Қазақстан • 17 Сәуір, 2018

Кәсіпкерлікті дамыту бойынша Астана 1-орында

476 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Астанада кәсіпкерліктің даму қарқыны жыл өткен сайын артып келеді. Өңірлік бизнесті дамытудағы басым бағыттар «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының төралқа төрағасы Тимур Құлыбаев пен қала әкімі Әсет Исекешев қатысқан елорда кәсіпкерлерінің дәстүрлі конференциясында кеңінен талқыланды. 

Кәсіпкерлікті дамыту бойынша Астана 1-орында

Фото: Орынбай БАЛМҰРАТ, «Егемен Қазақстан»

Осы жиында айтылғандай, елорда экономикасындағы шағын және орта бизнестің үлесі 57,4 пайызды құрап, өткен жылмен салыстырғанда 12 пайызға артқан. Бұл бағытта инвестиция көлемі де 10 пайызға ұлғайып, 944 млрд теңгеге жетті. Жалпы, қалада 100,8 мың кәсіпкерлік субъектілері тіркелген, онда 325,2 мың адам жұмыс істейді. Ескеретіні кәсіпкерлердің басым бөлігі сауда саласы, сервистік қызмет көрсетумен айналысады.

Астана қаласы кәсіпкерлер па­латасының директоры Ғани Тасмағанбетов өндіріс ошақ­тарының санын арттыру мақсатында келер жылдан бастап бас қалада бірегей жоба іске қосылатындығын мәлімдеді. Оның айтуынша, 2020 жылы көлемі 440 гектар жерді қамтитын екінші индустриялық аймақты құру жоспарланып отыр. Шағын және орта кәсіпкерлікке арналған дайын өндіріс орындарында экономиканың тетігі саналатын барлық салалар қамтылады деп күтілуде. Бастама жүзеге асса 18 мың халық жұмыспен қамтылып, шағын және орта бизнесте 130 кәсіпорын іске қосылмақ.

Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бүгінгі таңда еліміздегі кәсіп­керлерді қолдап, олардың ісінің оңға басуына дәнекер болып отыр­ғандығы белгілі. «Атамекен» па­латасының 2013-2017 жылдар аралығында кәсіпкерлікті қорғау бағытында бизнес өкілдерінен 22 мыңнан астам өтініш түсіп, оның 40 пайыздан астамы оң ше­шімін тапқан. Нәтижесінде, айып­пұлдар мен мемлекеттік орган­дардың кәсіпкерлерге қайтарған қаржысы, бизнестің қорғалған дүние-мүлкінің құны 92 млрд теңгені құраған. Ал қала бойынша 312 шағым түсіп, оның 100-ге жуығы кәсіпкерлер пайда­сына шешілген. Жалпы бір жыл ішінде кәсіпкерлерге араша түсудің арқасында 4,77 млрд теңге үнем­деліп отыр.

− Астана қаласы кәсіпкерлер палатасы өндірушілермен кезде­сіп, туындаған түйткілді мәселе­лерді шешу жолдарын қарас­ты­рады. Бүгінгі таңда көптеген кәсіпорындарда өз өнімдерін сатуда қиындықтар туындайды. Осы орайда мемлекеттік сатып алуды реттейтін арнайы комиссия бар екендігін, оған 200-дей кәсіпкер келіп, өз өнімдерін сату мәселесін жолға қойғандығын айтқым келеді. Өткен жылы 2 млрд теңгеге ұсыныс берілсе, биыл­ғы жылы 3 айдың ішінде 400 млн теңгеге отандық кәсіпкер­лер­дің өнімдерін алуға ұсыныс беріп отырмыз, – деді Ғани Тасма­ған­бетов.

Бұған қоса, палата ұсынған жеті бастаманы тілге тиек еткен ол жер учаскелері, электр қуаты және инженерлік-комму­ни­кациялық желілерге қосылу туралы ақпаратты онлайн алу мүм­кіндігі барын еске салды. Қазіргі уақытта осы бағыт бо­йынша Астана қаласы сәулет және қала құрылыс басқармасының www.saulet.astana.kz және www.gen­plan.saulet.astana.kz сайт­тар­ын­да интерактивті карта ор­на­ластырылған. Картаға Астана қа­ла­сының бас жоспары мен түбе­­гейлі жоспар жобасы, тір­кел­­ген жер учаскелері, бос жер учас­­ке­лері, аукционға шыға­ры­ла­тын жер учаскелері, қызыл сы­зық және тағы басқа ақпараттар енгізілген.    

Қала ішінде сауда-саттық жасау және қоғамдық тамақтану бойынша 600 орын кәсіпкерлерге бері­ліпті. Жалпы, Қазақстанда «Кө­ше саудасы – 1000 сауда ор­ны», «ASTANA TAXI», «Газ, жа­­нар-жағармай жобасы», «5 мың тон­налық көкөніс сақтау қой­­масы», «Сапаржай-Астана» ЖШС, «Целинсельмаш Астана» ЖШС жекешелендіру жобасы», «Ас­тана азық-түлік белдеуін қам­та­ма­сыз ету» сынды жобалардың сәтті іске асқандығын уақыт көр­сетіп отыр.

Еркежан АЙТҚАЗЫ,
«Егемен Қазақстан»