Аймақтар • 20 Сәуір, 2018

Алматы облысында тау жыныстарының қозғалуы тіркелді

1161 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Алматы облысында тау жыныстарының қозғалуы болды. 

Алматы облысында тау жыныстарының қозғалуы тіркелді

Алматы облысында ІІМ ТЖК-ның «Қазселденқорғау» ММ гидробекетінің байқаушылары көшкін қаупі бар учаскелерді тексеру барысында тау жыныстарының қозғалғанын анықтады. . Тау жыныстарының жылжуы Көлсай көлі жағындағы бағытта байқалды. Осы орайда кезекшілік ұйымдастырылып, мамандар тартылды. Құрылыстардың бұзылуы оқиғалары мен зардап шеккендер тіркелген жоқ.

«2018 жылдың 19 сәуірінде Алматы облысында ҚР ІІМ ТЖК-ның «Қазселденқорғау» ММ гидробекетінің бақылаушылары көшкін қаупі бар учаскелерді тексеру барысында Кеген ауданы аумағында тау жыныстарының орнынан көшкенін анықтады. Бұрын байқалған көшкін ошағының қайта қозғалуына жауын-шашын мен сейсмикалық жағдай әсер етті», - деп атап өтті  ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің ресми өкілі Руслан Иманқұлов. 

Тау жыныстары Саты ауылы мен Көлсай көлі жолының 400 метр аралығын, сондай-ақ 4 электр бағанын басып қалған. Көлсай көлдеріндегі демалыс аймағы электр қуатынсыз қалды. Сонымен қатар маусымдық мерзімде пайдаланатын шағын үй нысаны қауіпсіз жерге көшірілді. «Бақылау шаралары жалғасуда. Кезекшілік ұйымдастырылып, жедел штаб құрылды, сондай-ақ Төменгі Көлсай көліне қарай қозғалысқа шектеу енгізілді», - деді Р.Иманқұлов.  

Кезекшілік жасақталып, арнайы штаб құрылды. Төменгі көлге қарай жолдар жабылды. Оқиға орнында Алматы облыстық ТЖД басшысы, Алматы облыстық ТЖД жедел әрекет ету тобы, жергілікті атқарушы органдар, АІІБ қызметкерлері, прокуратура, "Қазселденқорғау" МБ, "Көлсай көлдері" ұлттық паркінің қызметкерлері бар. Қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ. 

Қалмаханбет Мұқаметқали,

«Егемен Қазақстан»