Экономика • 26 Сәуір, 2018

Оңтүстік диқандарының көңілі неге күпті?

536 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Жуырда Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтаарал ауданы Атамекен ауылдық округінің диқандары қырыққабаттың алғашқы өнімінің 20 тоннасын Атырау қаласына жіберсе, сарыағаштық шаруалар 15 тоннадан астам өнімді Алматы қаласы мен солтүстік өңірлерге жөнелтті. 

Оңтүстік диқандарының көңілі неге күпті?

Ақпанның басында егіліп, бүгінде өнім беріп жатқан қырыққабат Мақтааралда 892,5 гектар жерге егілген, бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 112,8 гектарға артық. Ал жылына қырыққабаттан үш рет өнім алатын сарыағаштық диқандар 1,5 мың гектар жерге ерте көктемгі қырыққабат, жаз және күз айларында осы көкөністердің бірнеше сор­тын 5500 гектарға аталған көкөністер егеді.

Алғашқы өнімдерін өздері үшін тиімді бағамен тұтынушыға жөнелткен диқандар бүгінде қырыққабаттың арзандап бара жатқанына алаңдаулы. Ал бағаның төмендеуіне көрші елдің, яғни Өзбекстанның өнімдері әсер етіп отыр екен. Көкөністің арзандауы қарапайым халыққа жақсы, әрине. Мақтаарал ауданындағы «Ынтымақ» шаруа қожалығы 4 гектар жерге қырыққабат еккен. Өнімнің 2-3 пайызын ғана жинаған. Қалған өнімнің пісіп-жетілуіне екі аптадай уақыт бар. «Қырыққабаттың аз ғана бөлігін килосын 90 теңгеден өткіздік. Апта өтпей жатып-ақ бұл баға төмендеді. Себебі Өзбекстанның өнімдері арзан саудалануда. «Атамекен» ауылдық округінде 370 гектарға қырыққабат егілген. Егер баға осылай төмендей берсе, онда диқандардың жұмсаған шығыны өтелмейді. Яғни шаруаға тиімсіз, еңбегі ақталмайды. Өткен жылы қырыққабат бағасы соңында 30 теңгеге дейін түскен болатын. Өнімнің бұл түріне субсидия берілмейді. Диқандарға қиын болуда, сондықтан мемлекеттік қолдау көрсетілсе дұрыс болар еді», дейді «Ынтымақ» шаруа қожалығының төрағасы Қ.Мүтәшов.

Халқының саны жағынан да, экономикасы жағынан да Орталық Азиядағы үлкен мемлекет Өзбекстанмен байланыс Қазақстан үшін өте тиімді. Бүгінгі таңда екі ел арасындағы қарым-қатынас жаңа белеске көтеріліп, сауда-саттық екі есеге өсті. Сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық және басқа да салалардағы екіжақты ынтымақтастық қарқынды дамып келеді. Өз кезегінде өзбекстандық тауар өндірушілермен экономикалық бәсекелестік те жоғарылады. Мұны алдымен жоғарыда айтып өткеніміздей, Оңтүстік Қазақстан облысының кәсіпкерлері анық сезініп отыр. Көрші ел тауарлары бірінші келетін аймақ диқандары үшін бұл күрделі мәселеге айналуда. Ал ауыл шаруашылығы саласы мамандарының пікірінше, көрші ел өнімінің көптеп саудалануына берілген мүмкіндік оңтүстік диқандарын ширата түседі. Яғни көктем мен жаз айларында кетпен-күрек ұстағандардың ерте тұрып, кеш жатуына тура келеді. Сондай-ақ жерді тиімді пайдалану, өнімді өңдеу, сақтау, тасымалдау мәселелеріне назар аударуды қажет етеді.

Импортта Оңтүстіктің үлесі 50,3 пайыз

Өткен жылдың қорытындысы бойынша Оңтүстік Қазақстан облысымен Өзбекстанның тауар айналымы алдыңғы жылмен салыстырғанда 11,7%-ға артып, 622,6 млн АҚШ долларына жеткен. Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы тауар айналымында ОҚО-ның үлесі – 31,3%. Ал Қазақстанның Өзбекстанға экспортындағы ОҚО үлесі – 20,2%. Негізінен мұнай өнімдері, металл бұйымдар, цемент, ұн, бидай, картоп, өсімдік майы, трансформатор экспортталады. Алайда өткен жылы ұн (7,2%-ға) мен бидай (13%-ға) экспорты төмендеген. Осы арада айта кетелік, Өзбекстан ұн өндірісін соңғы 4-5 жылда қарқынды дамытқан. Соның арқасында олар негізгі тұтынушы елдер нарығын жаулай бастады. Одан кейін ала шапанды ағайындар өздерінде жаппай диірмен кешендерін салып алды, оларға үкіметтен қолдау көрсетілуде. Мысалы, салық салымын бір тонна ұнға 30 долларға азайтқан. Осындай себептерге де байланысты оңтүстіктегі ұн экспорты төмендесе керек. Тек оңтүстік емес, бұл өзгеріс астықты өңірдің кәсіпкерлеріне де әсерін тигізуде. Елімізде 250-ден астам ұн өндіретін кәсіпорын бар екен. Кәсіпкерлер ұн өндірушілерге қолдау көрсетудің тетіктерін қарастыру қажеттігін айтуда.

Өзбекстаннан келетін тауарлар үлесі де алдыңғы жылмен салыстырғанда 9,5 пайызға, 369,8 млн АҚШ долларына көбейген. Өзбекстанның Қазақстанға импортында ОҚО-ның үлесі 50,3 пайыз. Негізінен көрші елден ауылшаруашылық өнімдері әкелінеді. Әсіресе көкөніс, жеміс-жидек, шырын, тыңайтқыш, тоқыма заттары мен автокөлік көбірек жеткізіледі. Сарапшылар Өзбекстанда сауда кедергілерін қысқарту бағытында қыруар шара атқарылғанын айтуда. Сондай-ақ акциз салығының ставкалары 15 тауарға, оның ішінде ұнға 11-ден 0%-ға дейін, өсімдік майы 20-дан 5%-ға дейін, ет өнімдеріне 30-дан 0%-ға дейін төмендетілген. Экспортты ынталандыру және өзбек тауарларының сыртқы саудадағы бәсекелестігін қамтамасыз ету үшін Өзбекстан үкіметі экспорттық кеден бажын жойды.

Бұдан бөлек, өз өнімін экспорттаушы кәсіпорындарға шетелдерде сауда үйлерін ашуға және өнімін жарнамалауға, сыртқы сауданы маркетингтік зерттеу үшін өкілдіктерін ашуға рұқсат етілген. Мысалы, Шымкентте 10-нан астам өзбекстандық сауда үйі тіркелген. Коммуналдық қызметтер де көрші елде арзан. ОҚО кәсіпкерлер па­ла­тасының деректеріне қара­ған­да, заңды тұлғалар үшін судың ба­ғасы Шымкентте текше метріне 31,6 теңге болса, Таш­кентте – 18,05 теңге. Ал электр қуатының квт/сағаты Шымкентте 24,8 тең­ге тұрса, Ташкентте – 8,07 тең­ге, табиғи газдың текше метрі оң­түс­тікте – 31,6 теңге, ал көрші ел аста­насында – 7,68 теңге. Оң­түс­тік­тіктегі кәсіпкерлер ба­ға­дағы бұл айырмашылық өнім­нің өзін­дік құ­­нына әсер етіп жатқанын айтып, өңір­лік кәсіпкерлер кеңесінде мә­селе де көтерген болатын.

Бәсекелестік бәсі жоғары бес ай

Өзбекстанмен қарым-қаты­нас­тың жақсарып, барыс-келістің көбейгені, шекара бекеттерінің ашыл­ғанына қарапайым халық қуанып отыр. Алайда диқандар алаң­даулы, ұсақ шаруа қожалық­та­ры бәсекелестікке төтеп бере алаты­нына сенімсіз. Бұл орайда ауыл ша­руашылығы саласының маман­дары Өзбекстан біздегі бағаға ма­мырдан қазанға дейін ықпал ететінін, ал бұл айларда жылы­жайлар жұмысы саябырлайтынын ай­тады. Яғни жылыжайлардың кө­бінің топырағы жаңартылады, қыс­қа дайындалады. «Өзбекстанда жы­лыжай көлемі 1,5 мың гектар болады. Оңтүстік өңір де осы көлемге жақындады. Облыс бойынша жылыжай көлемі 1325 гектар болса, оның басым бөлігі – 633 гектары Сарыағаш ауданында. Көршілеріміздегі жылыжайлардың басым бөлігі аскөк, гүл, лимон, көшет өсірумен айналысса, 30 пайыздайы қияр мен қызанақ егеді.

Ал біздегі 1325 гектар жылы­жай­дың көп болса 100 гектарын­да ғана көшет, гүл өсіріледі, яғ­ни негізгі егетініміз қияр мен қы­за­нақ. Өзбекстан жылыжайда газ қол­данбайды, себебі «көгілдір отын­мен» халықты қамтамасыз ету керек. Ал көмір қымбат. Сон­дық­тан өзбек диқандары қызанақ пен қиярды мамыр айынан бас­тап 5 ай ашық топырақта өсіреді. Ашық топырақта өскен өнім арзан болады. Осы 5 айда Өзбекстан өнім­дері біздегі бағаға әсер етуі әб­ден мүмкін. Ал басқа 7 айда ық­пал ете алмайды. Ертең олар ашық топырақтағы өнімін төмен ба­ғамен әкеледі, онымен тұрмай ва­люта бағамы арқылы да ұтады. Ал қыс айларында жылыжайлары жұмыс істейтін болса, өнімдері өздерінен де артылмайды. Оңтүстікте жылыжайлардың жұмысы, өнімдерін тасымалдау, өткізу мәселесі бір жүйеге қойылған. Әр жылыжайдың өз аларманы бар, алдын ала тапсырыс берушілер де аз емес. Түсетін табысы да қомақты. Мысалы, фермерлік жылыжайда 1 гектар қияр егуге кететін шығын 2016 жылғы есеп бойынша 28,0 млн теңге. Бір гектардан 150 тонна өнім алғанда, өзіндік құны 186 теңге болады. Кәсіпкер көтерме бағамен 220 теңгеден бергеннің өзінде 36 млн теңге табыс түседі. Оған 2 айналым берілетін 3 млн теңге субсидияны қосыңыз, сонда жылыжай иесінің таза табысы 8 млн теңгеге жетеді. Жылыжай өзін 5 жылда ақтайды деп есептелген, бірақ 2,5-3 жылда ақтайды.

Ал гектарынан 450 тонна өнім алып, 51,2 млн теңге табыс түсіретін өндірістік жылыжай өзін екі жылда ақтайды. Қызанақ пен қиярдың тұтынушы үшін қымбат болуының бір себебі – ортадағы сатушылар үстеме бағаны көп қояды. Жалпы, өнімін өткізе алмай қалған кәсіпкерді таба алмайсыз. Ал субсидияның берілуі де кәсіпкерге үлкен қолдау, дегенмен екінші жағынан жалқаулыққа жетелейді. Бір гектар жылыжайдан біздің кәсіпкер, мысалы, 100 тонна өнім алса, көршілеріміз 180 тонна алуы мүмкін. Ол енді өзбек диқандарының кәсібі, өнері. Жылыжайға коммуналдық қызметтер бағасының ықпалы жоқ», дейді облыстық ауыл шаруа­шы­лығы басқармасы ауыл­ша­руа­шы­лық өнімдерін өңдеу, инно­ва­ция­лық жетістіктерді қолдау жә­не мақта саласын дамыту бөлімінің бас маманы Тайжан Мырзазия.

Көрші елдің Сурхандария, Қашқадария облыстарында жылына бір ай ғана жылыжайда отын жағылады екен. Сарыағаш ауданы ауыл шаруашылығы бөлі­мінің мәліметінше, оңтүстікте жылыжайға кемінде 4 айға табиғи газ немесе қатты отын сатып алынады. Оған жұмсалатын қаржы – 7 200 000 теңге (табиғи газ) немесе 8 640 000 теңге (көмір). Сары­ағаш ауданында көкөніс дақы­лын көп өндіретін Қабланбек ауыл­дық округінде жылыжайдың 1 гек­тарынан орташа есеппен 120 тонна өнім алынады. Орта есеппен тоннасын 220 000 теңгеден сатқанда 6,2 млн теңге таза табыс түседі екен. Өзбекстан шекарасынан көкөніс дақылдарын өткізу жеңілдетілгенге дейін «Жабай ата» шаруа қожалығы өткен жылы кө­көністі 100-300 теңгеге өткізген. Мамандардың айтуынша, көрші ел көкөнісінің оңтүстік нарығында көбеюі жылыжайлар тіршілігіне кері әсер ете алмайды.

Алайда кәсіпкерлердің пікірі бас­қа. соңғы жылдары өзбек ди­қан­дары әкелетін көкөніс үлесі көбей­гендіктен табыстары 50 па­й­ызға азайған. Бұл орайда олар үкі­меттен субсидияның сақ­та­луын немесе көрші елден келе­тін тауарға шектеу қойылуын сұ­рап отыр. Жылыжайлардың жа­йы осылай. Бәсекелестік бақша өнім­дерін өсіріп, отбасын асырап отырған диқандар үшін қиын бол­ғалы тұр. Өйткені көрші елдің өні­мі ерте піседі және бағасы тө­мен. Облыс бойынша бақша өнім­дерінің көлемі 57,6 мың гектар. Дегенмен, бау-бақшасы, тасымалдайтын көлігі, сақтайтын қоймасы бар, алма, жүзім өсірумен айналысатын ірі «Dala-fruit.kz», «Амангелді» секілді с­еріктестіктер бәсекелестікке қа­бі­летті. Сөзіміздің басында айт­қа­­нымыздай, субсидияға сенім арт­қан ұсақ шаруа қожалықтар жұ­мсалған шығынды өтей алмаймыз деп қауіптеніп отыр. Не істемек керек?

Агроаймақ – бәсекеге қабілеттілікті арттырады

«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы ОҚО бойынша халқы тығыз орналасқан, туу көрсеткіші ең жоғары, тұрғындары кәсіп­кер­лікке белсенді Сарыағаш ауда­нында зерттеу жұмыстарын жүр­гізіпті. Аудандағы 327 мыңнан ас­там тұрғынның 158 мыңы (48%) – эко­номикалық белсенді. Сары­ағаш­та жұмыс істеп тұрған 20 300 бизнес субъектісі бар, 78 800 адам өзін өзі жұмыспен қамтыған. 45 347 мың жеке шаруашылықтың жартысы нәтижелі жұмыспен қам­тылған. Дегенмен, ауданда жұ­мыс орнымен қамту өзекті мә­се­ле болып отыр. Әр үйді ара­лап, ау­дан тұрғындары мен кәсіп­кер­ле­ріне жүргізілген сауалнама рес­ми статистика мен скрини­нг нәтижесі арасында бес есе ауыт­қу барын көрсеткен. Осы рет­те жұмыссыздардың 89%-ы жасы­рын табыс табады, екі мыңнан ас­там кәсіпкер ресми тіркелмеген.

«Атамекен» ҰКП басқарма төр­ағасының орынбасары Эльдар Жұмағазиевтің мәлімдеуінше, Сары­ағашта көкөніс пен жеміс өсі­р­у­дің әлеуеті зор. Аудан бү­кіл Қазақстанды жеміс және кө­көніспен қамтамасыз ете алады. Бірақ талдау нәтижесінде ау­дан­да 30 мың гектар жерде би­дай өсірілетіні анықталған. Өнім­ділігі гектарына 1 тоннадан аспайды. Яғни жер тиімділігі 1 гек­тар үшін 150 АҚШ долларынан аспай отыр. Ал интенсивтілігі жо­ға­ры бақтардағы тиімділік 20 мың АҚШ долларын құрайды. Яғни Сарыағашта бидай өсіруден гөрі басымдықты қарқынды бақтар шаруашылығына беру керек.

«Ауданда бәсекелестікті арттырып, жергілікті өнім өндірісін өсіру үшін заманауи жылыжай кешені және қарқынды бақтар, тазалау, өңдеу, уақытша сақтау аймақтары, сертификаттау, қаптау және брендтеу бөлімдері бар бірнеше аграрлық-индустриялық аймақ (агроаймақ) құру қажет. Агроаймақ әр қатысушы үшін жекелеген жер учаскелерінен тұруы керек (2, 4, 8 га бойынша). Бұл учаскелерде су үнемдейтін технологиялар және қарқынды инновациялық әдіс­тер қолданылады. Ал инфра­құ­рылымды тарту – жергілікті ат­қар­ушы органдардың міндеті. «Ата­ме­кен» бұл тізбекке тех­но­ло­гия­­лар, ұйымдастыру жұмыс­та­рын қамтитын зәкірлік инвесторды қосуды міндетіне алады. Біз агроаймақтарға қатысушыларды тұ­рақ­ты негізде оқыту мен білік­тілікті арттыру, технологиялар бойынша кеңес беру, заңгерлік сүйемелдеу қызметімен қамтамасыз етеміз», дейді Э.Жұмағазиев. Кәсіпкерлік палата мамандарының есебінше, ауданда 1 500 гектар жерде, оның ішінде 500 гектар – жылыжай, 1000 гектар – бақтар агроаймақтарын құру көкөніс өндірісін 1,5-2 есе, же­міс өндірісін 2 есе арттыруға, кө­көніс пен жеміс экспортын 9 мың­нан 50 мың тоннаға дейін өсі­ру­ге мүмкіндік береді екен.

Көрші елден келетін көкөніс ағы­ны біздің диқандарды ауыл­ша­руа­шылық өнімін өндірудің ти­імді жолдарын қарастыруға, ең­бек өнімділігін жоғарылатуға ынта­ландырып отыр. Әйтпесе екі елдің экономикасы бәсекелес емес, бірін-бірі толықтыратын серіктес. Олай дейтініміз, экономикалық байл­анысты одан әрі нығайту мақ­сатында жасалған жол картасы негізінде бауырлас елдер келешекте тауар айналымын 5 млрд АҚШ долларына жеткізбек.

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,

«Егемен Қазақстан»

Оңтүстік Қазақстан облысы