Аймақтар • 20 Сәуір, 2018

Павлодарда республикалық «Ақберен» өнер байқауы өтті

912 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Байқауға қатысушылар Астанадағы «Дарын» республикалық ғылыми-тәжірибелік орталығының бастамасымен облыс орталығындағы қыздарға арналған «Білім-Инновация» лицей-интернатына жиналды.

Павлодарда республикалық «Ақберен» өнер байқауы өтті

Оқушылар «Көркем сөз оқу», «Ақындар мүшәйрасы», «Шешендік өнер», «Ақындар айтысы», «Шығарма жазу» және «Ұлттық аспапта ойнау»  сияқты бағыттарында байқауда өнер көрестті. Еліміздің барлық өңірлерінен 90 оқушы келді.  Облыс орталығындағы  «Ертіс дарыны» білім  орталығының хабарлауынша, біздің өңірден 8 оқушы қатысып, 5-уі жүлделі болды.  Ы.Алтынсарин атындағы гимназия-интернатының 10 сынып оқушысы Әбдірайымов Ердәулет  «Ақындар мүшәйрасы» бөліміне қатысып, жүлдегер атанса, Оразбай Марлен О.Бөкейдің «Атау кере» романынан үзінді оқыды, 11 сынып оқушысы Сарыбай Құдырет Ақтобе облысының айтыскерімен айтысты. Ал,  Абай атындағы мектебінің 9 сынып оқушысы Айшат Бақытова орындау шеберлігін көрсетіп, бірнеше күй орындап берді.

Байқау қорытындысында оқушыларға 14 грант тағайындалды, А.Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті-10, Қарағанды қаласы «Болашақ» академиясы-3  және Павлодар мемлекеттік педагогикалық университеті-1 бөлді.  А.Яссауи атындағы университетінің грантына шешендік өнерімен көзге түскен облыс орталығындағы Ы.Алтынсарин атындағы гимназия-интернатының 11 сынып оқушысы Жанбау Марғұлан ие болды.

Байқау аясында Еуразия ұлттық университетінің профессоры, айтыскер ақын, қазылар алқасының төрағасы Аманжол Әлтай жас ақындарымен кездесті. Қонақтар, байқауға келген оқушылар қаладағы «Batуr mаll» ойын-сауық орталығын аралады, зияткерлік ойындар мен би кештеріне қатысты.

Фарида Бықай,

«Егемен Қазақстан»

Павлодар

Суреттерді түсірген Нұрлан Қасенов