Қазақстан • 25 Сәуір, 2018

Астанада Ауған соғысы ардагері атындағы қор ашылды

778 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Астанадағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Ғылыми кітапханасында Ауған соғысының ардагері, ғалым-журналист Біржан Белғара атындағы «Ауған соғысының жылнамасы: кітаптар мен деректер қорының» ресми ашылуы болды. 

Астанада Ауған соғысы ардагері атындағы қор ашылды

«Көптен бері дайындық жұ­мыстары жасалып ойда жүр­ген бұл шаруаның биыл іске асырылып жатуының да өзіндік мәні бар», – дейді шараны ұйым­дас­тырушылардың бірі Л.Н.Гуми­лев атындағы Еуразия ұлт­тық университеті жанындағы «Оты­рар кітапханасы» Ғылы­ми орталығының бас ғы­лыми қызмет­кері, тарих ғылым­дарының докторы, марқұм Біржан Белғараның жары Данагүл Махат. Өйткені осы жылы Ауған соғысының басталуының 40 жылдығы және Кеңес әскерінің Ауғанстан жерінен шығарылуына 30 жыл толады екен.

Жиынның ашылуында сөз алған Парламент Мәжілісінің депутаты, Ауған соғысы ардагер­лері ұйымдарының «Қазақстан ардагерлері» қауымдастығының төр­ағасы Бақытбек Смағұл бұл шара кешегіні түгендеудің бүгінге һәм келешекке қызмет екен­дігін баса айтып, Ауған соғысына қатысып қан кешкен әр жауынгер құрметтелуі тиіс, солардың бірі Біржан Белғара екендігін жеткізді. Соны­мен қатар сол бір сұрапыл соғыс жылдарын еске салып, бүгінгі бейбіт күннің қадіріне жетуге үндейтін өлеңдерін оқыды.

Ал әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің профессоры, тарих ғылым­дарының докторы, жалпы Ауған соғысы жайлы соны еңбектер жазып, ізіне түсіп індете зерделеген Болат Сайланның Біржан Белғара туралы естеліктер айта келіп, кең көлемді зерттеліп жазылған «Ауған ақиқаты» кітабының жалпы мазмұнын арнайы жасалған слайдтармен баяндауы аз уақыт ішінде көп мәліметті ұтымды бере білді. Қазақ тарихының ХХ ғасырдағы қасіретті беттерінің бірі – Ауған соғысына КСРО Қарулы Күштері де араласқаны белгілі. 1979 жылы Кеңес әскерлерінің шектеулі контингенті Ауғанстанға кіріп, 10 жылға жуық соғыс жүргізді. Ауған даласында қан төккен кеңес әскерлерінің қатарында, одақтас республикалардың бірі саналған қазақстандық сар­баздар да аз болмаған еді. Нақтырақ айтқанда, оған 22 мың қазақстандық қатысып, олардың 761-і қаза тауып, 21 адам хабарсыз кеткен. 

Ал Атырау мұнай және газ университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты Айгүл Ермекованың Ауған соғысы тақырыбын зерттеуі өз алдына бір хикая. Бұл баяндама облыстағы әрбір Ауған соғысы ардагерінің өмірі жайлы зерттеудің қаншалықты қа­жырды қажет ететіндігін және әлі де атқарылар істер аз еместігін ұқтырды. Айгүл ханымның сол еңбегінің жемісі де толымды кітап болып қорға қосылды.

Аталған қорға негізінен Ауған соғысына қатысты Қазақстандағы және шетелдердегі жарық көр­ген кiтаптар және деректер (қол­жазба, естелік, хат, фото, аудио-видео және т.б.), журналист-ға­лым­ның ауған соғысы, оқу-ағар­ту, ғылыми-зерттеу және та­ным­дық бағыттағы еңбектері жинақ­талады. 
Ауған соғысының ардагері, жур­налист-ғалым Біржан Бел­ғара атындағы «Ауған соғы­сының жылнамасы: кітаптар мен деректер» қоры атқаратын бар­лық жұмыстар біріншіден, ел Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаң­ғыру» бағдарламалық мақаласын басшылыққа ала отырып, ұлттық рухпен шыңдалған, жаңа заманға лайық жастардың рухани болмысын сомдау, екіншіден, Ауған соғысына қатысты кітаптар мен де­ректерді бір қорға жинап, жү­­йелеу, оқырманға қызмет көр­сету, үшіншіден, жаһандық мә­дениет, білім, ғылымның жетіс­тік­терін игеру бағытында жүр­гі­зіледі. 

Жиында Л.Н.Гумилев атын­дағы Еуразия ұлттық уни­вер­си­тетінің проректоры, филология ғылымдарының докторы, академик Дихан Қамзабекұлы, фило­логия ғылымдарының док­торы, профессор Намазәлі Ома­шев, қоғам қайраткері Ораз­гүл Асанғазы сөз сөйлеп, игі шара­ның ізгі іске бастама болуы­на тілек­тестік білдірді.

Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»