Әлем • 18 Сәуір, 2018

Санкциялардың Ресейге салдары қандай?

497 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Әлемнің бірқатар ақпарат құралдары АҚШ-тың БҰҰ-дағы тұрақты өкілі Никки Хейлиге сілтеме жасап, 16 сәуірде Ресейге қатысты жаңа санкциялар енгізілетіні жөнінде жариялағаны белгілі. Алайда Lenta.ru агенттігінің The Washington Post-қа сілтеме бере отырып хабарлауынша, АҚШ президенті Дональд Трамп жаңа санкцияларды тоқтата тұру туралы шешім қабылдаған.

Санкциялардың Ресейге салдары қандай?

РБК агенттігінің хабарлауынша, жаңа шектеулер Ресейге мемлекеттік қарыз бойынша қиындықтар туғызып, SWIFT жүйесінен ажыратуға дейін жетуі мүмкін. Оның біріншісі Ресей­дің мемлекеттік қарызының үштен бірін иеленіп отырған шетелдік инвес­торларға соққы болса, екіншісі – банктерді халықаралық төлем байланысынан айыру. Бірақ Никки Хейли суыртпақтап жеткізген жаңа санкция­лар әзірге енгізілген жоқ.  

Жаңа замандағы саяси және эконо­ми­калық санкциялар – тарихтағы бір елдің екіншісіне қысым көрсетуде қолданылатын ескі әдісі. Халықаралық қарым-қатынастардағы қайшылық, мүдделер қақтығысы кезінде мемлекеттер санкцияға жүгінетін болды.

Санкцияны енгізушілер шығынды асырып, құрсауда қалғандар кемітіп айтады. Тіпті өздеріне пайдалы тұс­тарын іріктеп алады. Алайда кез-келген шектеулердің жаһандық эконо­микаға кіріккен қай тарапқа болмасын есепсіз шығындар әкелетіні белгілі. Біз жуырдағы бір жағдаятты ғана мысалға алып, бергі зардаптарын ғана шолып өтейік. 

Бұдан бұрын «қаралы дүйсенбі­ден» кем болмаған 9 сәуірде Ресейдің алпауыт кәсіпкерлері бір сәтте 14,3 млрд долларға кедейленіп, сең соққан балықтай болды. Ал рубль күрт құлдырап, 2017-2018 жылдардағы төмендеудің шегіне жетті. Lenta.ru агенттігінің хабарлауынша сарапшылар жағдайдың бұлай ушығуын алдын ала ескертті де, бірақ 2014 жылдан бергі қыспақтың қамытына еті үйрене бастаған кәсіпкерлер оңды пікірлердің өзін елеусіздеу қал­дырып отырды. Бұл – 6 сәуір күні АҚШ Қаржы министрлігінің Ресейге бағыттаған жаңа санкцияларының екпіні болатын.  

Сол күнгі қара тізімге енген бизнесмендер Олег Дерипаска, Игорь Ротен­берг, Виктор Вексельберг пен Ресей Федерациясы кеңесінің мүшесі Сулей­ман Керимовтердің қай-қай­­сысы да осал емес еді. Соны­мен қатар Ресейдің шикізатын игеріп отырған «Газпром», «Сургутнеф­тегаз», «Газпромбанк» басқа да алпауыт ком­паниялардың басшылары санкцияға ілікті. 

Бір ғана мысал. Орыс алюминиі­нің қожасы Олег Дерипасканың иелігіндегі «Русал» компаниясының акциясы күндіз 27-30 пайызға арзандай келе, сауда басталар алдында 46,9 пайызға дейін құлдырай жөнелген. Алпауыттың өзге компаниялары да төбеден жай түскендей жайтты бас­тан кешкендіктен, Лондон биржасы олардың бірқатарының саудасын тоқтата тұруға мәжбүр болды. 

Қатаң реттеулер күштік құрылым­дарға тиесілі компанияларды да қамты­ды. Осы шаралар аясында тізім­­­дегі қожалықтарға визалық шек­теу­­­лер белгіленді, олармен қан­дай да бір байланыс орнатуға, қаржы­­лан­дыруға тыйым салынып, Амери­ка аумағындағы активтерін бұғат­тауға тап болды. «Ведомости» басылы­мын­да жарияланған Ресей жоғар­ғы эко­но­м­икалық мектебі Даму орталы­ғы­­ның директорының орынбасары Валерий Мироновтың пікірінше, АҚШ-тың келесі қадамы жеке капи­тал­дың Ресейден бұрынғы болжамнан да артық көлемде сыртқа шығуына ық­пал етіп, 49 млрд долларға жетуі мүмкін. 

Биылғы қаңтар айының соңын­­­да АҚШ қаржы министрлігі конгресс­ке Ресейдің жоғары шенділері мен ал­пауыт­­тарының 210 адамнан тұратын тізімі – «Кремль есебін» берген болатын. Ол санақтағылардың көбі үкімет мүшелері мен өзге де мемлекеттік құрылымдардың басшылары еді. 

Бұл саяси-экономикалық қыспақ­тың басы да, соңы да еместігі белгілі. Ендігі шектеулерді Ресей прези­дентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков ресейлік компанияларды халықаралық нарықтан ығыстырып тастау деп бағалады. Сондай-ақ ол РБК телеарнасына берген сұхбатында бұл әрекет Дүниежүзілік сауда ұйымының халықаралық құқықтары мен талаптарына сай келмейтіндігін атап өтті. 

Ал Ресей тарапы отандық экономиканы тұрақтандыруға бағытталған шараларды жалғастыра бермек. Әрине соңғы 4 жылда қыспаққа алынған Ресей басшылығы да қарап қалған жоқ. Америкаға және оның санкция­ларын қолдағандарға бағыттай отырып қарымта құжаттар әзірлеп жатыр. 

«Россия сегодня» агенттігінің хабарлауынша, ресейлік заң шы­ға­рушылар АҚШ тарапының әрекет­теріне байланысты екі елдің авиация, аэроғарыш және атом саласындағы байланыстарына шектеулер енгізетін заң жобасын дайындап қойған. Оның мемлекеттік Думада талқыға салынатын уақыты әзірге белгісіз болса да, президент әкімшілігі қолданылатын шараларды талдап жатқанға ұқсайды.  

Атап айтқанда, заңгерлер америка­лық ұшақ жасаушы компания­­ла­р­ға титан жеткізуді тоқтатуды ұсын­ған. Ситибанк сарапшылары­ның пікірінше, «Боинг» компания­сы өз өндірісіне қажетті титанның 35 пайы­зын Ресейден алдырады екен. Ал Американың әскерилері ға­рыш­қа барлау және коммерциялық жер се­рік­терін ұшырып отырған «Атлас V» зы­мыран тасығышының қозғалт­­қыш­тары ресейлік «Энергомаш» ком­паниясының өнімі. Бұл тәуелділік те қарсы тарапқа оңайға соқпасы анық. Сонымен қатар ресейліктер алко­голь және темекі, бағдарламалық қам­тамасыз ету мен фармацевтикалық өнімдерге қосымша шектеу енгізуі мүмкін. 

Серік ӘБДІБЕК,
«Егемен Қазақстан»