Үкімет • 18 Сәуір, 2018

Үкімет отырысында республикалық бюджеттің орындалу қорытындылары қаралды

231 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Кеше Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың төраға­лы­ғымен Үкімет отырысы өтіп, онда 2018 жылдың І тоқсанындағы әлеуметтік-экономикалық даму және республикалық бюджеттің орындалу қорытындылары қаралды. Жұмысы тіркелмеген тұлғаларды ел экономикасына тарту жөніндегі жол картасының іске асырылу барысы талқыланды. Бұған қоса халықтың цифр­лы сауаттылығын арттыру және мемлекеттік қызметтерді көрсету тақырыбы да кеңінен сөз болды. 

Үкімет отырысында республикалық бюджеттің орындалу қорытындылары қаралды

Ел экономикасында даму қарқыны байқалып отыр

Биылғы жылдың бірінші тоқсанында ел экономикасының даму қарқыны айтарлықтай артып отыр. Елдегі өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығының және көрсетілетін қызметтер саласының өсуі есебінен ІЖӨ 4,1 пайызды құ­раған. Былтырғы жылы бұл көр­сеткіш 3,6 пайыз болған еді. Бұл ретте инвес­ти­цияның артып, ин­фля­цияның төмендеуі де жалпы өсімге ықпал етіп отырғандығы түсінікті. 

– Инфляция жыл басынан бері 1,8 пайызды құрады. Бұл 2017 жыл­дың сәйкес кезеңі бойынша 0,5 пайызға төмен. Жылдық мән­дегі инфляция – 6,6 пайыз. Өнеркәсіптегі өсім 5,3 пайызды құрады. Бұл рет­те өңдеу өнеркәсібі озық қар­қын көрсетіп отыр. Кен өндіру өнеркәсібінде өндіріс 5,1 пайызға өскен. Бұл салада табиғи газ өндірісі − 6,2 пайыз, мұнай − 6,1 пайыз және темір кені 3,7 пайызды көрсетіп отыр, – деді Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов.

Министрлік келтірген ақпа­ратқа сүйенсек, ауыл шаруа­шы­лығында динамика жақсарып, өсім 3,6 пайызды құрған. Әсіресе мал шаруашылығы өнімдері 3,8 пайызға артқан. Ал І тоқсандағы бастапқы екі айда құрылыс саласы тұралап қалған болатын. Соңғы көрсеткіште құрылыс жұ­мыстарының 5,9 пайызға жоға­ры­лағандығын аңғаруға болады. 

Жиында белгілі болғандай, елімізде соңғы уақытта жалақы өсіп, наурыз айында орташа айлық еңбекақы нақты көріністе 2,4 пайызға артып, 153,2 мың теңгені құраған. Еңбек нарығындағы жағдай орнықты, деп баға берген Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов осы жылдың наурызында жұмыссыздық 4,9 пайыз деңгейінде сақталғандығын айтты. 

Үкімет АҚШ-тың Ресейге қа­тысты санкцияларының Қазақстан экономикасына қаншалықты әсер ететінін сараптап шықты. Осыған орай, рубль бағамының өзгеруі бойынша бірнеше сценарий әзірленген. Ұлттық экономика министрі Т.Сүлейменовтің айтуынша, долларға қатысты рубль бағамының үш – 70, 80 және 90-ға дейін баратын сценарий қарастырылған. Сол бойынша теңгенің қалайша өзгеретіні де пысықталмақ. 

– Біз макроэкономикалық сараптаманы да өткіздік. Яғни Қазақстанның ішкі жалпы өні­мінің өсуі қалай өзгереді, сол жағы зерделенді. Оның сыртында инфляция, жұмыссыздық деңгейі және бюджеттің көрсеткіштері де қаралды. Санкциядан кім және қандай кәсіпорындар зардап шегуі ықтимал жағын да қарастырып шықтық. Осыған байланысты Үкіметтің бірлескен іс-қимыл жоспары әзірленді. Үш сценарийдің біреуі іске асып жатса, тиісті шаралар қолға алынады, – деді Т.Сүлейменов журналис­терге берген сұxбатында. Ми­нис­тр­дің айтуынша, әзірше рубль­дің долларға қатысты баға­мы 61-62-нің айналасында болып тұр. Оған мұнайдың бағасы да оң әсер етіп отыр. Десе де, рубль бағамы­ның өзгеруін тікелей тең­гемен бай­ланыстыруға болмайты­нын айт­қан министр, АҚШ-тың санк­ция­­лары Қазақстанға еш әсер ет­пей­тініне, теңгенің шекті баға­мы бұ­ған дейін болжанған 340 кө­­ле­­­­мінде сақталатындығына сен­дірді. 

Биылғы жылы да мемлекеттік бюджеттің толық игерілмей отырғандығын Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов атап көрсетті. Қазына қаржысынан бөлінген 95 млрд теңге әлі ешқайда бағыт­талмаған. Оның 6,5 млрд теңгесі үнемделген қаражат болса, иге­ріл­меген сома 89 млрд теңгені құ­райды. Ескеретіні, игерілмеген қаражаттың 62 млрд теңгесі Қор­ғаныс министрлігіне тиесілі болса, қалған 20 млрд теңгені Мә­дениет және спорт, Ішкі істер, Ауыл шаруашылығы, Білім және ғылым, Әділет министрліктері мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті игеруі тиіс еді.

Бюджет параметрлерінің орындалуына толығырақ тоқ­тал­ған министр салық пен сыртқы сау­да айналымындағы жоспар­лар да белгіленген межеден асы­ра орындалғанын атап өтті. Қазақ­станның Еуразиялық экономи­калық одақ (ЕАЭО) елдерімен өзара сауда көлемі 2018 жылдың қаңтар-ақпанында 2605,8 млн долларды құрады. Бұл 2017 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 6,1 пайызға артық. Қазақстанның ЕАЭО елдеріне экспорты − 839 млн долларды, ал импорт − 1766,8 млн доллар­ды құраған. Қа­зақ­станның ЕАЭО елдерімен сырт­қы сауда ай­на­лымының жалпы көлемі Ресеймен − 91,6 пайыз, Қыр­ғызстанмен − 4,5 пайыз, Бела­русь­пен − 3,8 пайыз және Арме­ниямен 0,1 пайызды құрап отыр. Өз бағыттары бойынша Ин­­вес­­тициялар және даму минис­трі Жеңіс Қасымбек, Энергетика бірінші вице-министрі Махамбет Досмұхамбетов 2018 жылдың бірінші тоқсанындағы жұмыс нәтижелері туралы баяндады.

2018 жылдың І тоқсанында мұнай және конденсаттың мөлшері 22,4 миллион тоннаға жетті. Бұл өткен жылдың сәйкес ке­зеңімен салыстырғанда 6,1 пайыз­ға және осы жылдың алғаш­қы тоқсанына көзделген жос­пардан 2 пайызға артық. Ірі үш жоба бойынша мұнай өнді­рісінің көрсеткіші 13,5 миллион тоннаны құрады. Атап айт­қанда, «Қашаған» кен орнында өн­д­іріс 2,9 млн тоннаға, «Теңіз» кен орнында 7,4 млн тоннаға, «Қара­шығанақта» 3,2 млн тоннаға жетті, деді Энергетика бірінші вице-министрі М.Досмұхамбетов. Оның айтуынша, жыл басынан бері 18 миллион тонна мұнай экспортталған. Қайта өңделген мұнайдың мөлшері 3,9 млн тоннаны құрап, жылдың сәйкес кезеңімен 9,4 пайыздық өсімді көрсетіп отыр. Осы жылдың алғашқы жартыжылдығында үш мұнай өңдеу зауытында мұнай өнімдерін өндіру мөлшері 2,8 млн тоннаға жеткен. 

Сондай-ақ Энергетика бірінші вице-министрі М.Досмұхамбетов көктемгі егін жұмыстарына дизель отынының қажеттілігін қамтамасыз ету толық көлемде орындалғандығын айтты. Дизель отынын жеткізудің бекітілген кестесі шеңберінде ауыл шаруашылығына 375 мың тонна, оның ішінде, Атырау зауыты арқылы 79 мың тонна, Павлодар зауыты арқылы 233 мың тонна, Шымкент зауыты арқылы 63 мың тонна көлемінде дизель отыны жеткізілуде. Наурыз айына жоспарланған 109,5 мың тонна дизель отыны көлемінің 109,7 мың тоннасы жөнелтілді және сәуір айында жоспарланған 134,5 мың тонна дизель отынының 25,5 мың тоннасы жөнелтілді, деді Энергетика бірінші вице-министрі.

Үкімет басшысы Бақытжан Са­ғынтаев әлеуметтік-эко­но­микалық даму көрсеткіштеріне баға беріп, Елбасының Үкіметке экономика өсімін қамтамасыз ету бойынша жоғары нәтижелерге қол жеткізу міндеттерін қойып отырғанын, бұл міндеттің баршаға ортақ екенін тілге тиек етті.  Жиында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова бейресми жұмыспен қамтылған адамдарды ресмилендіру және ел экономикасына тарту жөніндегі жол картасының іске асырылу барысы туралы баяндады.

Жыл басынан есептегенде мемлекеттік органдардың дерекқорындағы 2,7 млн азаматтың мәртебесі анықталмаған. Бүгінгі таңда 607 мың адамның мәртебесі нақтыланды. Оның ішінде 197 қызметкер еңбек шартын жасап, міндетті зейнетақы жарналарын аудара бастады. 12 мың кәсіпкер қызметтерін тіркесе, 16 мың адам жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына қатысты, деді министр. Ол барлық өңірде азамат­тардың мәртебесін анықтау шара­лары жүргізіліп жатқанын, 2018 жылдың І тоқсанында рес­милендіру жөніндегі өңірлік штаттар құрылып, жол карталары бекітілгенін атап өтті.

Ақпараттық сауаттылықты арттыруға мән беріледі

Халықтың цифрлы сауат­тылығын арттыру барысы қалай жүзеге асырылатыны туралы сөз еткен Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев 2022 жылға қарай Ақпарат және коммуникациялар министрлігі тұрғындардың ақпараттық сауаттылық деңгейін 83 пайызға дейін көтеруді жоспарлап отырғанын айтты.

Бүгінгі күнгі көрсеткіштерге сәйкес, тұрғындардың цифр­лы сауаттылығының деңгейі 77 пайызды құрайды. Жылдың соңына дейін оны 78,5%-ға дейін көтеру көзделіп отыр. Осыған сәйкес цифрлы сауаттылықты арттыруға бағытталған әдіс­темелік ұсынымдар жасалды. Тыңдармандарға қатысты талаптар, цифрлы сауаттылыққа оқытудың санаты мен формасы келтірілді. Сондай-ақ негізгі бағыттар бойынша оқытудың 4 бағдарламасы: базалық цифр­лы дағдылар, ақпараттық және транзакциялық дағдылар және электронды коммерциялық дағдылар бар, деді Д.Абаев. Оның айтуынша, халықтың цифрлы сауаттылығын арттыру бойынша екі бағыт белгіленген. Біріншісі − орталық мемлекеттік органдар халық пен кәсіби кадрларға осы сала бойынша жан-жақты білім береді. Атап айтқанда, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Денсаулық сақтау, Білім және ғылым, Ауыл шаруашылығы ми­нис­трліктері жауапты мемле­кеттік органдар ретінде қатысады. Аталған мемлекеттік органдар цифрлы сауаттылыққа байланысты қосымша білім беруге атса­лысады. Мәселен Ұлттық эконо­мика министрлігі «Бизнесті жүр­гізу» атты кәсіпкерлерді ауқымды оқыту жұмыстарын жүр­гізіп жатыр. Демек, осы оқыту бағдарламасына цифрлы саланы кіріс­тіру жоспарланған. Ал екінші бағыт бойынша ел тұрғындарын жер­гілікті атқарушы органдар оқытпақ.

Бұған қоса, 8 миллион азаматты мемлекеттік электронды қызмет алуға және онлайн-сауда жүйесін игеру бойынша базалық білімге үйрету көзделген. Бұл «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы мен «Қазпошта» АҚ базасында жүзеге асырылады. Екінші бағыт аясында жергілікті атқарушы органдар ХҚКО және Қазпоштамен бірлесе отырып, елдің барлық түкпір-түкпірінде оқытылмақ.

Еркежан АЙТҚАЗЫ,
«Егемен Қазақстан»