Аймақтар • 23 Сәуір, 2018

Құбыр желісінің іргесіндегі ауыл көгілдір отынсыз отыр

436 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Газет редакциясына Ақтөбе облысының Шалқар ауданындағы Есет ауылының тұрғыны Өмірсерік Алпысбаевтың атынан «Көгілдір отын мәселесі қашан шешіледі?» деген хат келіп түскен еді. Онда көгілдір отын құбырына жап-жақын жерде отырған ауылдың әлі күнге газсыз отырғаны туралы айтылыпты. 

Құбыр желісінің іргесіндегі ауыл көгілдір отынсыз отыр

Хатта айтылған мәселелердің анық-қанығына көз жеткізу үшін редак­ция алқасы оны Ақтөбе облы­сындағы газеттің меншікті тілшісіне, яғни осы жолдардың авторына жол­даған болатын. Осылайша шұғыл іссапарға жиналуға тура келді.

Сапарға жүрместен бұрын аталған ауылға таяу болашақта газ құбырын жүргізу жобасы бар немесе жоқ екенін анықтап алмақ оймен Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Серік Төленбергеновке жолықтық, тиісті сұрағымызды қойдық. Алайда облыстық энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы басқармасының газ құбырларын тартуға тиісті Шалқар ауданына қарас­ты нысандар тізімінде Есет ауы­лы жоқ болып шықты. «Өңірді газдандыру­ды одан әрі жалғастыру жөнінде нен­дей жұмыстар қолға алынбақ?» деп, сұрағымызды кеңірек қоюымызға тура келді. Бірақ нақтылықтан гөрі, жалпылама жауап алғандықтан, «жол мұраты жету» дегенді ұстанып, Есет ауылына аттанып кеттік.

Есет ауылында шағым хат иесі Өмірсерік Алпысбаевпен, ауылдың басқа да тұрғындарымен кездесіп, мәселенің мән-жайына қанығып, ауыл халқын алаңдатқан ахуалдың түп-төркініне үңілгендей болдық. Хатта көрсетілгендей, Есет ауылының іргесінен сонау 1965 жылдан бері «Бұхара-Орал» магистральды газ құбырының №11 деп аталған газ айдау бекеті өтіп жатыр екен. Мұндай жағдайда бұл орташа әлеуетті елді мекендер қатарына кіретін ауылға көгілдір отынды тікелей тартудың таптырмас мүмкіндігі бар. Ауыл халқының айтуына қарағанда, бұған дейін мұндай жобалар да болыпты. Өкінішке қарай, соның бәрі басы дырдай, аяғы қылдай болып, сиырқұйымшақтанып кеткенге ұқсай­ды. Есет ауылының магистральды газ құбырынан небәрі 5 шақырым қашық­тықта орналасуы газ өткізу үшін соншалықты көп қаражатты қажет етпеуі де мүмкін. Өзгесін айт­пағанда бұл мәселені Шалқар аудандық бюджетінің есебінен немесе мемлекет-жекешелік әріптестігі ая­сындағы жобалар қатарында қарас­тыру мүмкіндігі бар екенін жоққа шы­ғара алмаймыз. Тек бұған оң ықылас, қамқор көңіл болса болғаны да.

Хат авторы Ө.Алпысбаевтың айтуын­ша, Есет ауылына газ тарту мәселесі биылғы жылдың 15 қаңтары күні Шалқар ауданының әкімі Бауыржан Қаниевтің Айшуақ ауылдық округі тұрғындары алдында есеп беру жиынында да айтылыпты. Әйтсе де аудан басшысы тұрғындардың сауалына орай мән-жайды байыптап, түсіндіріп айтып бере алмаған. Ө.Алпысбаев оның қызметтік әдеп нормаларына сәйкесе бермейтін дөрекі түрде жауап қайтарғанын қынжыла, күйзеле отырып жеткізді. Осы жайтты меншік­ті тілшімен кездесу кезінде ауыл тұр­ғындары да қуаттады.

 «Егемен Қазақстан» газетінің редакциясына жолдаған шағын хатында Ө.Алпысбаев ауылымыздың түбінен өтіп жатқан магистральды газ құбырының игілігін көруге адами және моральдық құқымыз жоқ па деген сауал қойыпты. Неге болмасын?! Бұл игілікті пайдалануға әбден бар олардың адами және моральдық құқықтары. Бұрынғы кеңестік кезеңде ұсақ-түйектей көрінетін мұндай мәселенің өзі мемлекеттік жоспарлау комитеті арқылы шешілетін. Оған ешкім бас сұға алмайтын. Магис­­тральды құбырдың іргесінде көптеген ауыл көгілдір отынсыз отыратын. Ал қазіргі тәуелсіздік тұсында қаржы көздері шешілсе, мұны реттеудің айта қаларлықтай қиындығы бола қояр ма екен?! Қазақ әдебиетінің ақсақалы, саңлақ суреткер Шерағаң-Шерхан Мұртазаның сөзімен айтқанда «Алтын көмбенің үстінде тыр жалаңаш отыру» ғой мұның аты.

Рас, қазіргі кезде ел аумақтарын кө­гіл­­дір отынмен қамту мен газ құ­быр­­ларын жүргізудің өзіндік тәр­тібі мен нормативі белгіленген. Яғни рес­пуб­лика Үкіметінің шешімі мен қау­лысына сәйкес бұл жұмыстар бірін­ші кезекте аудан орталықтарында атқа­рылуға тиіс. Тек содан кейін ғана бұл ірі әрі әлеуеті орташа деңгейдегі елді мекендерде жалғастырылуы қажет.

Осы орайда айтарымыз, Ақтөбе республика өңірлері арасында газ өткізу нысандары құрылысы жөнінен алғашқы үштікке кіреді. Бұған дейін жасалған экономикалық зерттеулер нәтижелеріне сүйенсек, өңір аумақтарын газдандыру деңгейі 85 пайыздан асып түседі. Ендеше ендігі кезек Есет ауылы секілді дамуы орташа деңгейдегі елді мекендерге де келгені анық.

Хат иесінің жазуынша Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапар­баев өткен 2017 жылдың 2 мау­сымы күні Айшуақ ауылдық округі тұрғындарымен кездесуі кезінде оларға әуелі халқы көп қоныстан­ған елді мекендерге газ тартамыз, шағын елді мекендерді содан кейін қарастырамыз депті. Одан бергі аралықта бір жылға жуық уақыт өтті. Ауыл тұрғындарының сөзіне қара­ғанда осы екі арада халық саны Есет ауылынан көптеу, бұл арадан отыз шақырым қашықтықтағы Байқадам ауылына газ тартылған. Есеттіктер ендігі кезек біздікі шығар деп үлкен үміт артатынын жеткізді. Біз де осындай ойға иек артқымыз келеді.

Жоғарыда айтылғандай, облыс аумағындағы елді мекендерді газдандыру жұмыстары кезең-кезеңімен атқарылып келеді. Әрине бұл ретте істің оң шешім табуы бірінші кезекте қаржыға байланысты екені түсі­нікті. Өңірдегі газ өткізудің жай-күйіне қатысты тағы бір деректерге тоқтал­сақ, мұнда аудан орталықтары мен агло­мерация аумағына кіретін елді мекендер мен даму деңгейі жоға­ры ауылдарды көгілдір отынмен қамту ісінің етек-жеңі жиналып келе­ді. Ендігі кезек дамуы орташа дең­гейдегі елді мекендерге келіп тұрғаны кәміл. Шалқар ауданындағы Есет ауылы осы қатарға кіреді. Ақтөбе облыс­тық энергетика және тұрғын-үй ком­муналдық шаруашылығы бас­қар­масы дәл осындай тұжырым мен есептер жасаған екен. Бұл жайт Есет ауылы тұрғындарының атынан бас­қар­маға жолданған хатқа орай қай­тарылған жауапта көрсетілген. Оған басқарма басшысының орынбасары Нұртай Сертаев қол қойыпты.

Ал әзірге «Бұхара-Орал» көгілдір отын желісінің іргесінде орналасқан Есет ауылының халқы көгілдір отынсыз отыр.

Темір ҚҰСАЙЫН,

«Егемен Қазақстан»

Ақтөбе облысы,

Шалқар ауданы,

Есет ауылы

Соңғы жаңалықтар