Аймақтар • 22 Сәуір, 2018

Оралда төртінші мәрте «Ашық әкімдік» шарасы өтті

411 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Орал қаласында Хадиша Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театры ғимаратында тұрғындарға арналған дәстүрлі «Ашық әкімдік» күні ұйымдастырылды. Бұл жыл басынан бері өткен осындай төртінші шара.

Оралда төртінші мәрте «Ашық әкімдік» шарасы өтті

Ашық есік күні Батыс Қазақстан облысының кез келген тұрғыны өзін толғандырған мәселені, өтініші мен ұсынысын құқық қорғау органдары, мемлекеттік және коммуналдық мекемелер басшыларының алдына қоя алады. Сол арқылы тиісті жауап пен құқықтық кеңес беріліп, шешу жолдары қарастырылады.

«Ашық әкімдікті» өткізу – тұрғындар арасындағы туындаған көкейкесті мәселенің шешімін жедел әрі тиімді жолмен шешуге бағытталған. Қабылдау тұрғындар үшін қолайлы демалыс күндеріне белгіленеді.

Бұл жолы да «Ашық әкімдік» шарасына өңір басшысы Алтай Көлгінов, Орал қаласының әкімі Мұрат Мұқаев, облыс әкімінің орынбасарлары, салалық басқарма басшылары қатысып, тұрғындардың талап-тілектерін тікелей тыңдады.

Бұл күні тұрғындар тарапынан 223 адам өздерінің түрлі мәселелерімен тиісті басшыларға жолықты. Әдеттегідей өтініш-шағымның дені тұрғын үй коммуналдық шаруашылық саласына қатысты болған. Мысалы, Мұрат Мөңкеұлы көшесінде жаңадан пайдалануға берілген үй тұрғындары 4 айдан бері табиғи газсыз отырғанын жеткізген. Мұндай мәселелер тиісті мекеме-қызметтердің қатысуымен тез тексеріліп, тиісті шешім шығарылады.

Бұл күні облыс әкімі Алтай Көлгіновтің өзі 37 адаммен тікелей кездесіп, мұң-мұқтажын тыңдады.

Айта кету керек, осындай әр шара өткен сайын «Ашық әкімдікке» шағыммен келуші тұрғындар саны азайып келеді.

Қазбек Құттымұратұлы

«Егемен Қазақстан»

 

Батыс Қазақстан облысы

Суретті түсірген Айбатыр НҰРАШ