Әлем • 20 Сәуір, 2018

Жаһан жаңалықтары. Златан Ибрагимович әлем чемпионатына барады

295 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Жаһан жаңалықтары. Златан Ибрагимович әлем чемпионатына барады

АҚШ-тың «Лос-Анджелес Гэлакси» клубының шабуыл­шы­сы Златан Ибрагимович жергілікті телеарнаның бағдар­ламасында биылғы әлем чемпионатына қатысуға ниетті екенін айтты. 

«Иә, мен әлем чемпионатына барамын. Басқа ештеңе айта алмаймын. Тағы бір нәрсе айта кетейін, бұл әлем чемпионаты менсіз өтсе, онда ол әлем чемпионаты болмайды», дейді Ибрагимович.

Златан 2001-2016 жылдар аралығында Швеция құрамасы сапында доп тепкен. 15 жылдың ішінде 36 жастағы шабуылшы 62 гол соғып, құрама команда сапында ең көп гол соққан шабуылшы ретінде көш бастап тұр.


Алты айға сайыстан шеттетілді

Мексикалық боксшы Сауль Альварес допинг қолданды деген айыппен спорттан 6 айға шеттетілді. Бұл туралы Невада штатының атлетикалық комиссиясы (NSAC) хабарлады. 

Кешегі допинг дауына байланысты атлетикалық комиссиясының отырысына «Канело» мен оның командасы қатысқан жоқ. Бірақ боксшының командасының атынан бұл жиынға адвокаты қатысты. Нәтижесінде, оның тыйым салынған дәрі қолданғандығы анықталды. Сөйтіп Альварес 6 ай спорттан шеттетіліп, оған осы уақыт аралығында жекпе-жек өткізуге тыйым салды. Жаза мерзімі 17 ақпаннан бастап есептеліп, 17 тамыз күні аяқталады. 


Roland Garros-қа қатыспайды

Швейцариялық теннисші Роджер Федерер биыл 27 мамыр және 10 маусым аралығында «Үлкен дулыға» санатына енетін теннистен Франция ашық чемпионатына қатыспайды. Бұл туралы Roland Garros турнирінің ресми сайты хабарлады.

Федерер осы маусымда топырақ төсеніште өтетін барлық турнирге қатысудан бас тартқан. Ресми сайттың мәліметіне қарағанда, биылғы жарысқа әлем рейтингіндегі ТОП-30 теннисшінің барлығы қатысады. Атап айтар болсақ, тізімде әлемнің бірінші нөмірлі теннисші Рафаэль Надаль, швейцариялық Стэн Вавринка және британиялық Энди Маррэй бар. 

Биылғы Roland Garros турнирінің жүлде қоры – 39 197 000 еуро. Бұл былтырғыға қарағанда 3,2 миллион еуроға көп. Ерлер және қыздар арасындағы жекелей сынның жеңімпаздары 2,2 миллион сыйақы алады.

Дайындаған
Әли БИТӨРЕ,
«Егемен Қазақстан»