Әлем • 20 Сәуір, 2018

Басқа басылымдардан. Түркияда кезектен тыс сайлау өтеді

276 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Басқа басылымдардан. Түркияда кезектен тыс сайлау өтеді

DAILY NEWS

Түркия Президенті Режеп Тайиып Ердоған елде кезектен тыс президенттік және парламенттік сайлау өтетінін мәлімдеді. Ол Ұлттық қозғалыс партиясының басшысы Девлет Бахчелимен кездескеннен кейін осындай шешім қабылдаған. 

Президенттік сайлау келер жылы өтуі тиіс болатын. Алайда мемлекет басшысының шешімімен іс-шара 2018 жылдың 24 маусымына жоспарланып отыр. 

«Біз Бахчели мырзаның ұсынысын жан-жақты талқыладық. Бұл өтінімге оң жауап беру ретінде сайлауды ертерек өткізуді ұйғардық. Кезектен тыс сайлау Түркияның ішкі және сыртқы мәселелерінің күшеюі барысында кездесетін кедергілерді жоюға көмектеседі», деді Р.Ердоған. 

Hurriet Daily news агенттігінің пайымдауынша, президенттік модельге көшуде алдағы сайлаудың маңызы зор. Ал мемлекет басшысының пікірінше, мерзімінен бұрын сайлау өткізу ел болашағы үшін қажет.

 «Президент пен үкімет барынша ынтымақтаса жұмыс істегеніне қарамастан, ескі жүйе әр қадам сайын алдымыздан шыға береді. Сириядағы және басқа аймақтардағы жағдайдың өршуі жаңа басқару жүйесінің қажеттілігін көрсетті. Сондықтан еліміздің болашағы үшін нақты қадамдарға баруымыз керек», деді Р.Ердоған халыққа үндеуінде. 

Бірінші айналымда 50 пайыздан астам дауыс жинаған кандидат жеңімпаз болып саналады. Егер ешбір үміткер бұл межені бағындыра алмаса, көп дауыс жинаған екеуі екі аптадан кейін екінші кезеңде сайлауға қайта түседі. 

Әзірге Әділет және даму партиясы (АКП) мен Ұлттық қозғалыс партиясының альянсы атынан сайлауға кім түсетіні ресми айтылған жоқ. Алайда Түркия бұқаралық ақпарат құралдары да, батыс медиасы да қазіргі президент Р.Ердоғанның кандидат атанатынына сенімді. Алда-жалда ол сайлауда жеңіске жетсе, елді 2023 жылға дейін басқарып, екінші мәрте қайта сайлану құқығына ие болады. 

 

THE TELEGRAPH

Серж Саргсян премьер-министр болып тағайындалды

Ұлттық жиналыстың арнайы жиынын­да Арменияның бұрынғы президенті Серж Сар­гсян премьер-министр болып тағай­ын­далды. Оны қолдап 77 депутат дауыс берсе, 17-сі қар­сы­лық білдірген. 

Бұған дейін 2015 жылы Арменияда конс­титуцияға өзгерістер енгізіліп, ел басқару президенттік биліктен парламенттік жүйеге ауысқан болатын. Соған сәйкес премьер-министр ел тізгінін ұстайды. Ал президент жеті жыл­ға ғана сайланады. 

Айта кету керек, С.Саргсян 2008-2018 жыл­да­ры Арменияның президенті қызметін ат­қар­ған болатын. Жаңа президент болып Армен Саркисян тағайындалды. С.Саргсянның премьер-министр ретінде сайлануы іс жүзінде оның ел тізгінін уысынан шығармағанын көр­се­теді. 

Билік жүйесінің өзгеруі мыңдаған адамның ше­руге шығуына түрткі болды. Олар ел астана­сы Ереванның орталығында наразылығын біл­діріп, үкімет ғимараттарына кіруге мүмкін­дік бермеген. 

Оппозиция басшысы Никол Пашинян «бейбіт барқыт революциясына» шақырып, өз жақтастарын бүкіл елде революциялық әрекетке үндеді. Сейсенбі күні орталық алаңға қырық мың адам жиналған еді. Мұндай үлкен көлемдегі шеру Армения тарихында бұрын-соңды болмаған. Әйтсе де күн өткен сайын наразылық білдірушілердің қарасы азайып келеді. 

The Telegraph газеті шерушілер қазіргі биліктің түбегейлі өзгеруі қажет деп талап қойғанын айтады. Билік өкілдері шерудің заңсыз екенін алға тартып отыр. Олар таратқан ақпаратқа қарағанда, кейбір белсенді топ өкіл­дері ұсталған көрінеді. 

Армениядағы жағдайға байланысты сарап­шылардың пікірі екіге жарылды. Бірі Серж Саргсянды айыптаса, келесісі шеру ұйым­дастырушы Никол Пашинянның әрекеті негіз­сіз екенін айтып отыр.