Білім • 20 Сәуір, 2018

СҚМУ Қытай ЖОО-мен бірлесіп маман дайындамақ

873 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті ауыл шаруашылығы және филолог мамандарын аспанасты елінің  ЖОО-мен бірігіп даярлайтын болады.

СҚМУ Қытай ЖОО-мен бірлесіп маман дайындамақ

Жергілікті делегация Қытайдың Янлинь қаласында орналасқан  ауыл және орман шаруашылығы техникалық университетімен меморандумға қол қойып, әріптестік байланыс орнатты. Екіжақты келісім бойынша қытайлықтар жаңа агротехникалық парк тұрғызады. Келесі жылы 2 студент пен 5 магистрант академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында  оқитын болады.

«Янлинь университетінің ғалымдары мамыр айында бізге  келіп, ауыл шаруашылығы дақылдары сұрыптарын аудандастыру тәжірибесімен бөліседі. Гробиологиялық станцияда шығымдылығын бақылауға алады», дейді СҚМУ-ның академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Ербол Исақаев.  Екі оқу ордасы ауыл және орман шаруашылығы саласында  ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуді де белгілеп отыр.

Іс-сапар барысында университет делегациясы аспан асты елінің астанасы Бейжіңде жұмыс істейтін Минзу орталық университетінде болған.  Мұнда 15 мыңға жуық студент білім алады. Қазақ тілі мен әдбиеті пәнінің мұғалімдерін даярлайтын арнайы бөлім бар. "Қазақ тілі мен әдебиеті" мамандығына даярланып жатқан  екі студенті Минзу университетінде, ал олардан екі студент бізге келіп, білім алатын болады.

СҚМУ-де ауыл шаруашылығы мамандықтары бойынша білім алып жатқан студенттер "Тайынша май" ЖШС-де тәжірибеден өтеді. Бұл кәсіпорынның құрылтайшысы– қытайлық «Айцзюй» компаниясы.

Бүгінге дейін жергілікті ЖОО 40-тан астам шетелдік университетпен әріптестік орнатып отыр.

Өмір Есқали,

«Егемен Қазақстан».

Солтүстік Қазақстан облысы.