Өнер • 23 Сәуір, 2018

Асанәлі Әшімов: Рухани жаңғырудың кілті төл өнеріміз бен мәдениетімізде

300 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Ақтөбе қаласында Астананың 20 жылдығы құрметіне орай «Ән дарыған далада шынға айналған астанам» атты республикалық ақындар айтысы өтті. Оған қазақ театр өнерінің саңлағы, Халық әртісі Асанәлі Әшімов бастаған қа­зылар алқасы төрелік жасады. Сөз сайысына халықаралық және рес­публикалық айтыстарда топ жарып жүрген жыр жүйріктері мен айтыс өнеріне таяуда бет бұрған жас дарындар қатысты. Олар тоғыз жұп болып жыр нөсерін төгіп елордамыз Астананың арайлы айшықтары мен еліміздің жетістіктерін кесте­леп өрнектей білді. Біз орайы келген сә­тінде ұлттық өнеріміздің хас жүй­рі­гі­не жолығып, бірер сауал қойған едік. 

Асанәлі Әшімов: Рухани жаңғырудың кілті төл өнеріміз бен мәдениетімізде

– Асанәлі аға, сізді соңғы жылдары елімізде өткізіліп жүрген үлкен ай­тыс­тардың төрінен, ежелгі халық­тық қазынамыздың өрінен жиі көріп жүр­міз. Бұған бүйрегіңіздің басыбайлы бұрыла бастауының сырын айтып бермес пе екенсіз?

Асекең қойылған сұраққа тікелей жауап қайтармастан бұрын «Егеменнің» тілшісі екенімізді білген соң қызыл қоңырқай жүзі одан сайын шырайланып: «Егеменненмін» деймісің, Бас га­зе­тіміздің жөні бөлек қой. Кешегі нө­мірде Құман екеуміздің осыдан отыз жыл­дан астам уақыт бұрын Атырауға бар­ған сапарымыздан түсірілген суре­ті­мізбен шағын материал жарияланыпты. Ортамызда отырған сол кездегі бүлдіршін қыз Стелланың бүгінгі жетістігіне қатты қуандым. Рахмет бәріңізге», деп бір қайы­рып алды да қойылған сұрағымызға қарай ойыса берді.

– Айтыс – халқымыздың бітім-болмы­сымен о бастан бірге жаратылған әлемдегі екі жүзден астам мемлекет пен бес мың­нан астам ұлт пен ұлыс өкілдерінің бір- де бірінде кездеспейтін дара рухани құн­­дылығымыз. Халықтық өнеріміздің бас­­тауы айтыс дер едім. Ендеше бұған бүй­регім қалайша бұрылмайды. Оның тағы бір артықшылығы, жазба ақындар жет­­кізе алмағанды айтыскер ақындар толық­тыра алады. Соңғы жылдары ежел­гі айтыс өнері өзінің мазмұны жа­ғы­нан да, түрі жағынан да түрлене түсті. Қар­сы­ла­сына қара сөзбен емес, суырып салып сұлу жырмен ұтымды жауап қайтару үшін шынайы шеберлік керек. Бұған зер­де мен білімді қосыңыз. Бүгінгі айтыскер ақындарымыздың бойынан осындай қасиеттерді байқап, танып жүрміз. Дегенмен айтыстың деңгейі бұрынғы кез­бен салыстырғанда тереңдей түсті дей тұрсақ та бұған бәрібір белгілі бір бағыт-бағдар көрсетудің ешқандай ар­тық­шылығы жоқ.

Б­ұл тұрғыда Ақтөбеде өткізілген рес­публикалық айтыстың басты өзегіне елордамыз Астананың 20 жылдығы ар­қау болуының мәні жоғары. Маған бұл тақырып тәп-тәуір ашылғандай көрінді. Қазіргі кезде өңірлердің Астанаға қарап бой түзеуінің де орны бөлек. Бұл мәселе де айтыскер ақындарымыздың назарынан тыс қалған жоқ. Соңғы жылдары елімізде тотыдайын таранып, сұңқардайын сыланып бой түзеп келе жатқан республика қалаларының қақ төрінде Ақтөбе тұр. Халықтық өнердің жүйріктері бұл жетістіктерді орамды тілмен жеткізе білді.

– Биыл осы өңірдің тумасы, ірі тарихи тұлға Әбілқайыр ханның өмірге келгенінің атаулы бір датасы аталып өтуде. Айтыстың ақберен жүйріктері оны да айналып өткен жоқ. Бұл туралы не деуге болады? Әбілхайыр хан­ның еліміздің тарихындағы орны мен рө­лін қалай бағалайсыз?

– Отандық тарихшылар Әбілқайыр ханның қарама-қайшылықты күрделі та­рихи тұлға екендігі жөнінде жиі жазып жүр. Мұнда тарихи шындықтың сәу­лесі бар деп есептеймін. Сондай-ақ халқ­ымыздың басына қиын-қыстау күн туған кезде, тіпті бұдан да тереңдете айтқанда сонау бір жаугершілік замандарда жер бетінен ұлт ретінде жойылып кету қаупі төнген кезде ел мен жер­ді және ұлтты сақтап қалу үшін оның Ре­сей империясымен өзара келісімге кел­генін күстәналай алмасақ керек-ті. Ресей – біздің ежелгі көршіміз. Геосаяси тұрғыдан да, жағрафиялық тұрғыдан да бізге Ресей мемлекетімен көршілік қарым-қатынаста болуды тағдырдың өзі жазған болса керек.

– Асеке, бүгінгі айтыстың шымыл­ды­ғын ашқан кезде өзіңіздің рухани ініңіз, сөз сүлейі, Қазақстанның ең­бек сіңірген қайраткері Жүрсін Ер­ман ке­шелі-бері Ақтөбенің көрікті жер­ле­рін аралап өсу үстіндегі өңірдің архи­тек­туралық ажарына риза болғанын айтып берді. Бұған не дейсіз?

– Ақтөбеге келген сайын оның ажары атқан таңдай ашыла түскенін кө­ріп риза болып аттанамын. Өнер адамы бол­ғандықтан мұнда өткен жылы қай­та­ланбас келбеті бар мәдени нысандар салынып, пайдалануға берілгеніне ме­рейім кәдімгідей тасыды. Соның ішінде «Жұбановтар әлемі» музей-үйіне тоқтала кетуге болады. Бір әу­леттен әдебиетіміз бен өнеріміздің дең­гейін асқар биікке көтеруге ықпалын тигізген төрт бірдей академиктің шығуы – сирек құбылыс. Қазақтың ұлттық кәсіби музыка өнері  Ахаңнан – Ахмет Жұбановтан бастау алады.

Қасиетті жерге табан тіреп, арқа-жарқа боп елмен араласып келіп қалған жайымыз бар. Ақтөбенің төл перзенті – Ахаңның тәрбиесін көрдім десем артық айтқандық болмас. Маған ол кісі тікелей сабақ бермесе де, жүріс-тұрысымен, дуалы сөзімен үлгі болғаны бар. Ол кісіні мен ұстазым деп есептеймін. Оның үстіне консерваторияға түсуге келгенде комиссия мүшелерінің қатарында бо­лып монологымды тыңдаған еді. Ол кез­де қайбір керемет оқыдық дейсің. Қо­лы­мызды әрі-бері сермеп, аздап жа­ңы­лысып, шамамның жеткенінше өне­рімді көрсетуге тырыстым. Сол кезде төрт адамның арасынан Ахаңның «... Бала әлі жас, үйренеді ғой...» деген бір ауыз сөзімен ағалық ақ тілегі менің студент атануыма септігін тигізген еді. Ал Ахаңның қызы, қазақ музыка өнерінің қайта­ланбас тұлғасы Ғазиза Жұбановамен, ол кісінің жұбайы, тарлан талант, театр режиссурасының патриархы Әзірбайжан Мәмбетовпен қатарлас, қанаттас қыз­мет атқарудың сәті мен мүмкіндігі түс­ті маған. Мүмкін, өнердің өз өкілі ретін­дегі бақытты шақтарымыздың бірі осы кез шығар. Әсіресе қазақтың клас­сикалық музыкасының өресі мен өрі­сін әрі шеберлік деңгейін көтеру ісіндегі Ғазизаның талантына тәнті болумен келемін. Егер Әуезов театрында қойылған спектакльдерге қатысты айтсам, «Қан мен тердегі», «Ана-Жер анадағы» Ғазиза жазған музыка нағыз шедевр, нағыз классикалық әуен деп білемін.Рухани жаңғырудың басты кілті төл өнеріміз бен мәдениетіміздің тамырын тереңдете түсуден бастау алады. Оны келешек ұрпаққа табыстау, ұлттық өнердегі сабақтастық тінін үзбеу парыз.

 Осы орайда Ақтөбе аймағында қолға алынған істер оң бағаға әбден лайықты. Тағы бір айтайын дегенім, руханият пен мәдениетке жақын жүретін, оны қол­дайтын әрі жаны ашитын басшылар бар жерде халықтық өнеріміздің өрісі еш уақытта тарылмайды. Бұл ретте мен осы өңірді басқарып отырған бауырым Берді­бек Сапарбаев көп істердің басын қайыр­ғанына куә болып отырмын. Маған оның қарапайымдығы мен елгезектігі, жұмыс істесе жанын салатын қасиеттері ұнайды.

–  Әңгімеңіз үшін сізге көп рахмет.

Әңгімелескен Темір Құсайын,

«Егемен Қазақстан»

Ақтөбе

Соңғы жаңалықтар