меңдеп жатыр екен. Қырық күн қасында тапжылмай күткен. Бір күні анасы:

– Ана сандықты ашшы, – дейді.

Қос құлақты, қақпағына қошқар мүйіз­ді ою салынған, сүйекті, үлкен сан­дық ішінен анасының айтуымен шұбар сисаға оралған жүзікті алып шыққан.

– Бұл да бір өмір ғой, қарағым, – деген анасы, – есіңде болсын, бұл Ақан серінің Ақтоқты анамызға сыйға тартқан жүзігі. Пенде ғұмырда басыңа нелер келіп, не кетпейді? Қысылып тарықсаң да сата көрме, алтынға айырбастамайтын зат. Әжеңнің көзі, әжеңнің ғана емес, Ақан серіден қалған жәдігер.

Одан өзге де әдемі моншақ, ақтаңдай күмістен соғылған жеп-жеңіл шолпы, әрқилы сақина-жүзіктер бар екен. Бірақ ең қымбаты – Ақтоқты әжесінің көзі. Анасы әлгі жүзікті қолымен сипап, аймалаған. Маңдайына тигізіп тәу етіп, содан соң елжірей құшырлана иіскеген.

Ақан серінің 150 жылдық тойына келген көрнекті жазушы Сәкен Жүнісов те бұл жайды естіп, Орынбасар апайды әдейі шақыртыпты. Жүзікті ала барған. Қаламгер сүйсіне қараса керек, қолына тағып та көрген. Музейге қой деп ақыл қосқан.

–Үйіңде, сандықта жатқаннан не пайда? – десе керек жазушы, – ал музейде тұрса тәмам жұрт көреді. Жалмұқан мен Ақан серінің арасындағы желауыздар айтып жүрген жаңсақ сөз тыйылады. Елдің игілігіне айналады.

Бергісі келгенімен, анасының аманаты жадында. Қазір облыс орталығындағы тарихи-өлкетану мұражайында Ақтоқтыға Ақан сері сыйлаған жүзіктің сәл кіші­рейтілген көшірмесі тұр. Түпнұсқа сол қалпы, сызат түспеген. Уақыттың табы өшіре алмайтын айқын ажар мен сәруар салта­натты паш етіп, жиен немересінің шаңырағында сақтаулы тұр.

Байқал БАЙӘДІЛОВ

КӨКШЕТАУ