Аймақтар • 17 Сәуір, 2018

Құрылыс қарқынды, бірақ сапа қандай?

549 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Қостанайда да тұрғын үй құрылысының қарқыны жаман емес. Өткен жылы үйді пайдалануға беру жөнінен облыс республикада үшінші орын алды. Жыл бойына 2164 пәтер және 482 дербес үйлер салынды, олар­дың барлық көлемі 264,7 мың шаршы метрді құрады. Алдыңғы жылмен салыстыр­ғанда бұл 135,9 пайыз болған. Қоныс тойлар тойланып, қан­шама отбасы қуанышқа кенелді.

Құрылыс қарқынды, бірақ сапа қандай?

Айтарға осылай, құрылыс қы­сы-жазы тоқтамай жүріп жатыр. Облыста баспана салуға бөлі­нетін қаржы көлемі жыл сайын ұлғайып келеді. Ол 2015 жыл­мен салыстырғанда 5 есе көбей­ген. Бірақ кейде салған үйлер­дің сапасына келгенде көңіл су сепкендей басылады. Өткен жылы қыркүйекте Қостанай қаласының іргесіндегі Заречный ауылынан «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша тұрғын аудан салынып, онда Қазақстан бойынша алғашқы коттедждер тапсырылған болатын. Қостанайлықтар бірінші рет пәтердің емес, 10 сотық жері бар жеке үйдің иесі атанған. Солардың біріне Нұртас Шайсұлтановтың отбасы кірген болатын. Бірақ оның қуанышы көпке ұзамады. Биылғы қыста қар аз болса да қара суық, аяз қатты болды.

–Үйдің есігі дұрыс орна­тыл­мағаннан одан кірген жел еденге жапқан линолеумді көтеріп тұ­ратын. Ваннада жылу 10 градус­тан аспады. Тоңып бара жатқан соң газдың пешінің қуатын кө­­те­реміз, оған да болмады. Со­сын шағымданған болатынбыз. Осы үйді салған «Ирина и К» компаниясының басшысы Алек­сандр Корчинский келіп, «пештің қуатын көтеріңдер, ең жоғары нүктесіне, 80 градус етіп қойыңдар» дейді. Егер дұ­­рыс, саңылаусыз, сапалы са­лынған үй болса, айналдырған 90 шаршы метр үй газ пешінің ең жоғары қуатын жаққанда қай­нап кетер еді. Біз 65 градусқа қойып отырдық. Ал көршіміз, 6-үй­де тұратын қария қыс бойы 75 градусқа қойып отырды, сонда да даладағы аяз 35 градусқа көтерілгенде оның да, біздің үйдің де төбесі қырауланып, үйдің іші дымқыл тартып кетті, – дейді жаңа салынған шағын ауданның 4-ші үйінде тұратын Нұртас Шайсұлтанов.

Олар Заречный ауылының әкі­мі­не, мердігер компанияның бас­шы­лы­ғына әлденеше рет шағымданды. Компания мамандары келіп, үй­дің төбесін бір жауып кеткенде, ван­наның жылуы 10 градустан 16 гра­дусқа көтерілген. Есікті жөн­деп берген. Төбенің жабуы жұқа бол­ғандықтан үйдің қыраулануы сол күй­інде қалған. Нұртастың үйі­не комиссия да келіпті. Олар көр­ді де, «біреудің жоғын біреу өлең ай­­тып жүріп іздейдінің» кері­мен, бас­­тарын шайқап, «бүлініп ке­ткен еш­нәрсе жоқ» деп кетті. Осы үйле­р­ді салған «Ирина и К» құ­ры­лыс ком­па­ниясының маманда­ры келіп, «үй­дің төбесін шатырға шы­ғып, сыртынан қымтамай, ішінен бұ­зып істеп бе­рейік» деген ұсыныс айт­қан.

–Үйдің төбесін ішінен қалай бұза­ды? Ол қандай технологияға жа­та­­­тынын білмедік. Әу баста жы­лы бо­луы үшін үйдің төбесін қа­лың­да­тып жабу керек еді, ондай жұмыс жүр­гі­зіл­мегені белгілі болып отыр. Тек біз­­дің үй ғана емес, мұн­дай көрініс көр­­шілерде де орын алып отыр. Қы­руар қаржыға салын­ған үйді не істеу­і­міз керек? – деп қын­жылады Нұртас.

Көршілер қыстай 90 шаршы метр үйдің жылуына ғана айына 30 мың­нан 40 мың теңгеге дейін төлеп отыр­ған. Үйді тапсырғанда үздік-соз­дық етпей, тап-тұйнақтай етіп тап­­­сыруға болмай ма? Біз Қостанай қа­ла­­сындағы 110 шаршы метрден кем емес жеке үйде тұратын кісі­лер­ден сұрастырғанымызда қыстың су­ық айла­­рында олардың жылуға тө­лемі 13 мың теңгеден аспаған.

Былтыр осы тұрғын ауданда 60 коттедж салынды. Тұрғындарға жа­ңа үй­дің кілті тапсырылғанда облыс бас­­шылығы мердігер ком­па­ния­ның әр коттеджді озық технология­мен 3 айда бітіргенін айтқан болатын. Би­ыл осы тұрғын ауданда 270 үй жә­не әлеуметтік нысандар орын тебеді. Егер әр үйдің сапасы осылай болып, Қостанайдың суығына шы­дас бере алмайтын болса, ондай озық технологияның қажеті қанша? Құ­рылыс компаниясын ешкім қуып бара жатқан жоқ, неше айда салса да үйді сапалы тапсыруға болмай ма? Үй машинкамен басып шығаратын қа­­ғаз емес қой, оның қате кеткен, асы­­ғыс жасалған жерін жөндеу оңай­­ға түспейді әрі қып-қызыл ақ­ша­­сына алып отырған адамдар неге сер­гел­дең­ге түсуі тиіс?

«Ирина и К» компаниясы салған үйлерден құтыла алмай отырған тек Нұртас емес. 2014 жылы қаңтар айын­да осы құрылыс компаниясы тапсырған 9 қабатты арендалық үй­дің 9-шы қабатындағы 35-пәтерде тұ­­рып жатқан көп балалы ана Ха­мду­на Денисова қарияның қазіргі көр­ген күнін адам баласының басына бермесін дер едік.

– Мен алты бала тәрбиелеп өсір­ген көп балалы ана ретінде үйдің ке­зе­гінде 30 жыл тұрдым, қолым зор­ға жеткен баспана еді. 2014 жылы 18 қаңтарда осы пәтерге кір­дім, сәуір айында қабырғалары қап-қара болып қарайып кетті, бұ­рыш­­тарынан, аспа шамнан су ақты. Аяз­ды күндері аспа шамнан сүңгі мұздар салбырап тұрды десем, се­не­сіз бе? – дейді Хамдуна апай күй­ініп.

Үш-төрт жыл бойы зейнеткердің осы үйдің жөндеу жұмысынан қолы бір босаған емес. Қазір компанияның бұл үйге берген кепілдік үш жылы өткен. Біз келгенде де компания зейнеткерге «қайырымдылық» ретінде жалдаған құрылысшы тұсқағазын қайта жапсырып, қабырғаның су кеткен, жарылған тұстарын қай­та сылап жатыр екен. Үй ішінің кө­ше­тін адамдай астан-кестеңі шық­қан. Құрылысшы жөндеген қа­быр­ға­лар­дың іргесі қайта сулана бастапты. Пәтер иесінің айтуынша, үйдің жо­ға­­рыдағы техникалық қабаты дұ­рыс жасалмаған, жылытылмаған. Төрт жылдан бері аяз басталысы­мен пәтерінің төбесінен су ағады. Хам­дуна апай қысымен ауасы қапы­рық дымқыл үйден денсаулығы на­шарлағанын да айтты. Үйдің тех­ни­калық қабатының жасалуына құ­рылыс компаниясы ешқандай да сөз беріп отырған жоқ көрінеді. Оның шала-шарпы тастап кеткен, тө­рт жыл­дан бері тұрғындарды азап­қа салған ісін кім мойнына алады? Біз мердігер «Ирина и К» ком­па­ния­сының директоры Алек­сан­др Корчинскийге хабар­лас­қа­нымызда, ол барлық кінәні «ЖЭС» ЖШС-не жапты.

– Біздің кепілдік мерзіміміз өт­кен, «ЖЭС» жасасын, бізге кінә та­ға береді, – деді Александр Васи­ль­евич.

– Хамдуна Денисова пәтерге кір­­ген сәттен-ақ дабыл қақты ғой, сон­­д­а ол біздің кінәміз бе? Төрт жыл­­дан бері осы іспен алысып келе­міз. Жақын­да ғана «Ирина и К» компа­ния­сы құрылысшы жал­­дап, тағы да пәтерге жөндеу жүр­­гіз­ді. Кінәлі бол­­маса бұл не? Не­гі­зі «Ирина и К» ком­паниясының бар­лық үйін жаман­дау­ға болмайды, үйлері жылы, жаман емес. Ал мы­на қателіктерін дер уақы­тында дұ­рыс­тау керек еді, – дейді «ЖЭС» ЖШС директоры Татьяна Олексюк.

Қалада жаңадан салынып жат­қан үй­лердің ауласы, жолы да тың­­­ғы­лық­ты бітпейді. Облыс ор­та­­­лы­ғының Арыстанбеков кө­ше­сін­­дегі 3/10 үйдің тапсы­рыл­ға­ны­на 3 жыл­дай болса да, әлі ин­фра­­­құ­рылы­мын­да шикілік толып жа­­тыр. Үйдің кіреберістеріндегі та­бал­дырық сынып, үйдің іргетасын айналдыра құйған цемент плита екі жылда езіліп кетті. Үйлер осындай ала-құлалықпен тапсырылған соң, оның бітпейтін жұмысының бар­лы­ғы пәтер тұтынушылар коопе­ра­тивтеріне «мұраға» қалады. Тұр­ғын­дар анда-санда шулап-шулап басылады. Бірақ ол шудан бітіп жатқан іс жоқ. Күн жауса, қар ерісе, есіктің алды көлге айналып, бар су үйдің іргесіне сіңеді.

Салынған үйлер тапсырылған кез­де сапасын кім саралайды, қандай ме­кеме қабылдап алады? Осы сұ­рақ қазір көптеген тұрғындардың кө­кейін теседі.

– Бұрын 2016 жылдың 1 қаң­та­­рына дейін құрылысы біткен ны­сан­ды мемлекеттік қабылдау ко­мис­­сиясы қабылдап алатын. Оның құра­­­мына басқа мемлекеттік ор­ган­­­дармен қатар Сәулет-құрылыс ба­­қылау басқармасы кіретін. Ко­мис­сия ең бастысы нысанның са­па­сын, ол құрылыс нормаларына сәйк­ес жүр­гізілді ме, нәтижесі қалай бол­ды деген мәселелерді тексеретін, қа­­райтын. 2016 жылы 1 қаңтарда «Қазақ­стан Рес­пуб­ликасындағы сәу­лет, қала құрылысы және құ­ры­лыс қызметі ту­ралы» заңға өзге­рістер енгізіліп, құры­лысы біт­кен нысандардың қабыл­да­нуы рес­ми рәсім болып қалды. Оның қа­был­­дануына сұраныс беруші жақ­тың, мердігер компанияның, тех­ни­ка­лық қадағалау ұйымының жә­не жобаны жасаушы жақтың өкіл­дері қол қояды. Сонымен нысан пай­да­­ла­­нуға рұқсат алады, – дейді об­­лыс­тық мемлекеттік сәулет-құ­ры­­лыс бақылау басқармасы бас­шы­­сының орынбасары Берік Таң­жа­рықов. Оның айтуынша, қа­зір бұл мемлекеттік бақылау бас­қар­ма­сының қызметі құ­ры­лыс жүріп жатқандағы, жұмыс бары­сындағы шағымдарды қарау болып табылады. Оларға құрылыс алаңдарынан күні­не 5-6 дабыл түседі екен. Құ­ры­лыс нысандарының жұ­мыс қорытындысын тексеру ко­мис­сияларының шеттетілуі кәсіп­кер­лікке кедергілерді алып тастау ниетінен ту­ған, мемлекеттің кәсіп­керлікті да­мы­тудағы бір шарасы, қамқорлығы еке­ні белгілі. Бірақ кәсіпкерлердің оған босаңситын жөні жоқ.

Бір қызығы, «Нұрлы жол» бағ­дар­ламасы бойынша салынып жат­қан жеке үйлер біткеннен кейін олар­­ды қабылдап алу жүргізілмейді, яғни мердігер компания жұмысының сапа­сын ешқандай комиссия, мемлекеттік бақылау органдары тек­сер­мейді. Өйткені ол бюджет қар­жысы емес, тұрғындардың, яғни банк салымшыларының өз қаржысына салынады. Егер үй ұнамаса иесі оны алмауына, бас тар­туына еркі бар. Бірақ кезек күту­мен қолы зорға жеткен, шыны сарай­дай жылтырап, бояп-сырлап қойған үйден кім бас тартады? Қара­пайым, құрылыс ісінің бүге-ші­гесін білмейтін жандар күн суы-
са үйдің қабырғасының қарайып кете­ті­нін, төбеден су ағатынын алдын ала қайдан білсін? Тәуелсіз сарапшы тау­ып алып, оның ақылы қызметі арқылы үй­дің құрылыс нормалары дұ­рыс орын­далмағанын дәлелдеп, мер­дігер ком­панияны сотқа беру керек екен. Мұның өзі қарапайым адамдар үшін қанша бас ауру екенін сондай бас­панаға тап келгендер біледі. Үйге бір кіргеннен кейін адамдар да жылап жүріп, ипотекалық қарызын төлеуден басқа амал қалмайды. Инвесторға да мердігер компаниялардың қуа­ты мен біліктілігіне сенген дұ­рыс шығар, бірақ сапаны тексеру олар­дың жұмысына кедергі бола ма?

Біз бұл мақаланы жазғанда Қоста­найдағы салынып жатқан бар үйдің іргетасы қисайып тұр деу­ден аулақпыз. Бірақ мердігер кә­сіп­орындардың сәл де болса жауап­кер­шіліктен ауытқуы салдарынан сапа тө­мен­деп, одан адамдардың зар­дап шегетінін айту бізге парыз еді. Елбасы Үн­деуінде айтылған әлеу­мет­тік тап­сырмалардың орындалуы үшін құ­рылыс жұмыстарының санымен қатар сапасына мән бермесе, ең­бек­тің де, қаржының да желге ұш­қ­а­
ны емей немене?

Нәзира ЖӘРІМБЕТ,
«Егемен Қазақстан»

ҚОСТАНАЙ