Аймақтар • 19 Сәуір, 2018

Қызылжарда қоршаған ортаны қорғау проблемалары өткір күйінде

3821 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Қызылжар өңірінде қоршаған ортаны қорғау проблемалары өткір күйінде қалып отыр. Адам денсаулығына зиян келтіретін теріс факторлардың қордалануы салдарынан түрлі науқасқа шалдығушылардың қатары көбейіп барады. Жүрек-қан тамырлары, обыр, туберкулез аурулары көп.

Қызылжарда қоршаған ортаны қорғау проблемалары өткір күйінде

Облыстық экология депар­та­ментінің мәліметтеріне сүйенсек, өңір аумағына жыл сайын бір миллион тоннадай өнеркәсіптік, 200 мың тоннаға жуық тұрмыстық қал­дықтар төгіледі екен. Соған қара­мастан қатты қалдықтар төгетін 472 полигонның небәрі жартысына жуығына жер телімдері ресімделген. Ал 14-і ғана экологиялық, санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сай жұмыс істейді. Қоршаған ортаны лас­тай­тын қалдықтар рұқсат етілмеген жер­­лерге, қолайластырылмаған алаңдарға таста­латындықтан оның құра­мындағы зиянды заттар ауаны бүл­діретіні, адам ағзасына тарайтыны айтпаса да түсінікті. Осы себепті «Жасыл» эконо­микаға» көшу концепциясының басты қағидаларының біріне қалдық­сыз технологияларды қолдану тетігінің енгі­зілуі тектен-тек болмаса керек.

Өкі­нішке қарай тұрмыстық қатты қал­дық­тардан құтылу бағытында жұмыс­тардың жүйелі атқарылмауы, бақы­лаудың босаңсуы заң бұзушылықтарға, сапалық көрсеткіштердің төмендеуіне әкеліп соқтырып отыр. Облыстық прокуратура Қызылжар ауылдық округі әкімінің жер қойнауы мен оны пайдалану туралы заңды бұзып қоқыс төгуге 8 гектар жер телімін бөлу жөнінде шешім шығар­ғанын анықтаған. Мұндай мысал­дар аз емес. Тұрмыстық қалдық­тарды залалсыздандырудың, жоюдың 2020 жылға дейінгі аумақтық жол кар­тасының орындалуы да баяу. Әсіресе арнайы орындардың құжаттамалық, техникалық-экономикалық негіз­демелерін жасау, нормативтік стан­дарттарға сәйкестендіру кейінге шегерілумен келеді.

Айтатын уәж – қаражаттың жетімсіздігі. Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қабиден Сәдуақасовтың ойынша қостанайлықтар пен қара­ған­дылықтардың тәжірибесін енгізсе, іс жылдам шешілмек. Бұл өңір­лерде әр полигонды ресімдеудің оңтай­ландыру сызбасы жасалып, шығын бірнеше есе қысқартылған. Осы жерде солтүстікқазақстандық шенеу­ніктерге кім бөгет жасап отыр деген сауал туады. Бұл мәселе бойынша екі жыл бұрын республикалық ведом­ос­твоға жазылған хаттан да нақ­ты қоры­тындының шыққаны байқал­майды.

Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауында тұрмыстық қатты қалдықтарды заман талабына сай утильдеу және қайта өңдеу шараларын қабылдау міндеті күн тәртібіне қойылғаны мәлім. Бұл орайда «жасыл технологияларға» инвестиция салу үшін бизнесті ынталандырудың маңызы айрықша. Талғатбек Ғалеев жетекшілік ететін серіктестік көлік доңғалақтарын қайта өңдеп, спорт алаңдарына төсейтін резеңке кілемшелер жасаумен айналысады. Кәсіпкердің айтуынша, өңірде 14-18 мың тонна доңғалақ жасалса, компания оның 1-2 мың тоннасын ғана қайта өңдеуге қауқарлы. «Вторсырье» ЖШС қағазды, пластикті, шыныны, тұрмыстық техникаларды кәдеге жаратып жүр. Былтыр қайта өңдеуге 1200 тонна тұрмыстық зат жөнелтті. Енді биыл жұмысын тоқтатуға тура келген. Оның бір ұшығы жаңа кәсіпорын салуға жер телімдерінің босатылмауына келіп тіреледі. Бұл салаға қаржы тартудың, сұрыптап қайта өңдеу бизнесінің болашағы зор бола тұра өзге кәсіпкерлердің «жа­сыл» технологияның баламалы көз­дерін іздестіруге құлшыныс таны­та бермейтінін бюрократтық кедер­гілерден іздеген жөн.

 Ауаның ластануы, қоршаған орта тепе-теңдігінің бұзылуы күнделікті тұтынатын тіршілік нәріне де кері әсерін тигізбей қоймайды. Есіл өзені, оның салалары су ресурстарының басты көзін құрайды. Көлдер мен су қоймаларының саны шамамен 3,5 мыңға жуық, олардың 1500-дейі балық өндірісіне қолайлы. Шаруашылық және тұрмыстық мұқтаждықтар үшін Есіл өзенінен жыл сайын 50 миллион текше метр су пайдаланылады және 6 миллион текше метр ағынды су, 6700 тоннадай ластаушы заттар құйылады. Шаруашылық, тұрмыстық және өнеркәсіптік бағытта пайдаланылатын ағынды суларды механикалық, биологиялық тұрғыдан сүзгіден өткізу экологиялық талапқа сай атқарыла бермейтіні табиғат жанашырлары тарапынан жиі қозғалып жүр. Өйткені кәріздік жүйелердің көбі тозған, ауыстыруды қажет етеді.

Облыста пайдалы қазбалардың 300-дей кен орны барланған. Еліміз бойынша қалайының – 65, цирконийдің – 36, уранның – 19, титанның – 5, вольфрамның 1,1 пайызы шоғырланған. Бұл металдардан сыртқа шығатын улы заттардың концентрациясы белгіленген мөлшерден әлдеқайда көп таралатыны жасырын емес. Бір кездері пайдаланылып, кейін консервациялауға жатқызылған ескі уран кеніштерінің жабылғанына қыруар уақыт болғанымен бақы­лау-қадағалау шараларының босаң­сығаны алаңдатпай қоймайды. Жер қойнауынан қазылып алынған уран кеніштерінің ауаны ластайтыны өз алдына, Шоқпақшы, Грацевский уран кеніштерінің қоршаулары бұзылған. Радиация сіңген ғимараттардың материалдары, уран шахталарының қақпақтары қолды болып кеткен. Жергілікті билік орындарының уран­ның құрамында тұрғындарды ауыр қасі­ретке душар ететін радиациялық улы заттар барын біле тұра заңбұ­зушылыққа көз жұма қарауы түсініксіз.

 Жуырда облыс орталығының тұрғындары қаланы жағымсыз иіс жайлап бара жатқанын айтып дабыл қақты. Жұртшылық алаңдауына назар аударған Экология департаментінің мамандары қолқаны қабатын уыттың сарқынды сулар жиналатын тоғанда күкіртті сутегі газының көп мөлшерде пайда болып, ауаға тарауымен түсіндірді. Мұндай жағдайлар жиі қайталанады, бірақ экологтар шарасыз. Өйткені кәріздік тазарту құрылғыларын жаңғыртуға байланысты тоғанды шірінділерден тазарту мүмкін болмай тұр. «Қызылжар су» ЖШС күкіртті сутегі газын барынша азайтудың тиімді екі нұсқасын ұсынғанмен жуық арада іске асатын түрі көрінбейді. Механикалық тәсіл бойынша балшықты сору, кептіру, полигонға шығару жұмыстары шамамен екі миллиард теңгені қажет етеді. Ал биологиялық сүзгіден өткізу арқылы жағымсыз иістерді жоятын америкалық биотехнологияны қолдану кемі жарты миллиард теңгені құрайды. Айналып келгенде, мәселенің оңтайлы шешімі тағы да қомақты қаржыға келіп тіреледі. Әзірге кәріздік-тазарту құ­рыл­ғыларын қалпына келтіру жұмыс­тарының аяқталуын күтуге тура келеді.

Сол сияқты Қызылжар ауданы аумағында бей-берекет шашылып жатқан люминесцентті шамдардың 600 данасы табылуы қоршаған ортаға қаншалықты залал келтіргенін болжау қиын емес. Бәзбіреулер зиянды заттарды Есіл өзенінің жағасына төге салудан арланбаған. Бұл маңайда балалардың демалыс-сауықтыру лагері орналасқанын, люминесцентті шамдар құрамында сынап барын, суға түссе, ауаға таралса, ауыр зардаптарға ұшырататынын қаперлеріне алмаған секілді.

– Ең қиыны– тұрғындарды үйден шығарылатын тұрмыстық қалдықтарды сұрыптап, бөлектеп жинау мәдениетіне дағдыландыру. Дамыған мемлекеттерде қоқыстардың 80 пайызы қайталама шикізат ретінде пайдаланылады. Қайта өңдеуден қыруар пайда тауып жүр. Бізде жағдай керісінше, – деген экологтардың пікірлеріне алып-қосарымыз жоқ.

Жалпы, бұл саладағы табыс тұрғындарға да байланысты. Тұрмыстық заттарды залалсыздандырудан, қайта өңдеуден бұрын қаупі мен зиянын, жинау, сұрыптау жолын білген артықтық етпейді. Облыс орталығының кей шағын аудандарында сызықтық шағын люминесцентті шамдар, химиялық қуат көздері саналатын батареялар, аккумуляторлар, сынапты термометрлер, электронды, электрлік қоқыстарға арналған контейнерлер қойылғанымен адамдар кез келген жерде тастай салу әдетінен әлі арылмай келеді. Мұның алдында пластика шөлмектерді бөлектеп жинау әдісі қолдау таппай қалған болатын. Соған қарағанда экологиялық сауаттылықты бала кезден үйретіп, балбақшалар мен мектептерде оқыту мезгілі жеткен секілді.

 Жоғарыда айтып өткеніміздей, өңірде тұрмыстық қалдықтарды өңдеумен шұғылданатын кәсіпорындар саусақпен санарлық. 2020 жылға қарай республика тұрғындарын қатты тұрмыстық қалдықтар қызметімен қамту көрсеткішін 90 пайызға, ал өңдеу көлемін 2030 жылға таман 40 пайызға жеткізу міндеті қойылды. Бұл көрсеткіштер өңірде тиісінше 52 және 7,1 пайыз ғана. Мұның басты себебі стандарттарды, нормаларды және экологиялық талаптарды сақтамаудан, өндірістік, тұрмыстық қалдықтарды орналастыру ережелерін бұзудан, залалсыздандыру, жою жұмыстарын талапқа сай атқармаудан туындап отыр.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

 Солтүстік Қазақстан облысы