Жазғы спорт • 17 Сәуір, 2018

Александр Винокуров: Шетелдік мамандар «Астананы» әлемнің ең үздік велокомандасы деп мойындады

610 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

«Астана» Президенттік кәсіпқой спорт клубының құрамындағы «Астана» велокомандасының өкілі Михаэль Вальгрен үш күн Нидерландыда өткен «Амстел Голд Рэйс» біркүндігінің жеңімпазы атанып, еліміздің велоспорт жанкүйерлерін бір серпілтіп тастағаны жасырын емес. Осындай айтулы жеңістен соң команданың бас менеджері, Лондон Олимпиадасының чемпионы Александр ВИНОКУРОВПЕН әңгімелесіп, команда үшін сәтті басталған маусым туралы пікірін білген едік. Бір қызығы, осыдан 15 жыл бұрын дәлі осы біркүндікте  Александр өзі де жеңіске жеткен-ді.

Александр Винокуров: Шетелдік мамандар «Астананы» әлемнің ең үздік велокомандасы деп мойындады

– Әңгімемізді бірден даниялық велошабандоз Михаэль Вальгреннің жеңісі және өткен жарыстан бастасақ...

– «Амстел Голд Рэйс» біркүндігінің өте жоғары деңгейде өтті. Себебі оған әлемнің ең үздік деген велоспортшылары қатысты. Біздің бұл жеңісіміз «Астананың» әлем велоспортындағы алатын орны ерекше екендігін және деңгейдің жоғары екендігін тағы бір дәлелдеді. Кешегі турнирде біздің команда сауатты тактика құрып, спортшылардың күш-қуатын 100 пайыз дұрыс пайдалана алды деп айта аламын. «Амстел Голд Рэйс» біркүндігі жанкүйерлердің есінде ұзақ сақталады.

– Велоспорт жанкүйерлерінің есінде шығар, сіз де осыдан 15 жыл бұрын Арденн классикасының жеңімпазы болған едіңіз. Сол кездегі әсеріңіз, қуанышыңыз есіңізде ме?

– Қарап отырсам, бұл жеңісіме де 15 жыл өтіп кетіпті. Тіпті арадан мұнша уақыт өткеніне де сенгім келмейді. Әрине, спортшы болған соң,  әрбір жеңісімізді естен шығару мүмкін емес. Бұл жеңісті дәл кеше жеңіске жеткендей есіме аламын. Велосипед әлемі осындай ірі жеңістерді ұмытпайтыны мені қатты қуантады. Біркүндік жарысының алдында әріптестерім қоңырау шалып, сол жарыстың суреттерін жіберіп, жеңісімді есіме салып жатты. Уақыт бір орында тұрмай, зулап өтіп жатқанында байқамай қалады екенбіз. Міне, бүгін біздің қол астымызда велоспорттың жаңа бір буыны өсіп келеді. Төрт айдың ішінде командамыз осымен оныншы жеңісіне қол жеткізіп отыр. Бұйырса алдағы уақытта да еліміздің көк туын биікке көтеріп, кәсіпқой спортта жанкүйерлерімізді жеңіспен қуанта береміз деген ойдамын.

– «Астана» велокомандасы үшін маусым қалай басталды? Қазақстандық велошабандоздардың нәтижелері көңіл көншіте ме және олардың болашағына қандай баға бересіз?

– Біз үшін маусым өте сәтті басталды деп сеніммен айта аламын. Қаңтар айындағы дайындық жиындарында жақсы жұмыс істедік. Нәтиже де көп күттірген жоқ. Бұл команданың, бапкерлер штабының, спорт директорларының, спортшылардың нәтижелі еңбегінің жемісі деп айтар едім. Осыдан екі ай бұрын Қазақстан велоспортының түлегі Алексей Луценконың «Оман Турындағы» жеңісін тойлап едік.

Қазіргі таңда жоғары деңгейдегі жарыстарға елімізде туып-өскен спортшыларымыз қатысып келеді. Таяуда ғана Руслан Тілеубаев Малайзиядағы жарыста өзін жақсы қырынан көрсетті. Командаға жаңадан қосылған Евгений Гидич Малайзиядағы сол жарысты Азияның үздік велоспортшысы киетін жейдемен аяқтады. Луценко мен Андрей Зейц қазір «Джиро д’Италия» Гранд-турында ел намысын қорғауға дайындалып жатыр. Осындай жетістіктеріміз бен елімізден кәсіби велоспортшылардың шығуы – мемлекеттің көп жылдан бері велоспортты қолдауының арқасы деп ойлаймын. Командамыз Президентіміздің тікелей бастамасымен жасақталғананы барлық жанкүйер біледі ғой. Сондықтан бізге мемлекет тарапынан, жанкүйерлердің алдында үлкен жауапкершілікті талап етеді. Қазіргі таңда командамыздың спортшылары әлемдік беделді пелотонда өздерін жақсы қырынан көрсетіп, елге медаль сыйлап жүрген оншақты қазақстандық кәсіпқой велоспортшымыз бар. Сонымен қатар фарм-командаларда жаңа буын өкілдері де тынымсыз жаттығып жатыр. Елімізде әуесқойлар арасындағы велоспорттың ерекше қарқынмен дамып келе жатқаны, әрине қуанарлық жайт. Осының бәрі – тұтас механизмнің жемісі. Командамыздың әлемдік деңгейдегі жетістіктері – «Астана» Президенттік кәсіпқой спорт клубының, Велоспорт федерациясының, Ұлттық Олимпиада комитетінің қыруар еңбегінің арқасы.

– Жанкүйерлер арасында «Астана» велоспорт клубында шетелдік легионерлердің саны өте көп деп сіздері жиі сынап жатады. Бұл туралы не айтасыз?

– Білесіз бе, кәсіби спорт – космополитикалық әлем. Велошабандоздарды командаға ұлтына қарап емес, спорттық қасиеттеріне қарап таңдап аламыз. Мысалы, олар – спринтерлер, талуы кезеңінің спортшылары, классиктер және тағы басқалар болып бөлінеді. Біздің командамызда жыл сайын он қазақстандық велошабандоз жарыстарға тұрақты түрде қатысады. Салыстыру үшін айта кетейін, осы маусымда британдық «Sky» командасында тек сегіз британдық шабандоз бар. Бірақ бұл команда бір кездері Лондон Олимпия ойындарының алдында жаттығу базасы ретінде құрылған болатын. Бельгияның «Quickstep» велоклубында жеті бельгиялық спортшы болса, Біріккен Араб Әмірліктерінің «Emirates» командасы сапында Әмірліктердің бір ғана шабандозы бар. Бахрейн елінің велоклубында бірде-бір бахрейндік шабандозы жоқ. Тіпті, толық испандық команда саналатын «Movistar» сапында 14 испан велошабандозы ғана бар. Бұл кәсіпқой спорт әлеміндегі қалыпты жағдай. Элиталық пелотонға тек ең мықтылар түседі. Өйткені бәсекелестік болмаса, спортшылар арасында өсу, нәтиже болмайды. Қазақстандық шабандоздар мұны өте жақсы біледі. Сондай-ақ олар сол деңгейге сәйкес болу үшін әрдайым талпынады. Ал біз өз кезегімізде велошабандоздарымызбен тұрақты жұмыс істеп, олардың спортшы ретінде өсу үшін барлық мүмкіндікті жасаймыз. Сондай-ақ олар үшін ең қолайлы жарысты таңдап беруге тырысамыз. Сондықтан кәсіби даму – нәтиженің кепілі.

«Астана» командасының жарқын жеңістерінен кейін бүкіл әлем Қазақстанның велоспорт мектебін таныды. Сондықтан велоспорт жанкүйерлері мен шетелдік мамандар «Астананы» әлемдегі ең үздік велокоманданың бірі деп мойындады.

– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен

Әли БИТӨРЕ,

«Егемен Қазақстан»