Қазақстан • 25 Сәуір, 2018

Қазақстан мен Қытай сыртқы істер министрлері екі жақты келіссөздер өткізді

455 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақстан Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов Қытай Халық Республикасына ресми сапармен барып, Қытай Мемлекеттік кеңесінің мүшесі, Сыртқы істер министрі Ван Имен екі жақты келіссөздер өткізді.

Қазақстан мен Қытай сыртқы істер министрлері екі жақты келіссөздер өткізді

Байыпты кездесудің барысында сыртқы саясат ведомстволарының басшылары Қазақстан-Қытай қарым-қатынастарының кең ауқымды мәселелерін талқылады. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қытайға жасайтын алдағы сапардың дайындығына және оның Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитіне қатысуына, сондай-ақ әртүрлі деңгейлердегі екі жақты байланыстарға, соның ішінде сауда-экономикалық, инвестициялық, ғылыми-техникалық, мәдени-гуманитарлық және басқа да бағыттарды қамтитын Ынтымақтастық жөніндегі бірлескен комитеті бойынша байланыстарға ерекше көңіл бөлінді.

Тараптар екі ел азаматтарының өзара сапарларымен және олардың құқықтарын қорғаумен, трансшекаралық су көздерін ұтымды пайдаланумен байланысты мәселелерді қарастырды. Таяу уақытта консулдық қызметтер арқылы сімаралық консультацияларды өткізуге уағдаласты.

Қ.Әбдірахманов Қазақстан транзиттік-көліктік әлеуетті іске асыру, Қытайдан Қазақстан арқылы Еуропаға және Таяу Шығысқа контейнерлік тасымалдардың көлемін арттыру аясында «Нұрлы жол» бағдарламасы мен «Бір белдеу – бір жол» қытайлық бастамасын бір-бірімен түйіндестіруді одан әрі белсенді жалғастыратыны туралы айтты.

Тараптар Өндірістік қуатты дамыту бағдарламасын одан әрі қарқынды іске асыруға мүдделерін білдірді. Бүгінгі күні жалпы сомасы 27 миллиард долларды құрайтын 51 жоба бойынша жұмыс атқарылуда, соның ішінде 158 миллион долларға 5 жоба іске қосылды. Қазақстан ауыл шаруашылығы өнімдерін Қытай нарығына жеткізілімінің номенклатурасын кеңейту өте маңызды болып табылады.

Сонымен қатар, Министрлер инвестициялар, энергетика, қаржы, шекара маңындағы сауда салаларындағы ынтымақтастықты нығайту, «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастық халықаралық орталығы қызметінің тиімділігін арттыру бойынша келесі қадамдарды талқылады. 2017 жылы Қытай Қазақстанның ең ірі сыртқы сауда әріптесі болды. Еліміздің басқа мемлекеттермен сауда айналымының жалпы көлеміндегі ҚХР-ның үлесі
17,4% құрайды. Екі жақты сауда көлемі 32,6% - ға артып, 10,5 миллиард долларға жетті.

«Астана» халықаралық қаржы орталығы, «Жасыл технологиялары» мен инвестициялық жобаларының халықаралық орталығы және IT-стартаптар технопаркі қызметінің іске қосылу аясында Қазақстан-Қытай ынтымақтастығының келешігіне ерекше назар аударылды.

Мәдени-гуманитарлық байланыстарды кеңейтудің, туризм, денсаулық сақтау, бұқаралық ақпарат құралдары және басқа да салалардағы өзара іс-қимылдың маңыздылығы атап өтілді.

Министрлер өзекті халықаралық және өңірлік мәселелер бойынша, соның ішінде Сириядағы, Ауғанстандағы жағдайлар бойынша жан-жақты пікір алмасты. Көпжақты құрылымдарда, соның ішінде ШЫҰ, АӨСШК және БҰҰ аясында үйлестікті жалғастыру ниеттерін растады.

Сонымен қатар, сапар барысында Қ.Әбдірахманов Бейжіңнің «Чаоян» орталық паркіндегі Абай Құнанбаевтың ескерткішіне гүл шоғын қойып, Қазақстанның Қытайдағы Елшілігінің қолдауымен Қытайда алғаш рет құрылған «Балдырған» қазақ оқу орталығының ашылуына қатысты.

Соңғы жаңалықтар