Аймақтар • 20 Сәуір, 2018

Аягөзде қарғын судан зардап шеккен 13 отбасына баспана кілті табысталды

320 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Аягөзде қоныс тойы жалғасуда. Бүгін қарғын судан үйлері зардап шеккен тағы 13 отбасына салтанатты түрде пәтер кілттері табыс етілді. деп хабарлады ШҚО әкімінің баспасөз қызметі. 

Аягөзде қарғын судан зардап шеккен 13 отбасына баспана кілті табысталды

Қазір Шығыс Қазақстанда көктемгі апаттың салдарын жою жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Мәселен, Аягөзде Семей қаласы мен Тарғабатай ауданының 5 құрылыс компаниясы жұмыс істеп жатыр. Бұған дейін 118 миллионнан астам теңгеге 28 отбасына тұрғын үй сатылып алынғаны хабарланған еді. Бүгін олардың қатары 13-ке толықты. Бұдан бөлек Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасы және «NFS Kazakhstan» ЖШС қолдауымен 2 жанұя баспаналы болды. «Биылғы көктем біздің өңір үшін оңай болған жоқ. Тасқыннан 2 қала, 5 аудан, 33 елді мекен зардап шекті. Қазіргі таңда арнайы комиссия жұмыс істеп жатыр, қаражат бөлінді. Облыс бойынша 23 құрылыс ұйымы жөндеу-қалпыну келтіру жұмыстарын жүргізуде», - деді салтанатты жиында сөз алған облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова.

Аудан әкімі Бақытжан Баяхметовтің айтуынша, қазіргі уақытта жөндеу жұмыстары жүргізілуі тиіс 92 үйдің 65-інде жөндеу жүргізіліп жатыр. «12 үй бақылауда, қалған 15-інің жөндеу мерзімі иелерінің қалауымен кейінгі шегерілді», - дейді ол.

Аягөз ауданына жұмыс сапарымен барған облыс әкімінің орынбасары Ә.Нүсіпова алдағы уақытта Аягөз және Зырян аудандарында заманауи құрылғылармен жабдықталған инсульт орталықтары ашылатынын жеткізді. Сонда Аягөзде Үржар, Тарбағатай, Жарма, Зырян ауданында Күршім мен Катонқарағай аудандарының тұрғындары ем қабылдайтын болады.