Қазақстан • 24 Сәуір, 2018

Науқасқа – құлық, дәрігерге білік жетіспейді

196 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Дүниежүзілік экономикалық форумының Жаһандық бәсекеге қабілеттілік жөніндегі есебіне қарағанда, Қазақстан 2017 жылы туберкулездің таралуы бойынша 138 елдің арасында 90-орынға тұрақтаған. Сөйтіп одан бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 2 деңгейге төмендеген. Ақмола облысында да туберкулез ауруы бар науқастар саны 30 пайызға азайған. Алайда елімізде аталған ауруға қатысты мәселе әлі де күрделі күйінде. 2017 жылы өңірде 478 белсенді туберкулез науқастарының анықталуы соның дәлелі. 

Науқасқа – құлық, дәрігерге білік жетіспейді

Жоғарыда қа­пер­ге сала кет­ке­німіздей, жаңадан диаг­ноз қойылған науқастар саны жөні­нен өңірлер арасын­да Ақмола облысы көшбасшылардың біріне айналып отыр. Ал «Әлеуметтік меди­циналық сақ­тандыру қоры» КЕАҚ об­­лы­с­тық филиалының мә­ліметіне қа­рағанда, Қ.Құр­манбаев атындағы облыстық туберкулезге қарсы күрес дис­­­­­пансерінде аурулар саны жыл сайын азаюда. Негізінен туберкулезден айығуға бола ма? Дә­рі­герлер аурудан то­лық айығып кетуге болатынын және оған қарсы дә­рі-дәрмектер мен препараттардың барлығын айтады. 2017 жыл қо­ры­тын­­дысына жүгінер болсақ, амбу­латорлық жағ­дайда емделушілер саны 25,1 пайызға артып, 40,3 пайызға жеткендігін атай кеткен орынды. Бұл аурулардың сауығып кетуге деген сенімінің арта бастағандығын көр­сетеді. Әйтсе де өзінің туберкулез­бен сырқат екендігін білмей­тіндерді былай қойғанда, жұ­мы­сынан айырылып қалмау үшін ауруын әдейі жасыратындар немесе денсаулығына немқұрайлы қараушылар арамызда әлі де жоқ емес. Кейде науқасқа құлық, ал дәрігерге білік жетіспей жатады. Бі­рақ соған қарамай, соңғы жылдары туберкулезбен ауырғандарды анықтау айтарлықтай жақсар­ғандығына көз жеткізу қиын емес. Мысалы, туберкулезбен ауырғандарды анықтау 2016 жылы 87 пайызды құраса, 2017 жылы осы деңгей сақталыпты.

Ұлттық фтизиопульмонология ғы­лыми орталығының директоры Мә­лік Әденов елімізде туберкулезбен ауыратындар саны соңғы 10 жыл­да 2,4 есе азайып, 2017 жылы әр­бір 100 мың адамға шаққанда 52,2-ге дейін кемігендігін алға тартты. Дей тұрғанмен, жыл сайын құрт таяқ­шаларынан көптеген адам көз жұмып жататыны өкінішті. Қазіргі заманауи медициналық технологиялар мен дәрі-дәр­мектердің жеткілікті мөлшеріне қара­май, жұқпалы дертті толық ауыз­дықтау мүмкін емес. Ай­налып келгенде барлығы ауру жұқтырған адамның қам-қарекетіне байланыс­ты. Егер ауруды дер кезінде анықтап, емдеудің жол­дарын қарастырса сауығып кетуге болады. Сондықтан да бұл мә­се­ле бәрімізді де ойлантуға және ден­саулығымызға бір сәт болса да көңіл бөлуге итермелеуі тиіс.

Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»

Ақмола облысы