Үкімет • 24 Сәуір, 2018

Қазақстанның 12 кеден бекетінде байланыс жылдамдығы ұлғайды

439 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

2018 жылдың алғашқы жартысында Қазақстанның 12 кеден бекетінде байланыс жылдамдығы ұлғайды. Жыл соңына дейін тағы 52 бекеттегі байланыс сапасын арттыру жоспарланған. Бұл туралы ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев бүгінгі Үкімет отырысында мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.


Қазақстанның 12 кеден бекетінде байланыс жылдамдығы ұлғайды

«Биылғы жылдың  2 сәуірінде «Астана-1» ақпараттық жүйесі мен «е-лицензиялау мемлекеттік деректер қорын» ықпалдастыру жүзеге асырылды. Осы жұмыс аясында экспорт және импорт саласындағы лицензия мен рұқсат құжаттары бойынша 42 мәлімет беріледі. Бұл жоба іске қосылғаннан кейін азын-аулақ қателер кездесті. Алайда, қазір бұл қателер «е-лицензиялау мемлекеттік деректер қорынан» және «Астана-1» ақпараттық жүйесі тарапынан толық жойылды», - деп мәлімдеді Д.Абаев Үкіметтің бүгінгі отырысында.

Министр мемлекет аумағына радиоэлектрондық және жоғары жиіліктегі құралдарды әкелуге қорытынды және импортқа лицензия беруге ыңғайлы ету мақсатында жол картасы бекітілгенін атап өтті. Жол картасы қызмет көрсету мерзімін 26 жұмыс күнінен 8 жұмыс күніне дейін қысқартуға, талап етілген құжаттар санын азайтуға және атқарылатын жұмысты толық автоматтандыруға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ, министр 2017 жылдың соңында Мемлекеттік кірістер комитетінің «Астана-1» ақпараттық жүйесінің электрондық қызметін толық енгізуге байланысты арнайы сұраныс жолдағанын еске салды. Онда байланыс арналарының ішкі және сыртқы пункттарының өткізу қабілетін ұлғайту туралы айтылған.

«Осылайша, «Астана-1» ақпараттық жүйесінің жұмыс істеуі үшін 119 нысанға IP VPN байланыс каналдары қолданылады. Олардың 48-ін әкімшілік, 71-ін кеден бекеттері пайдаланады. Яғни, 63 кеден бекеті жердегі байланыс каналы арқылы, 8 кеден бекеті - спутниктік байланыс арқылы қосылған», - деді министр. 

Қазіргі уақытта министрлік «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ және байланыс операторларымен бірлесіп, кеден бекеттеріне байланыс каналдарын өткізу қабілеттерін ұлғайту бойынша жұмыстарды жүргізіп жатыр. 2018 жылдың алғашқы жартысында 12 кеден бекетіндегі байланыс жылдамдығы ұлғайған.

«Ал осы жылдың екінші тоқсанында 52 бекеттегі байланыс жылдамдығын арттыру жоспарланған. Қосымша 7 бекет бойынша техникалық мүмкіндіктер қарастырылып жатыр. Аталған 7 кеден бекетіне қатысты  байланыс  операторларына қолжетімділік жылдамдығын арттыру туралы сұраныс жолданды. Бірақ, операторлардың берген ақпараты бойынша, қазіргі уақытта техникалық мүмкіндіктер жоқ. Дегенмен, ШҚО Майқапшағай кеден бекетін кең жолақты интернетпен қамтамасыз ету үшін «КаР-Тел» байланыс операторымен талшықты-оптикалық желілерді салу жоспарланып отыр», - деді Д. Абаев.

Айта кетейік, Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевқа Қазақстандағы кеден бекеттерінде жылдамдығы жоғары байланыс арналарының жоқтығын және виртуалды қуат ресурстарының жақында сарқылатынын айтып, осы мәселені тездетіп қарауды сұрады.