Әлем • 19 Сәуір, 2018

Мамырда Елордада кезекті Астана экономикалық форумы өтеді

433 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Мамыр айының 17-19 күндері елордада төрткүл дүниенің назарын аударатын ауқымды шара өтеді. Әлемге әйгілі сарапшылар, саясаттанушылар, дүние жүзінің бизнес элитасы бас қалада Астана экономикалық форумында кезекті мәрте бас қоспақ.

Мамырда Елордада кезекті Астана экономикалық форумы өтеді

Он бірінші рет өтетін биылғы алқалы жиынның орны бөлек. Олай дейтініміз, бұл жолғы форум жаңа форматта ұйым­дастырылады. Global Challenges Summit 2018 деп аталған Астана экономикалық форумы аты айтып тұрғандай барша адамзат үшін өзекті жаһан­дық сын-қатерлерді талқылайтын болады. 

Сондай-ақ Global Challenges Summit 2018 бұрнағы жылдар­дағыдай Тәуел­сіздік сарайында емес, ЭКСПО-2017 көр­ме кешеніндегі Конгресс орта­­лы­­ғында өтеді деп жос­пар­ланып отыр. Жиынға шақырыл­ған шетелдік мәртебелі мейман­дар­дың қарасы қалың. Олардың ара­сында БҰҰ-ның бұрынғы Бас хатшысы Пан Ги Мун, БҰҰ Тұрақты үйлестірушісі Нори­маса Шимомура, Франция­ның бұрынғы президенті Франсуа Олланд, Грузияның сыртқы істер министрі, премьер-министрінің орынбасары Михеил Джанелидзе, Дүниежүзілік банктің Орталық Азия бойынша директоры Лилия Бурунчук, Эстонияның бұрынғы пре­зиденті Тоомас Ильвес, атақ­т­ы кинорежиссер, сценарист әрі продюсер, Венеция кино­фес­тивалі «Алтын арыстан» сый­лығы­ның лауреаты Кшиштов Занусси, Италияның бұрынғы премьер-министрі Романо Проди, Малайзияның бұрынғы премьер-министрі Идрис Джала, World Bank-тің Қазақстандағы тұрақты өкілі Ато Браун, Стэнфорд уни­верситетінің экономика профессоры, Нобель сыйлығының лауреаты Майкл Спенс, McAfee Capital Partners компаниясының негізін қалаушы, басқарушы директоры Лэирд Кэган, AECOM хол­дингінің стратегиялық жос­пар­лау және қала дизайны жөнін­дегі директоры Карло Кастелли, BCG ха­лықаралық консалтингтік ком­па­ниясының өкілі Ханс-Пол Бюрк­­нер, Мәскеудегі Сколково бас­­­қару мек­тебінің президенті Ан­д­­рей Шаронов, тағы басқалары бар.

Аты аталған спикерлердің қандай тақырыпта сөз сөйлейтіні туралы толық ақпарат әзірге жарияланған жоқ. Мәртебелі мей­мандардың қатарындағы БҰҰ-ның бұрынғы Бас хатшысы, бүгінде Халықаралық Олим­пиада комитетінің Әдеп комис­сиясының төрағасы Пан Ги Мун халықаралық дауларды реттеу құралдары деген тақырыпта баяндама жасайды деп күтілуде.

Global Challenges Summit 2018 ұйымдастырушыларының хабарлауынша, үш күнге созылатын жиын барысында бүгінгі таңда әлемді алаңдатып отырған 11 тақырып төңірегінде сөз қозғалуға тиіс. Атап айтқанда ортақ экономика, жаңа таза энергия әлемі, жаһандық қауіп­сіздік, болашаққа болжам, жаһан­дық стратегия, жаңа адамзат әлемі, цифрлы әлем, ресурстар әлемі, болашақтың ақшасы, бола­шақтың қаласы сынды тақырып­тар бойынша әлем­нің аузымен құс тістеген тұлға­лары ой-пайымдарын ортаға са­лып, өзара пікір алмасатын болады.

Жалпы халықаралық қоғам­дас­тықтың маңызды бөлігі ретінде Global Challenges Summit 2018 аясында талқыланатын тақы­рып­тардың қай-қайсысының да Қазақстан үшін өмірлік маңызы бар екендігі күмән тудырмайды. Бұл аталған тақырыптардың басым бөлігі бұған дейін де елімізде талқыланып, тиісті жұмыстар қолға алынып жатқанын атап өткен жөн. Мәселен, цифрлан­дыруды тілге тиек етейік. Мемле­кет басшысының тапсырмасы бойын­ша қолға алынған бағ­дар­ла­маның аясында ел өмірі­нің барлық саласын, экономика­ны, әлеу­мет­тік саланы, ғылым­ды, мә­де­­ниетті цифрландыру жұ­мыс­тары қарқынды жүргізілуде. Ол үшін арнайы бағ­дарлама да қабылданған.

Дамыған елдерде бастау алған үдерістердің Қазақстандағы тиімді жаңалықтары қазірдің өзінде экономика мен әлеуметтік сек­тор­да көрініс тауып отыр. Мәсе­­лен, халыққа қызмет көр­сету ор­талықтарында цифр­лан­дыру­дың арқасында оператор­лар­дың қатары азайды. Азаматтар оператордың көмегіне жүгінбей-ақ, өздерінің тиісті парольдерін теру арқылы мемлекеттік қызмет түрлерін пайдалануды меңгере бастады. Жасы 27-ден асқан азаматтардың әскери билет алуы, түрлі көлік түрлерін тіркеу, көлік жүргізу куәлігін, нәрестенің туу туралы куәлігін, көптеген анық­та­маларды алу, салық пен төлем­дер төлеу сияқты бұрын әуре-сар­саңға салатын, шеті мен шегі көрінбейтін қыруар жұмыс­­ты аз уақыт ішінде үйінде оты­рып-ақ тындыруды халық бір­шама меңгерді деуге болады. Зейнет­ақы есепшотын онлайн ашу да цифрландырудың арқа­сында келген игіліктердің бірі.

Challenges Summit 2018 аясында талқыланатын «Болашақтың қаласы» да біздің ел үшін таң­сық емес. Smart қала деген ұғым елі­міздегі ірі қалалардың көп­ші­лігінің тыныс-тіршілігіне дендеп еніп жатқанына бірнеше жылдың жүзі болды. Орталық шаһар­лардағы қоғамдық көлік­тер­дің жүру кестесі, мектеп, балабақша, меди­циналық және мәдени нысан­дардың жұмысы, ауа райы немесе басқа да жағдай­ларға байланыс­ты орын алған өзгерістер туралы хабарламаларды алу қазір ешкім­ге жаңалық емес. Smart қала­ның игіліктері халықтың өмірін жеңілдетуге, азаматтардың, әсіресе жас бала­лардың қауіпсіздігіне қанша­лықты пайдасын тигізетіні тәжі­рибе жүзінде дәлелденіп жүр.

Астана экономикалық форумы ең алғаш 2008 жылы өткі­зіл­ген-ді. Алғашқы бас­қосу­да дүние­жүзі­лік экономи­ка мен қар­жы жүйесін оңалту және дамыту мәселері талқы­лан­ған болатын. Содан бергі ара­лық­та алқалы жиын ықпал­ды халықаралық алаң­дардың біріне айналды. Жаһан­дық жаңа идеялар­дың қай­нар көзі ретінде танылды. Жүйелі түрде өткізілуі мен көтері­­ле­тін мәселелердің ауқым­ды­лы­ғы­на, өзектілігіне байланыс­ты халық­аралық аренада соңғы жылдары «Қазақстандық Давос» деген атқа да ие бола бастады.

Астана экономикалық фору­мының ұсынымдары 2012 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының пле­нар­лық сессиясында танысты­рылғанын атап өткен ләзім. Сол тұста БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мунның, БҰҰ Бас Ассам­блеясы­ның 66-сессиясының прези­денті Ан-Насердің және G20-дағы Мексика төрағалығы тарапынан елордадағы халықаралық жиынға жоғары баға берілді.

Ал 2014 жылы VIІ Астана экономикалық форумы аясында ІI Дүниежүзілік дағдарысқа қарсы конференция БҰҰ-ға мүше мемлекеттердің қаржы, экономика министр­лері мен орталық банктері бас­шы­ларының деңгейінде өтті. Оның қорытындысы бойын­ша БҰҰ-ға мүше мемлекеттерге ар­­­нал­­­ған Әлемдік дағдарысқа қар­­сы жоспар тұжырымдамасы қабылданды.

Былтырғы форум тақыры­бының «Жаңа энергия – жаңа экономика» деп аталуының да өзіндік ерекше мәні бар. Бұл тақырып елі­мізде өткен ЭКСПО-2017 ха­лық­­ара­­лық көрмесінің тақыры­бы­­мен үй­лесім тапты. Осылайша «Бола­шақ­тың энергиясы» тақы­ры­бы­мен Астанада жиналған жаңа тех­­нологиялар мен инновация­лар төрткүл дүниенің мүйізі қара­ғай­дай экономистері мен ғалым­дар­ы­ның талқысына түсті. Оған әлемнің ондаған мемлекеті мен бе­делді халықаралық ұйым­да­ры­­нан 3 мыңнан астам делегат қатысты.

Жалпы, он жылдан астам уақыт ішінде жиынға бас-аяғы 150 мемлекеттен 43 мыңнан астам делегат қатысыпты. Форум аясын­да Астанада 280 меморандум мен халықаралық келісімге қол қойылды. Еуразиялық іскер­лік кон­гресі, Нобель сыйлығы лауреат­тары­ның Астана клубы құрыл­ды. Форум Орталық Азия­ның басты іскерлік саммитіне ай­нал­ды. Қазақстан Еуразияның кін­дігінде орналасқан мемлекет ретінде Ресей, Қытай, Түркия, БАӘ, Корея, Өзбекстан, Грузия, Тәжікстан сынды елдердің іскерлік орталығына айнала бастады. Биыл­ғы жылы Global Challenges Summit 2018 аясында жаһандық сын-қатер тақырыбын қозғау ар­қылы Қазақстан халық­аралық ық­пал­дастықты дамыту бағытында ма­ңызды қадам жасайтын болады.

Арнұр АСҚАР,

«Егемен Қазақстан»