Аймақтар • 16 Сәуір, 2018

Кәсіпкер ауылына 13 мың түп алма ағашын сыйлады

457 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ел ішінде Атымтай жомарт жігіттер аз емес. Олар ешқандай сауын айтуды күтпей-ақ қолынан келген жәрдемін береді. Жалағаш ауданының тұрғыны,  «Құрманбай ата» шаруа қожалығының басшысы Еркін Бекжанов өзінің кіндік қаны тамған, бала кезінде шыбықты ат қылып шапқан ауылы – Т.Жүргенов елді мекеніне 13 мың түп алма ағашын сыйлады.

Кәсіпкер ауылына 13 мың түп алма ағашын сыйлады

Өзінің жинап-терген қар­жысынан 20 млн теңгені ауыл қажеті үшін берген кәсіпкер, «енді өздерің іс қылыңдар» деген жоқ, ауыл тұрғындарымен бірге көшеттерді отырғызу жұ­мыс­тарының басы-қасында болды.

Ауылда екі қолына бір күрек таппай жүрген азаматтар көп. 5 гектар жерге егілген 13 мың түп алма көшетін егуден бөлек, күтіп-баптау жұмыстары бар. Ауылдастарына жұмыс тауып берген азамат туған жерінің ер­те­гі­дегідей Иран баққа айнал­ғанын қалайды.

Көшеттер егілер алдында тоқсан­нан асқан Әшен ата батасын берді. Алма ағашының бірін өзі еккен қарияның айтары көп. Кезінде осы ауылда алма бағы болыпты. Балапан басымен, тұрымтай тұсымен кет­кен уақытта күтімсіз қалған сол бақтың ағаштары отын болып кеткен. Әшен ақсақал уақытында сол алма бағының бағбаны болған екен. Бірақ меншік иесі болмағандықтан, сақтап қалуға еш мүмкіндігі болмаған. Кеңес өкіметін шауып алардай екпіндеген жұрт тіс шұқыр ағаш қалдырмай отап кеткен.

Бүгінде заман жақсыға айналды. Ел тоғайды. Жасалып жатқан игіліктердің өздері үшін екенін біледі. Сондықтан да жаңадан тігілген бау үшін бәрі қуанышты.

Осы ауылдан түлеп ұшып, талай асуларды бағындырған Еркін пер­зенттік парызын осылайша орындады.

Бақтияр ТАЙЖАН,

«Егемен Қазақстан»

Қызылорда облысы