Таным • 16 Сәуір, 2018

Атырауда батагөйлер байқауы өтті

718 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бата беру дәстүрін дәріптеу мақсатында Атырауда жыл сайын түрлі шаралар ұйымдастырылады. Биыл бұл үрдіс аймақтық батагөйлер байқауы ретінде жалғасын тапты.

Атырауда батагөйлер байқауы өтті

Батыс Қазақстан, Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау облыстарында іріктеу сайыстарынан өткен 21 қария байқауға қатысып, бақ сынады. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында Атырау облысы әкімдігі, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы, «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамының облыстық филиалы, облыстық тарихи-өлкетану музейі ұйымдастырған шара «Батаменен ел көгерер» деп аталды. 

«Сайысқа қатысушылар «Ел есіндегі баталар» тақырыбындағы бірінші кезеңде тарихта аттары қалған тұлғалардың баталарын айтты. Ұлттық салт-дәстүрлерге байланысты сауалдарға жауап беріп, білгендерімен бөлісті. Шараны тамашалауға жастар көп жиналды», дейді облыстық тарихи-өлкетану музейінің басшысы Рашида Харипова.

Батагөй қариялардың өнерін тарих ғылымдарының докторы, «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі төрағасының бірінші орынбасары  Өмірзақ Озғанбаев бастаған қазылар алқасы бағалады. Бас жүлдені Батыс Қазақстан облысының атынан қатысқан Ертай Сердалин жеңіп алды. Бірінші орынды атыраулық Уахит Әділов иеленді. Барлық жүлдегерлерге арнайы сыйлықтар табысталды. Шара барысында,  сондай-ақ, «Батамен ел көгерер» атты жаңа кітаптың тұсаукесер рәсімі жасалды.

Бақытгүл БАБАШ,

«Егемен Қазақстан»

АТЫРАУ