Өнер • 16 Сәуір, 2018

Тараз қаласында «Күлеміз бе?» атты облыстық әзіл-сықақ байқауы өтті

419 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Жуырда Тараз қаласындағы қазақ драма театрында Шона Смаханұлы атындағы «Күлеміз бе?» атты облыстық әзіл-сықақ байқауы өтті. Аталған шараны Жамбыл облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Дүйсенәлі Бықыбаев ашып, Шона шығармашылығына тоқталды. Бұдан кейін қаламгердің туысы Есенаман Бейсеуов сөз алып, перзентін еске алып отырған жұртқа алғысын білдірді.

Тараз қаласында «Күлеміз бе?» атты облыстық әзіл-сықақ байқауы өтті

Аталған байқауға Әулие­атаның әрбір ауданынан қаты­сушы ұжымдар талап бойынша екі қойылымнан сахналады. Қордай, Шу, Жуалы және Талас аудандарының қойған «Тақталас», «Соқырішектегі «Волга», «Әженің әлдиі», «Аран­датқ­ыштар» қойылымдары көп­шілік көңілінен шықты. Аталған қойылымдар маз­мұнының те­реңдігімен де, идеясының бе­рік­тігімен де көпшілік көз­айы­мы­на айналды. Мәселен, Талас ауда­нының өнерпаздары сахналаған «Аран­датқыштар» қойылымындағы кейіпкерлер Сусын баба, Сүт ананың бей­не­лері мен олардан тараған Қы­мыз, Шұбат, Саумал, Айран «батырлардың» образдары Арақ, Шарап, Темекі бейнелерін тұтқындауы арқылы ұлттық дәс­түрді насихаттауы, жастарды зиянды нәрселерден бас тартуға үндеу идеялары көпшілікке ой салды.

 Нәтижесінде «Күлеміз бе?» атты облыстық әзіл-сықақ бай­қауы­ның бас жүлдесін Талас ауданының өнерпаздары жеңіп алды. Сондай-ақ бірінші орынды М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің студенттері иеленсе, екінші орын Жуалы ауданының өнер­паздарына бұйырды. Ал шу­лықтар үшінші орыннан көрінсе, «Көрермендер көзайымы» аталымы Қордай ауданынан келген өнерпаздарға берілді. Сонымен қа­тар Шона Смаханұлы атын­дағы арнайы сыйлықты Меркі ауданының өнерпаздары ие­ленді.

Хамит ЕСАМАН,

«Егемен Қазақстан»

Жамбыл облысы