Қазақстан • 17 Сәуір, 2018

Хат қоржын (17.04.2018)

677 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Хат қоржын (17.04.2018)

...жаңалығын жеткізеді

Кәсіпкерлер спорт кешенін салып берді

Тәуелсіздігіміздің мерейлі мерекесіне орай Маңғыстау ауданының Ақшымырау ауылында Қаралда балуан атындағы жаңа спорттық кешен пайдалануға беріліп, ел-жұрт ризашылыққа бөленген болатын.

Жаңа нысанның жалпы көлемі 1 200 шаршы метр. Кәсіпкерлер құрылысына 30 млн теңгеден астам қаражат бөліпті. Волейбол, бокс пен қазақша күреске арналған залдан басқа жаттығу залы да қарастырылған. Киім ауыстыратын және жуынатын бөлмелері бар.

Жасөспірімдердің осы арманын жүзеге асыру үшін «Жаңа адым» қоғамдық қайырымдылық қоры құрылды. Кәсіпкерлердің қолдауымен және ауыл тұрғындарының ауызбіршілігінің арқасында Қаралда балуан атындағы заманауи спорттық кешен құрылысын бастау туралы бірауыздан шешім қабылданды. Егер тағы да демеушілер табылса, дзюдо мен самбо секцияларын ашпақшы. Қазіргі таңда Маңғыстау ауданында 3 мыңнан астам жасөспірім спортпен шұғылданады.

Дүйсенбек СӘДІҒҰЛОВ
Маңғыстау облысы

 

...ұсыныс жасайды

Астанамыздың мәртебесін асқақтатайық

 Астана қаласы тәуелсіздігімізбен бірге жасап, гүлденген, сән-салтанаты жарасқан әлемге әйгілі қалалардың қатарына қосылды. Елбасының тікелей басшылығымен әрі қолдауымен дүниежүзілік деңгейдегі салиқалы жиындар мен форумдар осында өтіп, Қазақ елінің, оның астанасының мәртебесі айдай әлемге паш етілуде. Елордамыз арқылы әлем жұртшылығы тәуелсіз Қазақстанды жақынырақ танып, ерекше құрметтейтін болды. Отандастарымыздың да Астанаға деген ықыласы, сүйіспеншілігі шексіз.

 Бірде «Егемен Қазақстан» газетінде мынадай ұсыныс жасаған болатынбыз: «Бұрындары Алматыға жүрдек пойыз келіп жақындағанда біз Қазақстан Республикасының астанасына келдік деп хабарлама жасалып, мемлекеттік әнұран ойналатын. Сол бір сәт кәрінің де, жастың да жүрегін ерекше бір әсерге бөлеп, қуаныш сезіміне бөлейтін. Ендеше бүгінгі Астанамыздың да мәртебесін асқақтату үшін осы бір мерейлі рәсімді қайта жандандыру керек сияқты. Біздіңше жақсы нәрсені жаңғыртқанның несі айып. Тәубе дейік, Алла бізге үнемі жақсылық бергей».

 Ойымыздың тобықтай түйіні – Астана қаласын қазақ ұлтының брендіне айналдыру бүкіл елімізге де, өскелең ұрпаққа да үлгі-өнеге болар еді.

Айдос ӘБУТӘЛІПҰЛЫ,
Еңбекшілдер ауданының құрметті азаматы

 Көкшетау

 

...сүйсінісін білдіреді

Киелі Тәуелсіздік нұры

Тәуелсіздік таңы атқалы бері біз көптеген жетістіктер мен талай белестерді бағындырып, елеулі табыстарға қол жеткіздік. Біздің алдымызда әлі де жеңіп шығар қиындықтар мен бағындырар биік шыңдар жетерлік. Әуелі біздер саналы да тәрбиелі, білімді де жігерлі болғанда ғана алдымыздағы сан тарау жолдар мен қамалдарды алып, биік мақсатқа жете аламыз. Әрбір азамат елінің өткенін үнемі жадында сақтап, ертеңгі болашағына сеніммен қадам басуы тиіс. Білім, өнер қуған жастарға елімізде еш шектеу жоқ. Демеу беріп, болашақта білікті маман болуға көмек зор. Осының барлығы – Қазақстанның тәуелсіз ел болуы мен Елбасымыздың кемеңгер саясатының арқасы. Сондықтан берілген бар мүмкіндікті молынан пайдаланып, Отанымызға адал еңбек етіп, Қазақстанды биікке жетелейік.

Айман НАЗАРБЕКҚЫЗЫ

Қызылорда облысы,

Жаңақорған ауданы

 

...ой бөліседі

Ақ пен қара

 Абай атамыз баласы Әбдіраxманды сынау үшін «Ақ түс жақсы ма, жоқ әлде қара түс жақсы ма?» деп сұрапты деседі. Әбдіраxман «Ақ түс» жақсы дегенде, Абай атамыз оған қарсы шығып: «Қара түс жақсы. Адам баласы қайратты, күшті, қуатты кезінде шашы қара болады. Жас баланың шашы ағарып кетсе, онда әсемдіктен, әдеміліктен белгі де қалмайды. Ақ қағазға да xат қара сиямен түседі. Адам баласы өзі ардақ тұтқан қадірлі затын көзінің қарашығындай сақтайды. Сондықтан қара түс жақсы» деген ыңғайда әңгіме айтады.

 Сонда Әбдіраxман: «Сіз оны қалай білдіңіз?» деп сұрайды. Абай атамыз: «Мен оны ақылыммен, миыммен, санаммен білдім» дейді. Әбдіраxман: «Сіз сол ақыл-ой мен санаңыздың түсін қандай деп ойлайсыз?» дегенде, Абай атамыз: «Ақ қой, ақ» деп күлген екен.

 Ақ пен қара. Мәңгілік текетірес. Аңыз әңгіме, ертегілерде қара ылғи басымдыққа ие болып келеді де, соңғы сәтте ақ әйтеуір жеңіс тұғырына көтеріледі. Мән берсек, адам баласы да осындай текетіресті, қайшылықты өмір кешеді. Сол арпалыспен өмір де соңғы межеге таяиды. Өмір атты майданнан таяғына сүйенген қария ілби басып шығып келе жатады. Бойында әл де, күш те, қуат та қалмаған. Бірақ, сақал-шашы әппақ. Демек ол өмір майданында жеңіске жетті. Қарадан ақтың үстем тұратынын дәлелдеді. Алайда қарттыққа жасалар құрметте оның дәрежесі мен байлығы қаперге алынбауы тиіс. Дінімізде жасы келген адамға оның кім болғанына қарамастан құрмет көрсетіледі.

 Иә, біз де қарттарымызды қазына көріп, құрметтейміз. Біздің ақ шашты күміске балайтынымыз бар. Шынтуайтына келгенде ол – нұр ғой. Алланың нұры. Қарттардың қазына болатындығы сондықтан.

Құдияр БІЛӘЛ

 

 ...үлгі тұтады

Шарапатты жандар көбейе берсін

Өкiнiшке қарай кейбiр балада ақыл-ой сезiмi дамымай қалады. Оған тұқым қуалаушылық, қоршаған ортаның экологиялық әсерi, отбасының әлеуметiк жағдайы сынды себептер әсер етедi. Соңғы мәлiметтерге қарағанда, елiмiзде 140 мыңнан астам мүмкiндiгi шектеулi бала өмiр сүредi екен. Олардың 74 мыңы – мүгедек. Мұндай балалар елiмiздiң барлық аймағында бар.

Алматы қаласының Жетiсу ауданында кемтар балалар мен 18 жастан асқан мүгедектерге әлеуметтiк көмек беру шаралары жүйелi түрде ұйымдастырылып тұрады. Бұл мәселенi Жұмыспен қамту және әлеуметтiк бағдарламалар бөлiмi атқарады. Бөлiм қызметкерлерi қоғам назарын аудару үшiн демеушiлер iздейдi, түрлi мекемелерге хат жазып, игiлiктi iске мұрындық болуға шақырады. Қуаныштысы, соңғы жылдары кемтар балаларға көмек қолын созған жандар қатары артып келедi. Ал атын атамауды өтiнетiн, мүмкiндiгi шектеулi балаларға жасаған көмегiн дабыра қылғысы келмейтiн кеңпейiл адамдар қаншама! Оларға Жаратқанның нұры жаусын деймiз. Өйткенi мүгедектi мүсiркеу – сауап. Шарапатты жандар көбейген сайын мүгедектiң де мұңы сейiле бередi.

Бағдат ЕСЕЕВА,
әлеуметтiк қызметкер

Алматы