Аймақтар • 23 Сәуір, 2018

Петропавлда салымшыларға 97 мың шаршы метр үй салынады

335 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша  2018-2019 жылдары облыста бір жарым мың пәтердің кілттері иелеріне тапсырылады.

Петропавлда салымшыларға 97 мың шаршы метр үй салынады

Жайлы баспаналарға тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің  салымшылары бірінші кезекте ие болады. Жуков көшесіндегі көпқабатты үйлердің бірнешеуін «ПМК-5» серіктестігі тұрғызуда.

«78 пәтерлік  көпқабатты үйдің құрылыс монтаждау жұмыстары аяқталуға жақын. Күзге дейін пайдалануға береміз.Сапа басты назарда», дейді  мекеме директорының орынбасары  Алтай Әлібаев.

Жуков көшесінде бой көтеретін 4 үйдің 3-і жыл аяғына дейін  қолданысқа беріледі. Әрқайсысы– 78-80 пәтерлік. Осы күндері "Береке" шағын ауданында да құрылыс жұмыстары қыза түскен. Екі көпқабатты үйді тұрғызу "Пилон" серіктестігіне сеніп тапсырылған. "Жас өркен" ықшам ауданында құрылысшылар екі ауысымда еңбек етеді. Келесі жылы осы маңайда 12 қабаттан тұратын монолитті үйлер пайда болады. Оны салумен  «Казградстрой НС» компаниясы айналысады. Әр шаршы метрі 140 мың теңге төңірегінде. «Основание» компаниясы 9 қабатты тұрғын үйдің  құрылысын бастады. 332 пәтерлік баспананың бірінші қабатында мектепке дейінгі шағын орталықтар орналасады.

Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі салымшыларының бірі Жабай  Оразалиннің айтуынша отбасының қаражат жинағанына бір жылдан асыпты.  Жас өркен" ықшам ауданында орналасқан бұл үйден Наталья Глывяк та 3 бөлмелі пәтер алуға салымшы болып тіркелген.

«Баспаналар тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшыларына және баспана кезегінде тұрғандарға беріледі. Ипотекалық несиенің жылдық мөлшерлемесі– 5 пайыз. Салымшының есепшотында пәтер құнының 30 пайызы болуы тиіс. Үзбей ақша жинағандардың баспана алу мүмкіндігі жоғары. Қазір біздің банкте 35 мың  салымшы бар», дейді  «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс-жинақ банкі» АҚ СҚОФ-ның директоры Райхан Әбдірахманова.

Өмір Есқали

«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы

Соңғы жаңалықтар