Қазақстан • 25 Сәуір, 2018

Сырттай оқыту қаншалықты тиімді?

2908 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев әр Жолдауында білім саласын жеке бөлім ретінде көрсетіп отырады. Өйткені білім – ұлттың бәсекеге қабілеттілігін арттырудың басты құралы. Сондықтан бүгін қандай жетістікке жеткенімізді талдап, алдағы басымдықтарды, проблемаларды, оны шешу жолдарын және міндеттерді анықтап отырғанымыз жөн. Бұл ретте еліміздегі сырттай оқыту жүйесінің сапасы жайын айналып өте алмаймыз. Өйткені біздегі жоғары оқу орындарын бітірушілердің көбін сырттай білім алушылар құрайды. Кеңестік заманда маман тапшылығына байланысты еріксіз енген бұл үрдіс бүгін қаншалықты маңызға ие? Сондықтан күндізгі және сырттай білім алушылардың арақатынасы туралы үнемі айтылып отырған дұрыс.

Сырттай оқыту қаншалықты тиімді?

Білім және ғылым минис­тр­лі­гінің деректеріне сәйкес, биыл жоғары оқу орындарында білім алып жатқан жалпы 496 209 сту­дент болатын болса, соның  84 445-і, яғни 17 пайызы сырттай білім алып жатыр. Ал 2017 жылғы тү­лек­тер саны жалпы 127 084 болса, со­ның 31 172-сі, яғни 24,5 пайыз тү­лек сырттай диплом алып шық­қан. 

Әрине нәтижеге нақты қадам баса білетін, дербес жұмыс іс­тейтін және жауапты адамдар үшін  сырттай бөлім өте тиімді болуы мүмкін. Сәйкесінше, аталған оқыту жүйесімен толыққанды білім алып шығады деу де сы­ңаржақ пікір. Қарап отырсақ, қазіргі орта буын өкілдерінің көбі сырттай білім алғандар. Санға сапа сәйкес келеді деу де күмәнді екені шындық. Бұл ретте сырттай оқытудың мәселесін майшаммен қарап, біржола жауып тастаумен де мәселе шешілмейтіні  белгілі. 

Кадр тапшылығынан басталған

Сырттай оқытудың сынға ұшырап келе жатқаны биыл ғана емес. Жемісі аз жүйенің жеткіліксіз жолдары әр кезеңде талқыға түсіп келеді. Бұрын экс-министр Жақсыбек Құлекеев те бұл мәселені көтерген болатын. 

Бізге сырттай оқыту жүйесі революциядан кейін Кеңес өкі­метінде кадр тапшылығына байланысты енген болатын, – деген ол. – Институттарда, университеттерде, ғылыми орталықтарда жұмыс істейтін азаматтар революциядан соң жаппай шетелдерге кету салдарынан маман тапшылығы пайда болғаны белгілі. Соны жою үшін  жоғары білімі бар, белсенді азаматтарды іріктеп алып, қысқа мерзімді «қызыл профессуралар» дайындайтын курстардан өткізіп,  оларға  профессор деген атақ беріп, университеттерге дәріс беруге жібергені тарихтан белгілі. Түпкі мақсат – әрине жақсы идеологтар арқылы Кеңес өкіметінің саясатын жан-жақты насихаттау. Соның салдарынан қысқа мезгілдің ішінде талабы зор, жаңа коммунистік идеологияны жан-тәнімен қолдайтын, талантты адамдардан ғалымдар мен профессорлар жасақталды.    Сол секілді революцияға белсене араласқан, бірақ сауаты төмен азаматтарды да әртүрлі қызметке тарту керек болды. Бұл үшін сауатсыздықты жою керек еді. Соған сәйкес жаппай сауаттандыру бағдарламасы бойынша ересек азаматтарды оқытудың «кешкі мектеп» деген үлгісі қолға алынды және мұндай дәрістердің басым бөлігі жұмыстан кейін ғана жүргізілді. Сол кезеңде жаппай сауатсыздықты жою үшін жүргізілген осындай саясаттың пайдасын біз жоққа шығара алмаймыз. Себебі сондай табанды жұмыстың арқасында қысқа мезгілде Кеңес өкіметінде сауатсыздық түгелдей жойылды.  

Ендігі мақсат сол жартылай сауаты бар кешегі революционерлер мен саяси белсенділердің  ішінен қоғамға қажет жоғары білімі бар басшылар дайындау мәселесі еді. Бұл үшін  не істеу керек? Барлығы дерлік жұмыста. Демек, сол заманның сұранысына сәйкес азаматтардың жұмыстан қол үзбей, жоғары білім алуына жағдай жасау керек болды. Осы өзекті мәселені шешудің ұтымды жолы – жоғары білім берудің сырттай оқыту жүйесін  қолға алу еді.  Оны да Кеңес өкіметі жылдам жолға қойды.  Міне, сырттай оқытудың ошағы осы оқиғалармен байланысты.

Жоғарыда айтып өткендей, сырттай оқыту революциядан кейінгі кадр, білікті мамандар  тапшылығынан туындаған жүйе. Қазір елімізде жоғары білім беретін оқу орындары, оның күндізгі бөлімінде оқи­тын студенттерінің саны қо­ға­м­­ның сұранысын жабуға жет­­­­­кілікті. Ал сырттай оқып, қолына диплом алған, бірақ білімі төмен азаматтың  мына заманда қоғамның дамуына қосар үлесі шамалы. Қазір заман басқа. Қоғамға білімі жетік, ойы ұшқыр, жаңа заманның тол­қынына төтеп бере алатын жастар қажет. Оларды сырттай оқыту жүйесі арқылы дайындау мүмкін емес.  Кезінде қысқа мерзімге ғана арналған білім берудің сырттай оқыту жүйесі өміршең болып, жұмысын осы уақытқа дейін жалғастырып келе жатқаны өкі­нішті жағдай. Бізге дәл қазіргі уақытта студенттердің санын сапасыз білім алған жастар арқылы жасанды түрде көбейтудің еш қажеті жоқ.  
Бұл жүйені одан әрі сақтау жас­тарды алдап, қоғамның бола­шағына балта шапқанмен бір­дей. Сондықтан сырттай оқыту жүйесінен арылатын кезең жет­­ті. Әлемнің алдыңғы қатар­лы­­ мемлекеттерінде мұндай оқы­­­ту жүйесі жоқ. Ендігі уақыт­та­ «Балам қолына бір парақ қағаз алса болды» деген арзан­ намысқа шек қоюымыз керек­. Жастарға бір парақ қағаз емес,­­ са­палы білім қажет еке­нін­ уақыттың өзі дәлелдеп отыр. Нарықтық экономикада азаматтардың біліктілігін кө­теруге бағытталған, қосымша бі­лім берудің заманауи басқа жүйелері бар. Соны дамытқан жөн», дейді Ж.Құлекеев.

«Part time» дегеніміз не?

Бүгінде әлемнің кез келген дамыған мемлекетінің білім жүйесінен сырттай оқыту де­генді кездестіре алмаймыз. Са­лыстырып қарайтын болсақ, білім жүйесінде көпке үлгі Америкада сырттай  оқыту жоқ. Біз сырттай оқытуды америкалықтардың part time деген жүйесімен шатастырып жүруіміз де мүмкін. Рart time – мүлде басқаша ұғым. Біздің түсінгенімізше, олардағы «Part time» full time үшін қажетті межеден аз кредит алатын студенттерге арналған жүйе. Мысалы, университет бағдарламасы бойын­ша, full time студент болу үшін, бір семестрде 9 кредит алу керек болады. Ал part time сту­денттері бұдан аз кредитке ие. Яғни оларда біздегідей жұмыс істейтін, яки семестріне 9 кредит алуға уақыты жоқ студенттер бір семестрде 3 кредиттен тұ­­­ратын бір пәнді ғана оқып, сәй­кесінше, соның ақшасын ғана төлейді. Бірақ аталған жағдайда оқу мерзімі ұзақ, мысалы, бел­гіленген 4 жылдың орнына 8 жылға дейін созылуы мүмкін. Міне, part time деген – осы. Оқуға келген адам full time жүйесіндегі қалған барлық шәкірттермен бірге бір пәндерді оқиды, бірақ өзіне қажетінше олардан 1 не 2 кредитті төмен алады. Part time жүйесін осылай түсіндіруге болады. Десек те, бұл біздегі сырттай оқу жүйесінен мүлде бөлек. Яғни, Америкада сырттай оқу мүлде жоқ деуге болады. Ал part time сөзін дұрыс аударсақ, ол шамамен шәкірттер үшін аз жүктеме дегенді білдірсе керек.


 
Сырттай оқытудың сыртындағы сыбайластық

Жә, жоғарыда айтылған жайт­­тардың барлығын сырттай­ оқы­тудың ішіндегі мәселе дейік. Алайда сырттай оқытудың сыр­тындағы көлеңкелі мәселелер ше? Олар қордаланған сайын қо­ғамның бет-әлпеті өзгере бе­рері айқын. Бүгінде сырттай оқытудың жемісінен гөрі жем­­қорлығы басым деген сөзді де көп еститініміз өтірік емес. Жуыр­­да қарағандылық блогер Ай­­сұлтан Жақыпов есімді азамат кеншілер астанасындағы «Rеal» сауда орталығында жүр­гізген «Біздің елімізде жоғары оқу орындарының дипломын оқымай-ақ сатып алуға бола ма?» деген сауалдамасына қара­пайым тұрғындардың көбі ойларын ашық айтып, дипломды сатып алуға болатынын жасыр­­ған жоқ. Алайда нақты деректерге сүйенетіндей, Мем­лекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қи­мыл агенттігіне жоғары оқу орындарынан пара берушілікке немесе пара алушылыққа қатысты арыз түспейді дейді. Оның себебі де белгілі. Өйткені жең ұшы­нан жал­ғасқан парақорлыққа әдет­те екі жақ та мүдделі болады. Жалпы, елі­­міздегі жоғары оқу орындарында па­рақорлыққа қарсы күрес бұ­­рыннан жарияланған. Кезінде Білім және ғылым министрі бол­ған Аслан Сәрінжіпов, әсіресе сырт­тай білім алушылар санын екі есеге қысқартуды да осы мәселеге қатысты айтқан бо­­латын. Сөйтіп экс-министр А.Сәрінжіпов «көк» қағаздың кү­шіне сеніп, «қызыл» диплом алуға дағдыланғандардың жолын бөгемек болған. Жел соқпаса шөптің басы қимылдамайтынын осындай жайттардан-ақ анық аңғарамыз. 

Бұл мәселеде Мемлекеттік қыз­мет істері және сыбайлас жем­қорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпек­­баев жуырда Алматы қа­ласы  әкімдігі және әл-Фараби атын­дағы ҚазҰУ-дің қолдауымен бірлесіп өткізген жоғары оқу орындарының «Саналы ұрпақ – жарқын болашақ» атты рес­публикалық форумында білім саласындағы жемқорлыққа қар­сы іс-қимылдың өзекті тұс­тары бар екенін айтып өтті. Агент­тік төрағасы өзінің сөзінде елі­мізде жемқорлық деңгейінің төмен­деуіне қарамастан, білім жүйе­сінде жемқорлық қаупінің бар екенін жеткізді. Яғни білім және ғылым гранттарын бөлу, бюджет қаржысын игеру, басшы құрамды іріктеу, білім беру ұйымдары қызметкерлерінің категориясы мен жүктемесін анықтау жұ­мыстары ашық жүргізілмейді, жем­қорлық қаупін анықтау жүйесі мен сараптама жасау жоқ­тың қасы, жемқорлыққа жол берген қызметкерлері үшін басшылар жеке жауапкершілікке тар­тылмайды. «Бүгінде елі­міздің түбегейлі жаңаруы жағдайында адами капиталды дамыту міндеті ал­дыңғы орынға шығуда. Өйткені бұл Қазақстанның әлемнің бәсе­кеге қабілетті мемлекеттер­ қа­та­рына енуінде маңызды шарт.­  Мем­лекет бас­шысының қолдауының арқа­сында соңғы 15 жыл ішінде бі­лім саласына жұмсалған қаржы 10 есеге артты. Осы жылдар ішін­­де Қазақстан халықаралық бі­­лім кеңістігіне батыл ене түс­ті. Дегенмен білім саласы жем­қорлық қаупіне тым бейім болып отыр. Біз жемқорлықты жою шаралары көпшіліктің, со­ның ішінде білім саласындағы адамдардың қолдауына ие болады деген сенімдеміз», деді А.Шпекбаев. 

Түйін

Қорыта айтқанда, Елбасы тап­сырмасына сәйкес, білімнің құрылымы мен даму үрдісіне үнемі талдау жасап, жоғары білім беру сапасын арттыру шараларын жан-жақты жетілдіре берген жөн. Бұған дейін де Пре­­зидент Н.Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес, Білім және ғылым министрлігі білім саласы бойынша әлемдік тәжірибемен жете танысып, нақты зерттеулер жүргізіп келеді. Талдау жасау барысында әлемде жоғары білім алушылар саны жыл сайын артып отыратындығы белгілі болған. Нәтижесінде, жоғары білімді кадрлар даярлау жылына 6 па­йыз көрсеткішпен қарқынды дамып келеді. Статистикаға сүйен­сек, кейінгі  10 жылда жоғары білім алушы жастардың саны 65 пайызға, яғни 65 млн-ға өскен көрінеді. Бұл көрсеткіш, жалпы алғанда халықтың білім деңгейін арттырғанымен, әлемдік сарапшылар жоғары білімнің жаппай берілуі білім сапасының тө­мен­деуіне әкелуі мүмкін деп дабыл қағуда. Ал дамушы елдерде ж­ұмыс­сыздықтың көбеюі орын ал­мақ. Осы орайда Қазақстанның бұл көрсеткіштерді басып озуы алаңдатады. Соңғы 10 жыл ішін­де еліміздегі студенттер саны 170%-ға өскен. Шындыққа тура қарайтын болсақ, Қазақстандағы студенттер саны тым артық. Бұған жоғары оқу орындарындағы сырттай оқу жүйесінің ықпалы едәуір екенін сөзіміздің басында айттық. Сонымен қатар сырттай оқыған жастардың әрбір екіншісінің мамандығы бойынша жұмыс істемеуі де көңілге көлеңке түсіреді. Дайындығы аз және үлгерімі төмен жастар  жоғары білім алуда неғұрлым қысқартылған бағдарламамен оқуды, сондай-ақ аз қаражат жұм­сауды көздейтіні белгілі. Осылайша, еліміздегі жоғары білімді мамандар саны күрт артқанмен, сапалы мамандардың саны азайып шыға келеді. Бұл ел экономикасының едәуір құл­дырауына әкеп соқтырады.  Сол себепті Білім және ғылым ми­нистрлігі «Білім туралы» заңға барынша өзгерістер енгізіп, жо­ғары оқу орындарындағы сырт­тай оқыту жүйесін тағы бір таразыласа дейміз. Әрине бұл өз­герістердің бүгінде жоғары оқу орындарында білім алып жатқан студенттерге зардабы тимеуі шарт. 

Мирас АСАН,
«Егемен Қазақстан»