Қазақстан • 23 Сәуір, 2018

Аңыз адам – Қасым Қайсенов

4895 рет
көрсетілді
24 мин
оқу үшін

Қасым Қайсенов! Өмірі өзгелерге ұқсамайтын бұл ғажайып адамның аты-жөнін біз алғаш рет 1963 жылы жарық көрген «Ажал аузынан...» кітабынан оқып білдік. Суретімен тұңғыш рет ғалым Е.Бекмахановтың 1965 жылы мектеп оқушыларына арнап жазған «Қазақ ССР тарихы» оқулығынан таныс болдық. Ал өзін... иә, өзін Алматыға абитуриент боп келген 1969 жылы Баспочтамт маңындағы аллеядан көрдік. Сәлем беріп, әңгімелесуіміз республикалық жастар газетіне жұмысқа орналасқан 1974 жылдан басталды. Содан 1998 жылы Астанаға қоныс аударғанымызға дейін ағамызбен ылғи болмаса да редакция тапсырмасымен ара-тұра жүздесіп жүрдік. Соның нәтижесінде екі мақала өмірге келген-тін. Оның біріншісі қаламгер Қасым Қайсенов шығармаларын талдауға арналса, одан кейінгісі аты аңызға айналған аға ерлігінің лайықты бағаланбағандығы туралы ел зиялыларының сол кездегі республика, одақ басшылары Н.Беляев, Н.Хрущев және М.Горбачевке жазған хаттарына шолу еді. Ал төмендегі мақала құрметті оқырман, бұл Қасекеңмен 1974-1998 жылдар аралығындағы әңгімелердің қойын дәптердегі қалған үзік-үзік бөліктері. Халық қаһарманының 100 жылдық мерейтойында бүгінгі ұрпаққа танымдық тұрғыдан керек қой деп ұсынуды жөн көріп отырмыз.

Аңыз адам – Қасым Қайсенов

Ж.А.: – Аға! Өзіңізбен кезде­суге келер әр жолы мен сіз­дің­ жазған деректі шығар­ма­лары­ңызды бір шолып шы­ғамын. Сон­дағы бай­қа­латын бір нәрсе – бұл кітап­тарыңызда соғыс ке­зін­дегі өмі­ріңіз мол қам­тылады да оған дейінгі туған жер, өскен орта, жастық шағыңыз туралы он­­ша көп еш­теңе айтылмайды. Неге?

Қ.Қ.: – Керек болса, қажет деп тапсаң айтайын қарағым. Мен Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданындағы Асубұлақ ауылында дүниеге келдім. Бұл өзі сұлу табиғат аясындағы көркі көз тойдыратын шағын елді мекен. Сол жерде тұңғыш рет мектеп есігін ашып, орталау білім алған соң Өскемендегі саяси-ағарту тех­ни­кумына оқуға түстім. Оны бітіргеннен кейін облыстық халық ағарту бөлімінде инспектор болып жұмыс істедім. Өстіп жүргенде 1939 жылы армия қата­рына шақы­рылмасым бар ма?..

Ж.А.:  – Бұл әскери-барлау мек­тебіне баратын кезіңіз ғой шамасы...

Қ.Қ.:  – Иә.

Ж.А.: – Оған қалай түсіп жүр­­сіз? Білетіндер аталмыш оқу орнына басқа ұлттың өкіл­дерін қабыл­дамайтын еді дейді ғой.

Қ.Қ.: – Ол рас. Оған мен ден­­саулығымның мықтылығы мен күш-қуатымның молдығы, жүйкемнің төзімділігі мен есте сақтау қабілетімнің ерекшелігі арқасында ғана өттім. Мәскеу іргесіндегі әскери бөлімшеде қызмет етіп жүр едім, комиссияға шақырды. Содан олар басымнан бақайшағыма дейін ал кеп тексерсін дейсің. Сынақтың қиын­­дығы сонша, оған іріктеп әкел­­ген 350 жауынгерден көп ұза­май бар-жоғы 52-ақ адам қалдық. Бұлардың арасында мұсылман баласы дегеннен жал­ғыз мен ғана бармын. Басқа еш­кім жоқ. Қойшы, содан не керек... Өткелектен өткізіп жүріп, алатын оқуына алды ғой ақыры. Қайталап айтамын қарағым, сарапшылар бұл құпия оқу орнына мені қабылдайын деп қабылдаған жоқ. Оған мен өзімнің дене біті­мім­нің ерекшелігімен, буыр­қанған бұла күшіммен, сондай-ақ, табандылық, көнбістік, төзімділік сияқты қасиеттеріммен өттім.

Ж.А.:  – Бұл мектепті қашан бітір­діңіз?

Қ.Қ.: – 1941 жылы жазға салым. Оқуымыздың аяқталуы соғыс­тың басталуымен тұспа-тұс келді ғой.

Ж.А.:  – Соғыста сіз барлау­шы-десантшы болдыңыз. Ди­вер­сиялық топтың жетек­шісі – партизандық өмір жолынан өттіңіз. Сонда майданның арғы бетіндегі сапарға қалай әзір­ленуші едіңіздер? Самолет ішін­дегі көңіл-күй, люктен парашютпен секірердегі қам-қарекет, бұрын көрмеген, біл­меген жерге әуеден түсіп келе жатқандағы ішкі психология­лық арпалыс туралы қазір не айта аласыз?

Қ.Қ.:  – Жау тылына түсу дегенің нағыз азап. Ол жаққа аттану тек түн ішінде ғана жүр­гізілетін. Жабық машинамен аэро­дромға келер едік. Сол жерде бізді «Дуглас» самолетінің ішіне кіргізіп, қарама-қарсы отыруға бұйрық беретін. Арқамыздағы парашют рюкзагына жіп өткізіп, оның ілгегін төбедегі жылжымалы роликке бекітіп қоятыны да есімде. Жасыратын несі бар, майдан шебінен өтердегі оқ шы­мылдығынан абыржымасын, самолет люгінен секірерде батыл болсын дей ме екен 200 грамнан арақ та беріп қоюшы еді. Белгілі межеге жеткенде есік ашылатын да біріміздің артымыздан біріміз 5 мың метрлік қап-қара тұңғиыққа қарай қарғитынбыз. Тәртіп бойынша алғашқы 1 мың метр кеңістіктен атқан оқша ағып өтуің керек. Сол сәттегі азап­ты айтпа... Бұл кезде басың төмен тартып кетеді де денеңді бағындыра алмай қатты әуре-сарсаңға түсесің. Көзіңнен жас парлап, жүрегің аузыңнан шығып кетердей қиын күй кешесің. Өс­тіп жанталаса құлдилап келе жатқанда парашют ашылады-ау ақыры. «Уһ»,– дейсің іштей. Сөйтесің де жан-жағыңа қарап, серіктеріңді іздейсің. Асты-үстің­де бір-бір ақ күмбезге ілі­ніп, олар да келе жатады иманы қасым боп. Осыдан кейін ор­манға аман-есен түсудің қам-қаре­кетіне кірісе бас­таймыз. Бұл жерде көп нәрсе салмаққа тығыз байланысты. Десантшының алып келе жатқан жүгі өзінің денесінің салмағының жартысындай ғана болуы керек. Егер ол одан сәл артып кетсе, бітті, құрығаның деп есептей бер. Жерге түскеніңде аяғыңның жілін­шігі қақ бөлініп сынады да қалады. Сондай-ақ, әуеден төмен қарай келе жатқанда жау ортасына түсіп қалмаймын ба деген күдік те мазаңды алумен болады. Сөз ретіне қарай айта кетейін, біздің жоғарыдағыдай сапарларымызда ондай жағдайлар да кездеспей қалған жоқ. Ал одан тірі қалу дегенің... Жә, бұл енді басқа әңгіме.

Ж.А.:  – Басыңызды өлімге тіккен осындай қиын да қауіпті сапар­ға тұңғыш рет қашан ат­тандыңыз?

Қ.Қ.:  – 41-дің қарашасында. Ол кезде Оңтүстік батыс майданы штабының қарамағында едік. Сол жерде біздерден арнайы топ жасақталынды да бірден жау тылына түсірілдік. Алға қойылған мақсат Украинаның Полтава облысында партизан қозғалысын ұйымдастыру болды.

Ж.А.:  – Ал соңғы тапсырма ше?

Қ.Қ.:  – Оған 44-тің маусым айын айтуға болады. Ол жолы біз Венгриядағы Карпат тауына аттанып, күшті жау тосқауылына ұшырадық. Қиян-кескі сол шай­қаста 53 қаруласымыздың 46-ы қаза тапты да тірі қалған жетеуміз кейін 200 адамдық отряд құруға қол жеткізіп, о бастағы берілген тапсырманы ойдағыдай орындап шықтық.

Ж.А.:  – 1941-1944 жылдар­дағы жау тылындағы жанкеш­ті өмірлеріңіз өзіңіздің «Ажал­ аузынан...», «Илько Витряк», «Переяслав партизанда­ры»­ кітап­тарында молынан қам­тылған. Біз оған тоқтал­майық. Өйткені ол қайталау болып шығады. Ал сізден көзбе-көз отырып сұрайық дегеніміз... Өзіңізді Кеңес Ода­ғының Ба­тыры атағына лайық ерлік жасады деген Днепрдегі оқиға. Соны анықтап айтып берсеңіз. Ол қалай болып еді?

Қ.Қ.:  – Айтайын. 1943 жылғы 17 қыркүйекте Чапаев атындағы партизан құрамасында ерекше бір қуанышты оқиға болды. Бұл күні біз «Үлкен жерден» аттанғаннан кейінгі 1 жыл 10 айдан соң барып өз әскерлеріміз – Р.М.Малиновский басқарған 3-ші Украина майда­нының танкистерімен кездестік. Айт­пақшы, соның алдында Днепрдің оң жағына өтіп үлгерген жау Бук­рин плацдармын жасап алып, Қы­зыл Армияның шабуылдаушы бөлімдерін өзенге беттетпей жатыр деген хабар естіген болатынбыз. Рас екен. Оны өзімізбен кездескен 5-ші танк бри­гадасы командирінің бізге берген тапсырмасынан анық білдік. Оның пайымдауынша, партизандар бұл өңірдің жер жағдайын жақсы біледі. Сондықтан олар қайткенде де Днепрдің арғы бетіне өтіп, қосымша күш жеткенше сол жердің бір пұшпағын ұстап тұра тұруы керек. «Оң жағалауға жетіп, көзге түскендерге Кеңес Одағының Батыры атағы берілетін болады»,– деді бригада командирі бізбен әңгімелесіп отырып. Сөйтті де: «Кімдер баратынын тезірек анықтаңыздар да оларды жағалауға шұғыл аттандырыңыздар»,– деді сөзін нықтап.

Мына бұйрықты естіген партизан құрамасының басшылығы өзара ақылдаса келіп, бұл операцияны орындауға менің отрядым лайық деген шешімге келді. Мұндайда мәселе былай: берілген тапсырма сөзбұйдаға салынбайды. Оған уәж де жүрмейді. Ол тек орындалады. Осы есіме түскен мен: «Жарайды»,– дедім қысқа ғана.

Сөйттім де отрядымды жинап алып, жағалауға қарай жүріп кеттім. Міне, Днепр... Оның ар­ғы беті кеше ғана өзіміз талай жортқан Панитов орманы. Ен­ді сол жаққа қайта өтпекпіз, қайта бармақпыз. Бұлай бола­рын білгенде... Өстіп ойланып жатқанда күн батып, кеш те түсе бастады. Қас қарая бере қара судағы күні бұрын байлас­тыра әзірлеп қойған бөренелерді иықпен демей жылжытып, арғы бетке өтуге әрекет ете баста­дық. Осы кезде жау аспанға жар­қы­рауық ракеталарын атып, өзен­нің астан-кестеңін шығарды дей­сің. Төң­керілген қайық... Оққа ұш­қан жігіттер... Жанталасып жү­­ріп қараймын, Днепрдің орта тұсынан асқан сияқтымыз. «Енді сәл шыдасақ...»– деймін ішімнен. Бір мезетте бөрене – салды ықтап келе жатқан біздерді су ағыны шыркөбелек айналдырып төмен қарай ала кеп жөнелмесі бар ма? Сол екпінмен біраз ақтық. Ақыры өзенге сұғына еніп тұрған мүйіске кеп соғылдық та жан-дәрмен деп жағаға шықтық. Бекініс жасай бастағанымызда бізбен бірге өткен байланысшы солдат катушка сымын ағаш бұтағына іліп, өз тірлігімен өзі болып жатқан. Әлден уақытта ол: «Сізді телефонға ша­қырады»,– деді ентігіп. Мен наушникке ұмтылдым. «Жолдас, отряд командирі,– деді арғы жақтағы дауыс.– Сіздердің оң жағалауға жетіп, табан тірегендеріңізді бай­ланысқа бірінші болып шық­қандарыңыздан біліп отырмыз. Рахмет! Енді сол жерді ертеңгі сағат 12-ге дейін ұстап тұруға тыры­сыңыз­дар. Ерліктеріңіз жоғары наградамен...» Осы жерге келгенде телефон үзіліп кетті де рация үнсіз қалды.

«Сағат 12-сі несі?– деймін күйініп.– Қосымша күшті артта­рыңнан іле-шала жібереміз демеп пе еді кетерде. Қайда енді онысы?» Осы оймен Днепрге жабы­ға қарадым. Өзен беті әлем­тапырақ. Жарқырауық ракеталар аспанға асылып алып, айналаны күндізгідей сәулелендіріп тұр. «Түсінікті,– дедім ішімнен.– Олар өте алмай жатыр». Жағдайды осылай деп шамалаған соң жолдастарыма енді өз күшімізге сенуден басқа амалдың қалмағанын айтып, жағалауға тиіп тұрған Григоровка селосын алуды бұйыр­дым. Өзіміз бұрыннан жақ­сы біле­тін бұл елді мекенді жау­дан тез босаттық. Сөйттік те, сол жерге тістесіп жатып алдық. Со­дан таң атты. Атыс... Күн шы­ғып, түс болды. Шабуыл... Бірақ арттан келетін күш әлі көрінбейді. Өстіп жатқанда дәл жанымнан бірдеңе гүрс ете түскені... Сол сол-ақ екен не болғанын білмеймін, аспан жерге төңкеріле құлағандай боп, дүние көз алдымнан көшіп жүре берді. Ар жағы есімде жоқ. Бұлыңғыр, бұлдыр бірдеңе. Көзімді ашсам, дала госпиталінде жатыр екенмін. «Контузияға ұшырағансың», – дейді санитарлар. Олар негізгі бөліммен бірге Григоровка селосына келіп кіргенде менің топырақ астынан шығып жатқан аяғымды көріп тауып алғанын айтты. Кейін білдім, бұлар бізге жіберілген қосымша күш емес, мүлде басқа құраманың жауынгерлері болып шықты. Сөйтіп, Днепрден бірінші боп өткендегі ерлігіміз аяқ астынан ұмыт қалды да атақ-даңқты басқалар алып кетті. Нақты құжат ұзақ уақыттан соң барып партизан штабының архивінен бір-ақ табылғаны бар. Бірақ ол кезде бәрі кеш еді.

Ж.А.: – Жау тылынан қашан шықтыңыз?

Қ.Қ.:  – 1944 жылдың аяғында.

Ж.А.: – Содан елге бірден қайттыңыз ба? Жоқ әлде...

Қ.Қ.: – Қалай десем екен... Бұл өзі былай болды. Жау ты­лы­нан шыққан соң мені он­шақ­ты адаммен бірге Киев қа­ласындағы Орталық партизандар қозғалысы штабына жіберді. Мұнда: «Пар­тизандық соғыс осымен бітті. Сондықтан енді сендер жау тылына қайтып бармайсыңдар. Біра­зыңды армия қатарына аламыз да, ал кейбіреулеріңді азамат­тық қыз­метке қалдырамыз», – дегенді айтты. Мен әскерге ілін­бей, сол «кейбіреулердің» қатарында қалып қойдым. Осыдан соң маған: «Соғысқа жібермесе мұнда енді не бар? Одан да елге қайтайын», – деген ой келді де оны штабтағыларға жасырмай айтып шықтым. Бірақ олар кесіп-пішіп ештеңе дей қоймады. Өстіп жүргенімде С.А.Ковпак шақырып жатыр деп естідім.

– Вася, – деді амандасып бол­ғаннан кейін Сидор Артемье­вич. – Сен еліңе қайтам деп жүр екен­сің. Немене, біздің Украина ұн­а­май ма саған?

– Неге ұнамасын, ұнайды. Бірақ, енді жау тылына жібер­месе, армияға алмаса мұнда не істеймін?

– Иә, оның рас. Ол жаққа енді ешкім жіберілмейді, – деді Си­дор Артемьевич.– Себебі, біздің же­ріміз фашистерден түгел азат етіліп, партизандар өз міндеттерін толық орындады. Ал армияға келсек... Онда барып не істейсің? Партизандық жорық күндерінде сен адам саны бригадаға тең отрядқа, мен көлемі дивизияға пара-пар құрамаға басшылық ет­тім. Енді олай болмайды. Біздер армияға алынсақ командир емес, тек қатардағы солдат қана болып барамыз. Өйткені, сен де, мен де академия, училище бітірген жоқпыз ғой. Бұл – бір. Екінші... Еліңе бардың дейік. Бұл жаққа ертерек кеткендіктен онда сені көп ешкім білмеуі, Украинадағы ерлігіңнен хабарсыз болуы мүмкін. Сонда табиғатыңда бар тентек, қияңқы мінезіңмен кімге сиясың? Еркелігіңді кім көтереді? Егер сол жерде қызметте жүріп, бір нәрсені бүлдіріп алсаң не болғаны? Сені кім біледі, кім ара түседі? – деп ол кісі екі қолының жуан да қысқа саусақтарынан керегекөз тор жасап, маған барлай қарады. Онысын мен түсіндім. «Мінез-құлқыңды жақсы білемін. Содырлық жасап сотталасың», – деп отыр. Сидор Артемьевич жоғарыдағы сөзден кейін біраз үнсіз отырды да: «Сені біз жақсы көреміз, Вася. Көз алдымызда жүре тұр. Бейбіт өмірге бейімделіп, мамандық алғаннан кейін еліңе жақсылап шығарып са­лайық», – деді қамқор үнмен. Мен ештеңе деместен шығып кеттім.

Келесі күні штабқа келсем: «Сізді кадрлар бөлімінің басты­ғы, полковник Сперанский із­деп жатыр», – деді кезекші. Бар­дым. Полковниктің алдында басына көнетоз кепкі киген, үстінде күздік пальтосы бар бейтаныс қазақ отыр екен: «Мен Жұмағали Саин деген ағаң боламын, – деді ол кісі аман-саулықтан соң.– Ақынмын. Осын­да Ворошиловград облысында партизандар қатарында болып едім. Енді елге қайтайын деп документтерімді жөндетіп жүрмін. Ал сен ше?» «Мені жібер­гілері келмейді?» «Сөзді қой, бала. Өзіңнің шынымен елге қайтқың келе ме?» «Иә». «Енде­ше, осы пікіріңнен тайма. Бұлар­мен өзім сөйлесемін».

Осылай деген Жұмекең ал кеп іске кірісті дейсің. Кірмеген есігі, бармаған бастығы жоқ. Оларға бұл жігіттің болашағына, жағдайына өзім жауап беремін дейтін сияқты. Сөйтіп жүріп мені босатып алды да елге алып қайтты ғой...

Ж.А.: – Соғыстан кейін жау тылындағы сіздің ерлігіңіз туралы қалам тартқан адамдар болды ма? Болса олар кімдер еді?

Қ.Қ.: – Бұл сауалыңа: «Жа­зушы Ғабдол Сланов», – деп жауап бергім келеді. Қырқыншы жылдардың аяқ кезі болатын. Ол кісі менімен ұзақ сөйлесіп, әңгімелерімді жалықпай тыңдау­шы еді. Сөйтіп жүріп бір күні «Алтай баласы» атты деректі шы­ғар­масын жарқ еткізгені. Он­да жалғыз мен ғана емес, бүкіл Қайса әулеті қамтылып, бәрімізге жылы лебіздер айтылады.

Ж.А.:  –  Ал өзіңіз жазушылыққа қалай бет бұрып жүрсіз? Жалпы, сіздің шығармашылық жұмыспен шұғылданып, кітап шығарумен шындап айналысуыңызға ең алғаш рет кімдер ықпал етті деп ойлайсыз?

Қ.Қ.: – Бұған алдымен Жұмекең – Жұмағали Саинды, Шахмет Хұсайыновты, содан соң тағы да сол Ғабдол аға Слановты айтар едім. Бәрі де менің ауызекі түр­де айтатын әңгімелерімнен бас­талды. «Қасым, – дейтін сонда ол кісілер, – сен жас та болсаң көп нәрсені көрген екенсің. Осыларды қағаз бетіне түсіріп көрсең қалай болады? Жасқанба. Мына оқиғаларды бізге қалай айтып жүрсің, ойдан ешнәрсе қоспай, солай тізіп жаза бер. Көркемдеймін. Әдемілеймін деп те әуре болма. Бұлар осынысымен-ақ әсерлі. Бір қиналарсың... Екі қиналарсың. Көр де тұр, содан кейін қалай жазып кеткеніңді өзің де білмей қаласың». Ақыры осы ағаларымның айтқаны келді де тұрды. Біраз уақыттан кейін естеліктерім шыға бастағаны... Жазуға, шығармашылыққа бет бұруымның қысқаша тарихы міне осы, қарағым.

Ж.А.: – Менің байқауымша сіздің өміріңіз ылғи да кездей­соқ жайттар мен күтпе­ген оқиға­лардан тұратын сияқ­ты. Бұл қалай?

Қ.Қ.: – Соған өзім де таңғала­мын, қарағым. Жас кезімдегі жағдайларды ғой, кітаптарымнан жақсы білесің. Ал енді қартайдым, кездейсоқ жайттардың ауылы менен алыстаған шығар дейін десем, олар тағы да алдымнан шыға береді... Күлме маған... 1993 жылдың күзінде мынадай оқиғаға ұшырағаным бар. Үйде жатыр едім, Шығыс Қазақстан облысы келіп кетсін деп сәлем айтыпты. Бардым. Елден айналайын, хан көтеріп қарсы алды. Қайтарымда облыстық әкім­діктің жігіттері иіліп төсек, жазылып жастық болып ұшаққа да өздері мінгізіп жібермесі бар ма? «Алаңдамаңыз. Жеңгейге хабарлап айттық. Енді екі сағаттан кейін Алматыдағы үйіңізде боласыз», – деді олар қоштасып жатып. «Рахмет, айналайындар!» – деймін риза көңілмен. Сөйтіп  әуеге көтерілейік. Само­лет ұшып келеді, ұшып келе­ді, бірақ Алма­ты көрінбейді. Қалғып кетіп оянсам түн..., бөтен аэропорт. «Қай жер?» –деп сұраймын аң-таң болып. «Кемерово қаласы», – дейді стюардесса. Сонда ғана барып облыстық әкімдік жігіт­терінің шатасқанын, Алматы деп Кеме­ровоның көлігіне мінгізіп жібергенін түсіндім. Өкінгеннен, ренжігеннен не пайда, әрекет етуге көштім. Қайыра билет алып, Өскеменге кері ұшайын де­сем кассадағылар: «Осы таяу­да бізде Ресейдің жаңа рублі шық­қан. Мына сабан ақшаңызды алмаймыз», – деп жолатпайды. Қонақүйге барайын, тамақ ішейін десем де осындай кедергі. Сол кезде бұрын өзін көрмеген, білмеген, бірақ аты сырттай таныс Амангелді Төлеев есіме түсті. «Облыстық Кеңестің төрағасы ғой. Ақшамды ауыстырып беруге көмектесер», – деп ойладым ішімнен. Сөйттім де, оған сол аэропорттан кезекші қыз арқылы телефон соқтырттым. «Мен сізді білемін. Ешқайда қозғалмай, сол орныңызда тұрыңыз. Қазір көмекшімді жіберемін», – деді ескі танысымдай аңқылдап тіл қатқан ол. «Жау жерінде бір үйің болсын», – деген рас-ау. Амангелді Ресей Президентінің пәр­менімен елдегі Кеңестердің тарап жатқан үстіне келгеніме, жағдайының шатқаяқтап тұр­ғанына қарамастан, мені өте жақсы қабылдады. «Бүгін бұл жақтан Қазақстанға самолет ұш­­пайды. Ертең қайтыңыз. Көмек­шім сізді қонақүйге де ор­налас­тырады, билет те әпереді. Еш­­нәрсеге алаңдамаңыз», – деді ол жігерлі үнмен. Сөйтті де, мұндағы саяси-әлеуметтік ахуал­д­ың қиын екенін, отбасына қастандық жасалғанын, қара­пайым халықтың өзін жақсы көре­тінін, таяуда жаңа кітабының шыққанын баяндап өтті. «Жағдай бұлай болса елге, Қазақстанға қайтпайсың ба, айналайын», – дедім мен оны жоғарыдағы айтқан әңгімелерінен кейін аяп кетіп. «Жоқ. Бармаймын, – деді ол. – Біріншіден, Қазақстанға ме­нің еңбегім сіңген жоқ. Не деп барамын? Екіншіден, қиын­­дық туғанда төменшіктеп көріну тағы жарас­пайды. Ол ма­ған ұят. Үшіншіден, мұндағы қалың бұқараның мен дегенде жаны басқа. Жақсы көреді. Сыйлайды. «Кетпе. Шыда»,– дейді. Сенімнен артық не бар? Демек, енді не көрсем де осылармен бірге көрмекпін».

Ертесінде мен Өскеменге аттандым. Содан қашан Алматыға жетер-жеткенше көз алдымнан сонау Сібір жерінде жүрген Аман­гелді Төлеев кетпей қойды. Онымен мені кездестірген кез­дейсоқтық па? Жоқ. Дәм-тұз, тағдыр шығар, бәлкім.

Жанболат АУПБАЕВ,

«Егемен Қазақстан»