Аймақтар • 19 Сәуір, 2018

Қостанай облысында 275 дәрігер жетпейді

298 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бұл туралы Облыстық денсаулық сақтау басқармасының алқа мәжілісінде сала басшысы  Еркін Дәуітбаев мәлімдеді.

Қостанай облысында 275 дәрігер жетпейді

Дәрігер кадрларының жетімсіздігі облыста өткір мәселеге айналған. Қазір денсаулық сақтау саласының мемлекеттік секторында  15459 адам қызмет істейді, соның 1816 жоғары білімді дәрігерлер, 6462 орта буын медицина қызметкерлері. 2018 жылдың 1 қаңтарында  дәрігер  мамандармен қамтамасыз ету  көрсеткіші әр 10 000 тұрғынға шаққанда 20,66 дәрігерден келеді екен. Ал орта буын медицина қызметкерлерімен қамтамасыз ету көрсеткіші әр 10 000 адамға 73,5 келеді.

«Облыста білікті мамандарды тартуға арналған жұмыстарға қарамастан  кадр тапшылығы маңызды мәселе күйінше қалып отыр. Қазір облыста 275 дәрігер жетіспейді. Оның  74-і ауылды жерлерге керек» деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Еркін Дәуітбаев.

Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов  дәрігер мамандармен қамтаасыз ету мәселесін шешудің жолдарын іздестіру керектігін айтты.

«Бүгін облыстық аурухананы аралағанда  анестезиолог, тағы басқа маманның жетіспейтіндігін естідім. Облыстық ауруханада дәрігер жетіспегенде, ауылдың жағдайы қалай болмақ? «Дипломмен ауылға» бағдарламасына тағы да қосымша протокол енгізу керек. Әрбір аудан қажетті жас мамандарды тартып, оларды  қамтамасыз ету керек» деді Архимед Бегежанұлы.

Нәзира ЖӘРІМБЕТ,

Егемен Қазақстан»

Қостанай