Үкімет • 22 Сәуір, 2018

Астанада тұрғын үйлерді басқарудың онлайн–жүйесі әзірленуде

298 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Асқар Жұмағалиевтің төрағалығымен «ТКШ ҚазОрталығы» АҚ-да тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласын цифрландыру жөнінде кеңес өтті, деп хабарлайды primeminister.kz.

Астанада тұрғын үйлерді басқарудың онлайн–жүйесі әзірленуде

Кеңеске ҚР инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек, Астана әкімі Әсет Исекешев, инвестициялар және даму вице-министрі Қайырбек Өскенбаев, «ТКШ ҚазОрталығы» АҚ басқарма төрағасы Нұрсұлтан Жиенбаев, облыстық әкімдіктердің энергетика және ТКШ бөлімдерінің басшылары, тұрғын үй инспекциясы және табиғи монополиялар субъектілері қатысты.

Асқар Жұмағалиев кеңес инфрақұрылым және тұрғын үй кешенін дамытудың негізгі бағыттарын талқылау мен саланы дамытудың негізгі индикаторларымен өлшеу құралдары және цифрландыру бойынша Жол картасын әзірлеу мақсатында өтіп отырғанын айтты.

«ТКШ ҚазОрталығы» басқарма төрағасы Нұрсұлтан Жиенбаев инфрақұрылым және тұрғын үй кешенін цифрландырудың жоспары мен оны енгізудің артықшылықтары туралы мәлімдеді.

Коммуналдық желілерді цифрландыру есепшоттар жасалған кезде ашықтықты қамтамасыз ететін көрсеткіштерді автоматты түрде жинауға мүмкіндік береді. Үйді басқарудың онлайн-жүйесі басқарушы компаниялардың операциялық қызметінің ашықтығын қамтамасыз етеді. Тұрғын үй қорын электронды паспорттау елімізде көп пәтерлі тұрғын үйлердің саны мен техникалық жай-күйі туралы дұрыс ақпаратқа көз жеткізуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, табиғи монополия субъектілерін жоспарлы цифрландыру олардың қызметін бақылауға және энергияны өндіру мен тұтыну теңгерімін жақсартуға жол ашады.

«Осы деректердің бәрі қазіргі таңда Инвестициялар және даму министрлігінің тапсырмасы бойынша «ТКШ ҚазОрталығы» әзірлеп жатқан бірыңғай интеллектуалдық ақпараттық жүйенің негізін құрайды. Жүйе пайдаланушылары үй тұрғындары, басқарушы компаниялар, әкімдіктер, мемлекеттік органдар, коммуналдық кәсіпорындар болады. Іс жүзінде бұл инфрақұрылым және тұрғын үй кешенінде «бір терезе» болады. Ол сектордың барлық қатысушылары үшін бизнес-процестердің ашықтығын қамтамасыз етеді. Бұл, ең алдымен, үйлердің тұрғындарына қатысты, олар тұрғын үй мен пәтер туралы ақпаратқа қол жеткізе алады, коммуналдық қызметтерді нақты тұтынуға бақылау жасап, үйді басқаруға қатысып, онлайн режимде шағым беріп әрі ұсыныс жасай алады», — деп атап өтті Нұрсұлтан Жиенбаев.

Бұдан өзге, кездесуде көп пәтерлі тұрғын үйлердің саны мен жай-күйі туралы нақты деректердің жоқтығына, оларды есепке алу құралдарымен жабдықтауға, әртүрлі стандарттар бойынша жұмыс істейтін қондырғыларды орталықтандырылмаған сатып алуға, инфрақұрылым және тұрғын үй кешеніндегі ақпараттық ресурстарға әртүрлі тәсілдеріне, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында мобильді қосымшалардың аздығына қатысты және техникалық параметрлерге бірыңғай талаптар болмауы туралы цифрландыру мәселелері қаралды.

Осыған байланысты жергілікті атқарушы органдарға көп пәтерлі тұрғын үйлерді біріктіру, тұрғын үй қорын түгендеу, қолданыстағы жергілікті ақпараттық жүйелер мен ресурстар, табиғи монополиялар субъектілерін және т.б. өңірлік бағдарламасын әзірлеу жөніндегі мәселелерді пысықтау тапсырылды.

«ТКШ ҚазОрталығы» басшылығы инфрақұрылым және тұрғын үй саласындағы жаңа технологиялар мен жобаларды таныстырды. Мәселен, компания Қазақстандағы шағын және орта бизнеске арналған Global Cleantech Innovation Programme (GCIP) бағдарламасын іске асыру үшін «Жаһандық экологиялық қормен» ынтымақтастық орнатуды жоспарлап отыр. Бұл жаңартылатын энергия көздерін дамыту, энергия тиімділігі, қалдықтарды басқару және ресурстарды үнемдеу саласындағы инновациялық стартап жобаларды іске асыруға жол ашады. Сондай-ақ, жақын арада инфрақұрылым және тұрғын үй кешені саласындағы жоғары білікті мамандарды даярлайтын құзыреттілік орталығын ашу жоспарланып отыр.

Сонымен қатар, ғимараттарды жобалауда заманауи технологияларды дамыту үшін 3D зертхана құру жоспарда бар. Зертханалық кешенге судың физика-химиялық зертханасы, энергия үнемдеу зертханасы және жаңа құрылыс материалдары, мобильді зертханалар кіреді. Сондай-ақ, қонақтар энергетикалық тиімді квартал жобасымен танысып, энергия үнемдейтін технологиялар көрмесіне барды.