Қазақстан • 17 Сәуір, 2018

Ақселеу ағаның алтын асығы

1032 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Қазақтың рухани дүниесін дамытуға сүбелі үлесін қосқан тұлғалар аз емес.Солардың қатарында Ақселеу Сейдімбектің алар орны ерекше. Алғашқы қадамдарын журналистикадан бастаған Ақселеу ағамыздың жазушылыққа бет бұрып, одан әдебиетіміз бен мәдение­тіміздің игерілмей жатқан тың тақырыптарына зерттеулер жүргізіп, олқы жақтарын түгендеп,толтыруға белсене атсалысқанын барлығымыз жақсы білеміз. Ол қай салада, қай жерде еңбек етсе де өзінің тиянақтылығын, зеректігін, үлкен энциклопедиялық білімділігін, алғырлығын көрсетті. Халқымыздың ән, күй өнерін зерттеудегі ізденгіштігін, қажымас-қайратын, терең парасат-пайымын айрықша атап өткен жөн. Қазақ телевизиясы арқылы осы төңіректе жүргізген хабарлары көрермендердің ыстық ықыласын туғызған еді. 

Ақселеу ағаның алтын асығы

Көңілі – көктем, жаны – жаз, адамгершілігі мол жайсаң кісімен Астанаға қоныс аудар­ғаннан кейін танысып, тонның ішкі бауындай етене араласып кеттік. Ақсары өңді, сұңғақ бойлы, ақжарқын, аңқылдақ мінезді Ақселеу Сейдімбек ешкімді жатырқамайтын. Онымен жолығып, сұхбат құрғанша асығатынбыз. Кездескен сайын мәнді, мағыналы әңгі­мелерін тыңдайтынбыз.

«Дала мен қала» газетінің Астанадағы меншікті тілшісі болғанымызда Ақселеу Сей­дім­бек көбіне «Жұрт оқи­тын тартымды, қызықты материалдар жазғаның дұрыс» деп ақыл айтатын. Қазақтың белгілі ақыны Марфуға Бек­те­мірованың зайыбым екенін білген соң «Екеуің де журналист, ақын екенсіңдер. Бір үйде екі шығармашылық иесі­нің болуы керемет, ға­жайып құбылыс қой. Жұп­тарың жазылмасын, жақсы дүние жаза беріңдер» деп игі тілегін білдірген.

Марфуға «Ауыл» газе­тінде жұмыс істейтін. Ақсе­леу ағамен хабарласып, сұх­­бат жүргізуге келісімін алды. «Бірге барайық, сол кісімен әңгімелесейік» деген соң екеу­міз Еуразия ұлттық уни­верситетіне бардық. Аға­мыз жұмыс кабинетінде ақ­жарқын қалпымен қуана қарсы алып, қойылған сұрақ­тарға жауап беріп, мазмұнды, ойлы сыр тиегін ағытты.

Журналист Марфуға Бек­темірованың филология ғы­лымдарының докторы, профессор Ақселеу Сей­дім­бекпен жүргізген сұх­баты «Ауыл» газетінде «Қа­зақ­тың даласы – жер бе­тіндегі жұмақ екен» деген та­қырыппен жариялан­ды. Қазір сол сұхбатты оқып отыр­сам, ғалым елдің жа­йы, тіліміздің тағдыры төңі­регінде қаншама ұлағатты сөздер айтқан екен.

2007 жылы Марфуғаның «Аққуым менің қайдасың?», «Менің Атлантидам» кітап­тары жарық көрді. Осы­ған байланысты Балалар мен жасөспірімдер кітап­ха­на­сында шығар­ма­шылық кеш өткізбек болып, бір­қатар ақын-жазу­шыларды шақырдық. Кеш­ке Ақселеу Сейдімбек, Қой­­­шығара Сал­ға­ра, Серік Тұр­ғынбекұлы, Тұр­сын Жұртбай секілді қалам­­герлер келіп, біраз жұрт жиналды. Сол алқалы басқосуда Ақселеу Сейдім­бек ғалым ре­­тінде Марфу­ға­ның өлең­деріне жо­ғары баға беріп, игі тілегін білдірді.

– Айналайын, Марфуға, бүгінгі шығармашылық ке­шің құтты болсын! Өлең­деріңде терең сезім бар. Ой­ға, сырға толы жырларың осылай жарқырап шыға бер­сін. Бұдан да үлкен ауди­торияларға шығып, жаңа кез­десулер өткізуің керек. Қанатың талмай, жыр кө­гінде қалықтай бергейсің,-деп ағынан жарылып, қорап­шаға салынған алтын жала­тылған асықты сыйға тартқан еді. Марфуға бұған қатты қуанды. Ақселеу ағаның сол «алтын асығын» әлі күн­ге шейін отбасымыздың қасиет­ті жәдігерлерімен бір­ге көздің қарашығындай сақтап келеміз.

Марфуға мемлекеттік тапсырыс бойынша өлеңдер жинағын шығарар алдында Ақселеу Сейдімбек «Тобыл­ғы түн» өлеңің тамаша, түнді тобылғыға ұқсатуың да тың теңеу екен. Кітабыңның атын осылай деп қойғаның жөн шығар» деп кеңес берді. Өлеңдер жинағы осы атпен 2011 жылы Алматыдағы «Қа­зығұрт» баспасынан жа­рық көрді.

Халқымыз «Жақсы сөз – жарым ырыс» дегендей, ұлтымыздың мақтанышына айналған жайсаң жанның өзінің соңынан ерген аяулы қарындасының шығар­машылығын бағалауы жүрек тебірентеді. Оның «Дегдар ақын» деп аталатын екі жарым беттік пікірі әуелі «Қазақ әдебиеті» газетінде, Мар­фуғаның жаңағы «Тобылғы түн» кітабында алғысөз ретін­де жарияланды.

2008 жылдың 26 қыр­күйегінде Марфуғаның туған күніне әрі 50 жасқа толуына байланысты Ақселеу ағаны, көршіміз Астана қалалық орталық кітапхана жүйесінің директоры Сапарғали Балық­баевты зайыптарымен ша­қырдық.

 Біздің үйге Ақселеу аға­ның келуі үлкен қуаныш болды. Марфуға екеуміз үшін шаңырағымызға күллі қазақ әдебиетінің ауылы, марғасқа-жайсаңдары, алыптар тобы келгендей керемет әсер етті. Жазушы дастарқан басында әдебиет, мәдениет пен өнер тақырыбында, атақты ақын, қаламгерлер жайлы, адамгершілік, ұлттық тәрбие төңірегінде сыр шертті. Ет турап жатқан маған қарап, қа­зақтың қонақжайлығына, мал мүшелерінің қандай кі­сілерге берілетініне тоқ­талды. «Қазақ қойдың басын үйітіп, ұқыптап тазалап, төр­де отырған құрметті мей­ма­нына ұсынады. Бас­қа ұлт­тар­да бұл сирек кездеседі», деді.

Бірде кездескенде Ақсе­леу аға бізге «Екеуің де журналист, ақынсыңдар. Жа­зу қолдарыңнан келе­ді. Жеке газет ашып, шы­ғар­машылықпен айна­лы­сыңдар» деп кеңес берді. Сол кісінің ақылымен Мар­фуға екеуіміз «Есіл» газетін ашып едік, сол газетті он жыл бойы қиналсақ та шығарып келеміз.

Бәріміз Ақселеу аға­мыз­дан қапияда айырылып қалдық. Бізге ақылын ай­тып, қамқорлық жасап жүретін ізгі жүректі адам­ның көз жұмуы оңайға тиген жоқ. Өкінішке қа­рай, қа­зір ондай жандар сау­сақ­пен санарлық.

Марфуға өзіне «Дегдар ақын» деп жоғары бағасын берген Ақселеу аға жайлы естелік жазам деп жүрген. Аяқ астынан өзі бақилық болды. Бұл қаза да бізге ауыр соққы боп тиді. Ортамызда бо­йымен де, ойымен де сұң­ғақ көрінетін Ақселеу аға­мыз да, жалынды, жаһұт жырларын оқып, жайраңдап жүретін Марфуға ақын да жоқ. Ақселеу аға жайлы Марфуға жазам деген есте­лікті егіле толғанып, жан жүре­гім ауырып мен жазып отырмын. Жұлдыздай зымырап өтіп жатқан өмір-керуен деген осы. Ақселеудей асыл ағамыздың жоқтығы әрқа­шан сезіледі. Бірақ қазақ әдебиетіне, мәдениеті мен өнеріне өлшеусіз еңбек сіңір­ген Оқжетпестей биік, дара тұлғаның жарқын бей­несін халқымыз, мәңгілік есінде сақтап, айрықша құрметтейді.

Есенгелді СҮЙІНОВ,

ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

Астана