Хоккей • 24 Сәуір, 2018

Хоккейден Қазақстан құрамасы әлем чемпионатын жеңіспен бастады

233 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Хоккейден Қазақстан ұлттық құра­масы әлем чемпионатын жеңіспен бас­тады. Будапештте өтіп жатқан жаһан­дық жарыста отандастарымыз ал­ғашқы кездесуде айдын иелері – Вен­грияны ұтты. 

Хоккейден Қазақстан құрамасы әлем чемпионатын жеңіспен бастады

Бірде ала, бірде құла өнер көрсететін Қазақ­стан құрамасы өткен жылғы сәтсіздік­тен кейін Жоғары топқа қайта оралуды жоспарлап отыр. Ол үшін Будапешттегі турнирде алдына жан салмай, жақсы көрсеткіш тіркеуі қажет. Қазақстан құрамасының екі жыл қатарынан Бірінші лигада өнер көрсетуінің өзі ел хоккейінің абыройына сын. Сондықтан да өткен жылғыдай үшінші орын алып қалсақ, қазақ жанкүйерлері хоккейшілерімізді кешірмейін деп тұр.

Алғашқы кездесуде айдын иелеріне еш мүмкіндік қалдырмай, 3:0 есебімен айқын жеңіске жеттік. Бұл ойында Орехов пен Рымарев (2) соққан шайбалар сенімді жеңісті әкелді.

Қазақстан құрамасының ойыншылар тізімі: Карлссон-Семёнов-Далл­мэн, Старченко-Кучин-Рымарев; Лаки­за-Метальников, Михайлис-Гренц-Евдокимов; Полохов-Орехов, Акользин-Сагадеев-Маркелов; Ыбы­рай­беков-Петухов, Әсетов-Гурков-Волков.

Енді құрамамыз бүгін Астана уақытымен кешкі 22:00-де Ұлыбритания командасымен күш сынасады. Олардан бөлек тобымызда Италия, Словения, Польша құрамалары бар. Бірінші лиганың «А» тобында негізгі бәсекелестеріміз Италия мен Словения құрамалары екенін айта кетуіміз керек. Олар өткен жылы Жоғары лигада өнер көрсетіп, соңғы 15 және 16-орындарды иемденіп, төменгі топқа түсіп қалған. Демек, осы екі құрамаға қарсы өтетін ойындарда жерлестеріміз жеңіске жетуі тиіс. Айта кетейік, Ұлыбританиямен ойнап болған соң, 25-і күні Италиямен, 27-сі күні Словениямен жолығамыз.

Ермұхамед МӘУЛЕН,
«Егемен Қазақстан»