Қазақстан • 19 Сәуір, 2018

Талдықорған мен Ташкент арасы жақындай түсті

212 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Жақында Алматы облысының ресми делегациясы Өзбекстан Республикасына барып қайтқан болатын. Екі ел арасындағы мәдени байланыстың аясында өткізілген сапарда  бауырлас ағайынға Жетісу өлкесінің өнері мен мәдениетінің озық үлгілері, аймақтың туристік тартымдылығы туралы таныстырылым және іскерлік байланысқа жол ашатын бизнес-жобалар ұсынылды.

Талдықорған мен Ташкент арасы жақындай түсті

Талдықорған мен Ташкент арасын жақындата түскен сапардың алғашқы күнінде Алматы облысының әкімі Амандық Баталов өзбек топырағында мәңгілік тыныс тапқан Төле би бабамыз­дың кесенесіне тәу етті. Өзбек тарапы жетісулық меймандарға қонақжайлық танытып, көне Ташкент шаһарының көрікті жерлерін көрсетті.

– 2018 жылды екі ел президенттері «Өзбекстанның Қазақстандағы жылы» деп жариялаған болатын. Бұл ба­уырлас екі мемлекеттің өзара байланысын жаңа деңгейге көтеретініне сенімдіміз. Алматы облысы – Қазақстан Республикасындағы табиғи байлығы мол, инвестициялық климаты қолайлы аймақтардың бірі. Осы кездесулер арқылы екі жақтың кәсіпкерлері өзара тиімді серіктестік қатынастарын дамы­ту­дың жаңа бағыттарын ашады деген үміттеміз, – деді облыс әкімі ресми сапар­дың ашылуында.

Табиғаты көркем, жерұйық өлке атанған Алматы облысының туристік әлеуетін арттыру жолында Өзбекстан­нан үйренетін де, оларға үйрететін де тұстар баршылық. Әсіресе киелі орындарға келуші туристерге толыққанды жағдай жасау жағынан ташкенттік іскерлердің тәжірибесі сабақ алуға тұрарлық екен. Өзбек астанасы мен жақын маңдағы ірі қала­лар­дағы тарихи ғимараттар мен көне дәуір­ден келе жатқан Шығыс өрке­ние­ті­нің жауһарларын тамашалаушылар қатары жыл сайын көбейіп келеді. Таби­ғат сыйлаған ерекшелік пен ұлттық қонақ­жай­лылық дәстүрі Өзбекстанды Орталық Азиядағы турис­тік әлеуеті жоғары елге айналдырып отыр. Бұл жағынан Жетісу өлкесінің әлі де ізденетін тұстары көп.

Жалпы, қазір әлем елдері арасында экономикалық байланыс алдыңғы орынға шыққаны анық. Қазақстанның қолайлы геосаяси жағдайы мен сыртқы нарыққа шығатын транзиттік әлеуеті Өзбекстанды да қызықтырады. Әсіресе Қытай нарығына көкөніс пен астық өнімдерін экспорттауға бейілі ауып отырған ел бұл бағытта Қазақстанды стратегиялық әріптес ретінде мойындайды. Ал Шығыстағы сауда қақпасы ретінде Жетісу аймағына деген қызығушылық зор. Алматы облысының ресми делегациясымен болған кездесулерде осындай ой ашық айтылды. Яғни Өзбекстанның Қытай нарығына шығатын транзиттік алаңы ретінде облыспен тығыз қарым-қатынас орнатуға ықыласы ауып отыр. Мысалға, өзбек тарапы Жетісу өлкесінде сыртқы нарыққа шығарылатын астық пен көкөніс түрлерін сақтайтын қоймалар ашуға мүдделі. Іс тетігін тапса, облысқа қомақты  инвестиция құйылады.

Сондай-ақ Өзбекстанда шығары­латын ауылшаруашылық техникаларына Қазақстан тарапынан сұраныс артып келеді екен. Оның ішінде аграрлы аймақ ретінде Алматы облысының үлесі мол. Әрі «Узагротехмаш» компаниясы­ның зауыт­тарында жасалатын техника­ның баға­сы қолжетімді. Демек жетісу­лық ди­қан, шаруа үшін тиімді ұсыныс бола­тыны анық. Осы жайды зерделеген облыс әкі­мі Амандық Баталов өзбек­стан­дық зауыт ие­леріне ұсыныс айтып, тех­­никалар­ды Алматы облысында құрас­ты­ру­ға шақыр­ды. Бұл өз кезегінде ішкі на­рық­қа тіке­лей жол ашып, машина, трак­тор ба­ғасының арзан­дауына әсер ететіні аян.

– Біз сіздерді барлық инфрақұрылымы тартылған «Талдықорған» индустриялық аймағынан жинақтау цехын ашуға шақырамыз. Бұл өнімдеріңізді Қазақстан нары­ғына ғана емес, өзге елдерге қысқа мер­зімде жеткізуге мүмкіндік береді, – деп атап өтті шаруа жайын Амандық Баталов.

Өз кезегінде Өзбекстан Республи­касының вице-премьері Нодир Отажонов елде техника шығару көлемі артып келе жатқандықтан, облыс әкімінің бұл ұсынысы қызығушылық туғызғанын айтты. Мәселен, холдинг өткен жылы 1,5 мың бірлік техника шығарса, биылғы жылы бұл көрсеткіш 6 мыңға жетпек. Н.Отажоновтың пайымдауынша, бұл сыртқы нарыққа шығудың да қажеттігін көрсетіп отыр. Сондықтан да өзбек тарапы жақын арада нарық мүм­кіндіктерін бағалап көру үшін Алматы облысына өз өкілдерін жіберуге ниетті.

Алматы облысы мен Өзбекстанның инвес­тициялық әлеуеті туралы жар­қын әңгіме Қазақстанның Өзбе­кстан­дағы елшілігінің қолдауымен ұйымдас­тырылған бауырлас елдің іскерлік ком­па­ния­­ларымен болған кездесуде жал­­ға­сын тапты. Бүгінде Алматы облы­сы­ның Өзбекстанмен сыртқы тауар ай­на­лы­мы 36 млн АҚШ долларын құрап отыр.  Оның ішінде Өзбекстанға шыға­рыл­ған экспорт 15,8 млн АҚШ доллар болса, импорт 20,2 млн АҚШ долларына жеткен. Өзбекстаннан Жетісу өлкесіне минералды тыңайтқыштар, моторлы көлік құралдары, жеміс-жидектер, басқа да ауылшаруашылық өнімдері жеткізіледі.

Іскерлік кездесулердің нәтижесінде Алматы облысы әкімдігі мен Андижан облысының хокимияты өзара түсіністік туралы меморандумға қол жеткізді. Екі жақты байланыстың тереңдеуіне жол ашатын құжатқа  өңір басшысы Амандық Баталов пен Андижан облысының хокимі Шухратбек Абдурахманов қол қойды.

«Өзбекстанның Қазақстандағы жылы» аясында өткен сапарда Алматы облыстық Сүйінбай атындағы филар­мониясының шығармашлық ұжымы өзбек халқына ән мен күйден шашу шашып, қазақтың төл өнерін көрсетті. Сондай-ақ ала тақиялы ағайын назарына «Алтын адам» табылған өңірдің шежіресін әйгілейтін тарихи жәдігерлер көрмесі де ұсынылды.

Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Алматы облысы

Суретті түсірген Жұмабай МҰСАБЕК