Үкімет • 17 Сәуір, 2018

Дәурен Абаев: Халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру бойынша екі бағыт белгіленді

355 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев халықтың цифрлық сауаттылығына байланысты белгіленген екі бағытты атады. Бұл туралы ол Үкімет отырысындағы баяндамасында мәлімдеді.

Дәурен Абаев: Халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру бойынша екі бағыт белгіленді

Бүгінгі Үкімет отырысында баяндама жасаған министрдің айтуынша, халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру бойынша екі бағыт белгіленген.

«Біріншісі - орталық мемлекеттік органдар халық пен кәсіби кадрларға осы сала бойынша жан-жақты білім береді. Ал екінші бағыт бойынша ел тұрғындарын жергілікті атқарушы органдар оқытатын болады», - деді Дәурен Абаев.

Бірінші бағыттың аясында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Денсаулық сақтау, Білім және ғылым, Ауыл шаруашылығы министрліктері жауапты мемлекеттік органдар ретінде қатысады. Аталған мемлекеттік органдар цифрлық сауаттылыққа байланысты қосымша білім беруге атсалысады.

«Мәселен, Ұлттық экономика министрлігі «Бизнесті жүргізу» атты кәсіпкерлерді ауқымды оқыту жұмыстарын жүргізіп жатыр. Демек, осы оқыту бағдарламасына цифрлық саланы қосу жоспарланған. Осыған ұқсас тәсілді педагог кадрлар мен тағы басқа мамандардың біліктілігін арттыру кезінде пайдалану көзделген. Оқытуға жоспарланған кәсіби мамандардың саны - 385 мың адам. Сонымен қатар, 8 миллион азаматты мемлекеттік электрондық қызмет алуға және онлайн-сауда жүйесін игеру бойынша базалық білімге үйрету көзделген. Бұл «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы мен «Қазпошта» АҚ базасында жүзеге асырылады», - деді Дәурен Абаев.

Министрдің баяндамасына сәйкес, қазіргі таңда ел тұрғындарының цифрлық сауаттылығының базалық деңгейі 77 пайызды құрайды. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 78,5 пайызға жеткізу жоспарланып отыр.